Орал қаласындағы Достық үйінде БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының этномәдени бірлестікөкілдері және құрылымдық бөлімше қызметкерлерінің қатысуымен «Ұлтаралық келісім ұясы» тақырыбында басқосу өтті.
Дөңгелек үстелде ассамблеялықтар 2022 жылдың 20 қарашасында өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауының маңыздылығына тоқталды. Жиынның тізгінін ұстаған облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Медхат Қамбетов қонақтардың алдағы сайлау жайлы ой-пікірін сұрады. Алғаш боп сөз кезегін алған БҚО ҚХА төрағасының орынбасары, «Вайнах» шешен-ингуш қоғамы» ҚБ төрағасы Данильбек Саратов мемлекеттің тұрақтылығы басшысына тікелей байланысты екенін нақтылап айтты.
– Бүгін сіздермен қауышып отырғаныма қуаныштымын. Бізді алда жауапкершілігі зор сәт, яғни бүтін бір елдің болашағы үшін таңдау жасайтын күн күтіп тұр. Сайлау дегеніміз – азаматтық ұстанымды анықтау. Қаншама ұлт өкілдерін ыстық құшағына сыйдырған мемлекет келешекте ірі жетістіктерге жетеді деп сенемін. Ол үшін иыққа түскен жүкті ешкімге міндет қылмастан, жұмыла жүріп көтерген абзал. Бәріңіздің қызметіңізге сәттілік тілеймін, – деді Данильбек Саратов.
БҚО ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Абат Есенғалиев ұрпақтың кемел келешегін біздің осы таңдауымыз шешеді деген ойын ортаға салды.
– Бұл науқанға бейжай қарамағанымыз дұрыс. Әр қазақстандықтың берген дауысы көп нәрсені өзгертуі мүмкін. Сондықтан сайлауда өз таңдауыңызды жасап, жаныңызда жүрген азаматтардың атсалысуына ықпал етулеріңізді сұраймын. Елдің ертеңі үшін әр қазақстандық үн қосуы керек, – деді Абат Қадимұлы.
Жиынға қатысқан ел азаматтарының ойы бір жерден шығып, түрлі ақыл-кеңес айтылды.
Олардың пікірінше, кез келген тұлғаның жеке таңдауы, көкейіндегі кесімді ойы, шешімі мен көзқарасы өте маңызды. Сонымен қатар қазақстандықтардың ауызбіршілігі ортақ мүддеге жеткізеді. «Aqjaiyq» телеарнасының басшысы, БҚО ҚХА журналистер клубының төрағасы Асыланбек Ғұбашев өз кезегінде сайлау барысында БАҚ өкілдерінің атқарар міндеттері зор екенін және елдің таңдауына енжарлықпен қарамау керектігін атап өтті. Ол сөз арасында «Әділетті Қазақстанда қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті жойып, нағыз әділдікті қалыптастырған жөн» деген пікірін білдірді.
Отырыста жастардың атынан «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдігінің төрағасы Дулат Мақатов сөйлеп, өңір жастарын саяси науқанда белсенді болуға шақырды. Сондай-ақ БҚО ХҚА қалалық шағынаудандар қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Қанат Оразғалиев елдің ертеңін жарқын ету үшін бойымыздағы патриоттық сезімді ояту керектігін қадап айтты.
– Біздің ел ешкімді түр-тұлғасына, нәсіліне, реңіне қарап бөліп- жармайды. Бүгін өңіріміздегі түрлі ұлт өкілдерінің басы қосылып отыр. Сайлауға санаулы күн қалды. Бәріне кең құшағын айқара ашқан Отанымыздың әр жауапты сәтіне бір кісідей атсалысуымыз қажет. Ол үшін үгіт-насихат жұмысын бірлесе жүргізейік. Тату-тәтті қалыпта берекелі ғұмыр кешейік, – деді Қанат Исламғалиұлы.
Аманжол Исламғали,
zhaikpress.kz