18.01.2021, 19:18
Оқылды: 33

Сайын далада сайрап жатыр іздері

Қаншама ұзақ ғұмыр кешкенімен, өмірдің соңына қарай қамшының сабындай болып, шолтаң ете қалатын, көрген түстей жалт етіп өте шығатын жарық дүниені ата-бабаларымыз «жалған» деген бірауыз сөзбен түйіндепті. Күні кеше ортамызда жүрген Абай Иманғалиевтің де өмірден өткеніне сегіз жылға аяқ басқан екен.

 Сайын далада сайрап жатыр іздері

Адамдар арамызда жүргенде мына өмірден өтпейтіндей, ана дүниеге ешқашан кетпейтіндей көрінетіні бар. Сондай жақсы азаматтардың бірі – Абай Сәтиұлы ортамызда аңқылдап жүре беретіндей сезінетін едік. Ғұмырын осыншалықты қысқа қылған жаратқанның  жазуына шара бар ма? Азды-көпті ғұмырында  мағыналы тірлік кешіп, лауазымды басшы қызметтерді атқарған ол көпшілікке адамгершілігі мол, ақкөңіл азамат ретінде танылды. Абай Сәтиұлы туралы сөз болғанда өткен ғасырдың 70-90-жылдары ойға оралады. Оның өмір жолы, өскен ортасы, қай жерде қандай қызмет атқарғаны, замандастары туралы тәптіштеп айтып жату аса маңызды емес те шығар. Өйткені оның бәрі өрде де, төрде де, санада да, санатта да сайрап тұр. Бұл кісіні білетін көпті көрген, өмір сабақтарын түйген адамдарға Абай Сәтиұлы деген аты-жөні қашанда біліктілік пен парасат өлшеміндей көрінеді.

Онымен 2006 жылдан таныспын. Сол жылы наурызда ол Ақжайық ауданына әкім болып тағайындалғанда ауылдық округ әкімі лауазымында қызмет атқарғанмын. Сөйтіп, қоянқолтық, бірлесіп жұмыс істедік.

Тағдыр маған осындай жаны жайсаң, жүрегі жомарт жанмен қызметтес болуды жазды. Халқымызда «Жаңбыр жауса, жер ырысы, жақсы туса, ел тынысы» деген тамаша нақыл бар. Осындай аталы сөз бүкіл саналы ғұмырын  елінің бүгіні мен ертеңіне арнаған, жасаған істері мен айтқандары өнеге, өмірлік іздері сайын далада сайрап жатқан ел азаматына айтылған болса керек. Күнделікті қарым-қатынаста өзінің адамгершілік  қасиеттерімен көпшіліктің ілтипатына ие болған, талайларға үлгі көрсетіп, жас буынға жақсы жол сілтеген Абай Сәтиұлы осындай абзал азаматтардың бірі еді. Қыр-сыры көп мемлекеттік қызметте адамдар тағдырына араласқан кезде таразының басын тең ұстап, адамгершілік қасиеттер қағидасын сақтау – оған тән қасиет болатын. Осындай қиын кездерде жол таба білген ерекше біліктілігін онымен әріптес болған азаматтардың аузынан жиі естиміз.

Мемлекеттік қызметкердің қолы жұмыста, көзі алысты болжайтын барлаушыдай болуы керек. Кем-кетікті қазбаламай, оның алдын алып, түзете білуі керек. Ол қарамағындағылар-мен түсінісіп, жұмыс істеп, адамдарды алаламай, бағалай білді. «Адамды сынап, оның шынайы бет-бейнесін білгің келсе, қолына билік пен байлық беріп көр» деген тұжырым бар. Абай Сәтиұлын осынау қиын сынақтардан сүрінбей өткен  басшы деуге толық негіз бар. Ол мемлекеттік қызметті өзінің жеке басының қамынан жоғары қойды. Лауазымды қызметтер атқарып жүргенде кеудесіне нан пісіп, асқақтап кеткен жоқ, қарапайымда кішіпейіл қалпынан айнымады. Облыстағы жер көлемі үлкен, тұрғындары көп Ақжайықты басқарғанда ауданның ауыл шаруашылығы саласы, соның ішінде мал шаруашылығы қарыштап дамыды. Асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырын, көшім жылқысын өсіретін шаруа қожалықтары көбейді. Ел экономикасына әлемдік қаржы дағдарысы ауыр тиген жылдардың өзінде ауылдық округтерде ауыз су, табиғи газ құбырлары тартылып, пайдалануға берілді. Мұның өзі аудан басшысының шалғай ауылдардағы жаны жабырқаған тұрғындардың жағдайын жетік біліп, сезінгені, қамқорлығы деуге әбден болады. Ауылдық округ орталықтарында мектеп, мәдениет үйі, балабақша күрделі жөндеуден өтіп, іске қосылды. Мысалы, Қарауылтөбе ауылдық округінде орта мектеп, мәдениет үйі, балалар бақшасы ғимараттары 2006-2012 жылдары жаңа кейіпке енді.

Аудан орталығында жаңадан аурухана, М.Әуезов атындағы орта мектептің ғимараттары бой көтерді.

Абай Сәтиұлы ауданға басшы болып келгенде алдына ауқымды мақсаттар қойды. Келешек ұрпақтың ертеңі, Жайық өзенін тел емген елдің жастары үшін қам жасады. Осы бағытта ол өлке түлегі Тілек Ғабдушевті аудан жастары ұйымының жетекшісі етіп қойды. Кейін аудандық ішкі саясат бөлімін басқарды. Қазір ол аудан әкімінің орынбасары қызметінде істейді. Абай Сәтиұлы сондай-ақ осы ауданның азаматы, бүгінде Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рахымжановты алдымен аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшылығына қойып, сосын аудан әкімінің орынбасарлығына тағайындады. Оның ең басты мақсаты – біріктірілген қос аудан халқының, яғни Ақжайық елінің рухын ақиық ақын Жұбан арқылы тұтастыруға күш салу болатын. Ақынның асқақ рухы қазір биіктен қарап, Жайық өзенінің оң жағасында тұрса, мұны Абай Сәтиұлындай басшының көрегендігі деп білуіміз қажет. Бүгінде Ақжайық ауданының халқы бір кісідей Жұбан еліміз деп мақтанады. Ол мәдениет саласына да үлкен мән берді. Өзі де қазақша-орысша ән айтатын. Ауданның түкпір-түкпірінде тарыдай шашылып жүрген ел таныған өнер адамдарын аудан орталығына шоғырландырып, барлық жағдайы жасалған пәтер беріп, оларды жұмысқа орналастыруға күш салды. Соның нәтижесінде Ақжайық ауданының мәдениет саласы бұрын-соңды болмаған дәрежеге жетіп,  республикаға дейін танылды. Жайық өзенінің Бұхар бетіндегі ауылдары мәдениет үйлерінің бүгінгі таңда жаңарып, сыңғырлап тұруы да оның еңбегінің бір көрінісі. Жүрегі елім деп соққан азаматтың Жұбан еліне деген махаббаты алабөтен еді. 2010 жылы ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтің 90 жылдығында Сайқұдық ауылында Жұбан ақынға арналған «Тәу тұғыры» ескерткіші, жаңадан екі қабатты орта мектеп ғимараты салынды. Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Олардың басы-қасында аудан басшысы жүрді. Алдағы уақытта ауданымыз ел-жұрттың қолдауымен Жұбан ауданы атанса – Абай Сәтиұлының бір арманының орындалғаны.

Көшбасшылық қасиет дарыған асыл азаматтың сан қырлы іскерлігі туралы айта беруге болады. Адамға абырой, атақ тек қана елі үшін еткен еңбегінің арқасында келеді. Ерен еңбегін Ақжайық өңіріндегі қалың елдің игілігіне арнаған ол «Құрмет» орденін тағып, Ақжайық ауданының құрметті азаматы атанды. Адам бұл өмірге келеді, кетеді. Алайда дүйім жұрттың есінде мәңгі сақталатын тұлғалар бар. Өмірі – өнеге, тағдыры – тағылым, іздегені – ізгілік, жасағаны – жақсылық, айтатыны – ақиқат болған Абай Сәтиұлындай азаматтың жарқын бейнесі жыл өткен сайын Ақжайық жұртшылығы үшін сағынышқа айнала бермек.

 

 Ғиззат Ихсан,

 Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале