24.02.2026, 12:00
Оқылды: 17

Сәкен мектебіндегі стартаптар

Қазіргі жалпы орта білім беру жүйесінде оқушылардың ғылымға қызығушылығын арттыру – басты бағыттардың бірі. Осы үдерісте дарынды балаларға арналған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты алдыңғы қатардан көрініп келеді. Ғылымға ден қойған жас зерттеушілердің  жетістігі  –  соның  айғағы.

502a949f-c4ec-49d5-928d-ae9cad267a96

– Ғылыми жоба – оқушының сабаққа деген ынта-ықыласынан туындайтын жұмыс. Жоба жұмыстары оқу жылының ортасынан басталады. Алдымен мектепішілік кезеңде үздік жұмыстар іріктеліп, қыркүйекте облыстық байқауға жолданады. Жүлделі орын алғандар арнайы тестілеуден өтіп, республикалық кезеңге қатысу мүмкіндігіне ие болады. Биыл мектептен жеті жоба республикаға ұсынылды. Айта кетерлігі, ғылыми жобаларға оқушылар жеке қатысып, өз еңбегін өздері қорғайды. Мектеп жетістігі де жыл сайын артып келеді. Өткен жылы екі оқушы республикалық байқаудан жүлделі үшінші орын алып, білім ошағының мерейін үстем етті. Биылғы облыстық ғылыми жобалар байқауында жеңіске жеткен шәкірттеріміз республикалық кезеңде бақ сынайды, – дейді дарынды балаларға арналған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Налия Мынжасова.

он жакта Едил

Еділ Ерболат, 11-сынып оқушысы:

– Сыныптасым Нұралы Нығметжан екеуміздің ғылыми жобамыздың тақырыбы – химия кабинеті зертханасына арналған «Lab-Protector» робот деп аталады. Бұл – химиялық зертханалардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған арнайы қорғаныс роботы.

Жобаны бастауға зертханадағы тәжірибе кезінде туындайтын қауіп себеп болды. Химиялық реакциялар барысында ауаға түрлі улы газдардың бөліну ықтималдығы бар екенін байқадым. Әсіресе, спирт пен әртүрлі химиялық қосылыстар әрекеттескен кезде адам ағзасына зиян келтіретін газдар таралуы мүмкін. Мұндай жағдайлар кейде улану қаупіне дейін жеткізеді. Осы мәселенің алдын алуға болатын қарапайым әрі тиімді шешім жасағым келді. Осылайша «LabProtector» роботының идеясы дүниеге келді. Робот зертхана ішінде жұмыс істейді. Арнайы компьютерге қосылады. Құрылғы Arduino платформасы негізінде жасалған датчиктермен жабдықталған. Олар ауа құрамындағы өзгерістерді анықтап, қауіпті газ байқалған сәтте бірден белгі береді. Қауіп анықталған жағдайда робот қызыл жарық жағып, дыбыстық сигнал шығарады. Бұл зертханада отырған адамдарға дер кезінде ескерту жасап, қауіпсіздік шараларын орындауға мүмкіндік береді. Мысалы, бөлмені желдету, терезені ашу немесе уақытша сыртқа шығу сияқты әрекеттерді жылдам жасауға жағдай туғызады. Сыныптасым екеуміздің жұмысымыз 10-сыныптың ортасында басталып, бір жылға жуық уақыт бойы жетілдірілді. Алдымен мектепішілік кезеңнен өтіп, кейін облыстық ғылыми жобалар байқауына қатысып, жүлделі үшінші орынға ие болдық. Қазір республикалық кезеңге дайындалудамыз. Жобаның басты ерекшелігі – оның қолжетімділігі. Роботты құрастыру үшін аса қымбат құрылғылар қажет емес. Сондықтан мұндай қауіпсіздік жүйесін кез келген мектеп зертханасында қолдануға болады деп ойлаймын.

Қазіргі уақытта робот мектеп зертханасында тәжірибелік түрде пайдаланылып жүр. Құрылғы метан, көмірқышқыл газы және иіс газын анықтай алады. Бұл – алғашқы нәтиже ғана. Алдағы уақытта жобаны әрі қарай жетілдіреміз.

Айасыл Бауыржанкызы

Айасыл Бауыржанқызы, 11-сынып оқушысы:

–  Менің жобамның тақырыбы – AYUL CAMP деп аталады. Бұл идеяның пайда болуына қарапайым мәселе себеп болды. Көптеген оқушы демалыс уақытын тиімді пайдалана алмайды. Көп жағдайда олар не істерін білмей, уақытын телефонға үңілумен өткізеді. Осыны көрген соң, жастардың бос уақытын пайдалы арнаға бұруға болатын жүйелі жоба жасау туралы ой келді. Осылайша оқушылардың демалыс кезеңдерін тиімді ұйымдастыруға арналған лагерь жобасын жасадым. Негізгі мақсатым – демалысты дамуға айналдырып, төрт циклді қамтитын білім беру лагерін ұйымдастыруға негізделген. Бұл лагерь тек жаз мезгілінде ғана емес, мектептегі барлық демалыс уақытында жұмыс істейді. Әр оқушы лагерьге онкүндік кезеңмен келіп, әр демалыс сайын өз жобасын дамытып отырады.

Алғаш келген кезде қатысушылар өз жобасының тақырыбын таңдайды. Кейін әрбір демалыс барысында сол жобаны жетілдіріп, біртіндеп толыққанды идеяға айналдырады. Яғни демалыс – жай тынығу емес, өзін дамыту кезеңіне айналады. Лагерь жұмысына тәжірибесі бар мамандарды тарту жоспарланған. Ғылыми жобамен айналысқан жастар, түрлі саладағы тәжірибелі мамандар оқушыларға бағыт-бағдар беріп, кеңесші ретінде жұмыс істейді. Бұл оқушыларға өз идеясын кәсіби деңгейде дамытуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жобадағы ең маңызды бағыттардың бірі  –  ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Жастар тек заманауи білім алып қана қоймай, өз тарихын, мәдениетін, қазақи болмысын түсінуі керек деп ойлаймын. Қазіргі заман – әлеуметтік желілер дәуірі. Сондықтан лагерь қатысушылары жобаларын таныстыруды, маркетинг жоспар жасауды, цифрлық платформалар арқылы аудиториямен жұмыс істеуді үйренеді. Бұл олардың кәсіпкерлік ойлау қабілетін қалыптастырады. Наурыз айында барлық жоба толық аяқталып, үлкен фестиваль ұйымдастырылады. Фестивальге инвесторлар мен кәсіпкерлер шақырылып, оқушылар өз жұмыстарын стартап ретінде ұсынады. Осы арқылы жастар өз идеясын нақты жобаға айналдыру мүмкіндігіне ие болады. Жобаның экономикалық моделі де қарастырылған. Лагерьге келген әр оқушы жарна төлейді. Сол қаражат лагерьдің негізгі шығындарын өтеуге бағытталады. Ал оқушылар жасаған үздік  жобаларды  патенттеу  жоспарланды.

Руслан Толеуов

Руслан Төлеу, 11-сынып оқушысы:

– Ғылыми жобамның тақырыбы – «Seize The Time» атты танымдық компьютерлік ойын деп аталады.  Бұл жобаны қолға алудағы басты мақсатым – қазіргі жастардың қызығушылығын тиімді арнаға бұрып, ойын арқылы тарихи білімді меңгерту. Ойын атауының шығу тарихына тоқталсам, ол «уақытты бағындыру» немесе «уақыт ағынын игеру» деген мағынаны білдіретін ұғымдардан алынған. Яғни ойынның негізгі идеясы – уақытпен байланыс. Ойынның басты кейіпкері – уақыт саяхатшысы. Ол өткен дәуірлерге сапар шегіп, сол кезеңдегі адамдардың өмірін бастан өткереді, тарихи оқиғалардың куәсі болады. Ғылыми жобамның өзектілігі бүгінгі қоғамдағы маңызды мәселемен байланысты. Қазіргі жастардың көпшілігі бос уақытын компьютерлік ойындармен өткізетіні белгілі. Мен бұл мәселені ойынға тыйым салу арқылы емес, керісінше, ойынды білім алудың тиімді құралына айналдыру арқылы шешуге болады деп ойладым. Сондықтан тарихи білімді қызық әрі жеңіл сипатта жеткізетін ойын жасауды мақсат еттім. Ойын барысында ойыншы күрделі тарихи деректерді жеңіл түрде меңгере алады. Мысалы, алғашқы деңгейлердің бірінде Қазақстан тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі – «Ақтабан шұбырынды» дәуіріне қатысты тапсырмалар қамтылған. Ойыншы тарихи кейіпкерлермен кездесіп, тапсырмаларды орындау арқылы жаңа мәліметтер алады және оқиғалардың мәнін тереңірек түсінеді.  Жобаның алғашқы нұсқасы ағылшын тілінде дайындалды. Кейін оны қазақ және орыс тілдеріне бейімдеуді бастадым. Бұл жұмысты өзім жеке жүзеге асырып келемін. Бұл іспен өткен жылдың қаңтар айынан бастап айналысып жүрмін. Ойынды алдымен достарыма тест ретінде ұсынып көрдім. Олар жобаның қызықты әрі пайдалы екенін айтып, өз пікірлерін білдірді. Қазіргі кезде бағдарлама әлі де жетілдіру  кезеңінде. Алдағы мақсатым – барлық тілдік нұсқаларын толық аяқтап, ойынның мазмұнын кеңейту. Менің ойымша, бүгінгі балаларды компьютерден толықтай алыстату мүмкін емес. Сондықтан олардың қызығушылығын ұлттық құндылықтар мен тарихты танытатын мазмұнды ойындарға бағыттау маңызды. Осы жоба арқылы жас ұрпақ уақытты тиімді пайдаланып қана қоймай, өз елінің тарихын да тереңірек  танып  біледі  деп  сенемін.

Арнур Ахметжан

Арнұр Ахметжан, 11-сынып оқушысы:

– Ғылыми жобамның тақырыбы – астық қалдықтарын қайта өңдеу. Бұл жобаны қолға алуыма күнделікті өмірде жиі байқалатын бір мәселе себеп болды. Біз көбінесе астықтан жасалған тағам қалдықтарын тиімді пайдаланбаймыз. Нанның қалдығы, печенье, түрлі жармалар – қарақұмық секілді өнімдердің қалдықтары көбіне жануарларға ретсіз беріледі немесе кей жағдайда қоқысқа тасталады. Ал мұның экологияға да, экономикаға да зиян келтіретіні белгілі. Осы жағдайды күнде көріп жүргесін астық қалдықтарын қайта өңдеп, пайдалы өнімге айналдыру идеясы пайда болды. Менің жобам астықтан жасалған барлық тағам қалдықтарын жинап, оларды арнайы өңдеу арқылы жануарларға арналған экологиялық таза жем дайындауға негізделген. Жоба аясында қалдықтардан «суперфуд» немесе талқан-жемге ұқсас өнім алу ұсынылады. Бұл өнім қайта өңдеу арқылы дайындалады және мал мен жануарларға азық ретінде пайдалануға болады. Қазіргі таңда адамдар ас қалдықтарын көбінесе пайдасыз зат ретінде қабылдайды. Ал шын мәнінде, дұрыс технология қолданылса, қайта пайдалануға болатын ресурс. Жобада басты рөл атқаратын құрал – арнайы престеуші аппарат. Бұл құрылғының ішінде бірнеше механизм қарастырылған. Үгіткіш бөлігі, престеу жүйесі және су құюға арналған арнайы қойма. Барлық процесс бір аппараттың ішінде жүзеге асады. Жиналған астық қалдықтары осы құрылғыға салынып, өңдеуден өткеннен кейін шағын көлемдегі дайын өнім ретінде шығады. Нәтижесінде кебекке немесе талқан-жемге ұқсас азық алынады. Қазіргі уақытта бұл аппараттың үлгісін үй жағдайында қолмен жасап көрдім. Құрылғының жұмыс істеу принципі зерттеліп, тәжірибе жүзінде тексерілді. Ал болашақта оны толыққанды техника ретінде жасап шығару жоспарланып отыр. Жобаның тағы бір мақсаты – оны мектеп деңгейінде жүзеге асыру. Егер мұндай құрылғы мектепке орнатылса, асханадан шыққан тағам қалдықтары арнайы жиналып, қайта өңделер еді. Осы арқылы оқушылар тек экологиялық мәдениетті үйреніп қана қоймай, кәсіпкерлік негіздерін де меңгереді. Өңделген өнімді сатуға болады, ал түскен қаражат мектеп қажеттілігіне жұмсалады. Мысалы, оқушылардың техникасын жаңартуға немесе білім беру құралдарын сатып алар еді. Мен дайын өнімді тәжірибе ретінде жануарларға беріп көрдім. Сиыр, жылқы, қой, ешкі секілді төрт түлік мал бұл жемді жақсы жеді. Хайуанаттар бағына ұсынып көргенімде жануарлардың басым бөлігіне азық ретінде ұсынуға болатыны, тек мысық тұқымдас жануарлар мұндай тағаммен қоректенбейтіні анықталды. Бұл да зерттеу барысында алынған маңызды тәжірибелік қорытындының бірі. Өнімді болашақта зоопарктерге немесе ауыл шаруашылығы саласына ұсынуға болады деп есептеймін. Менің жобам  экологиялық бастама ғана емес, әлеуметтік әрі экономикалық пайда әкелетін жүйе бола алатынына  сенемін.

80116b4c-dc23-444a-9ba6-b1e9071b5d28

Сағи  Бақтияр, 7-сынып  оқушысы:

– Менің жобам «Crafted Glass» – «Қайта туған шеберлік зерде» деп аталады. Бұл идея маған көшелерде, қоқыс контейнерлерінде жатқан шыны бөтелкелер мен банкаларды көрген кезде келді. Табиғатта ұзақ уақыт ыдырамайтын шыны қалдықтарына неге екінші өмір сыйламасқа деген ой мені осы бастамаға жетеледі. Жобамның негізгі мақсаты – тұрмыстық шыны қалдықтарын қайта өңдеп, олардан пайдалы әрі сәндік бұйымдар жасау. Алдымен жиналған шыны ыдыстарды арнайы тәсілмен үгітемін. Кейін өңделген материалдан сабын салғыштар, интерьерге арналған әшекейлер, мерекелік кәдесыйлар мен сыйлықтар дайындауға болады. Мұндай бұйымдарды жақындарыма тарту етіп қана қоймай, шағын кәсіп көзіне де айналдыруға мүмкіндік бар деп есептеймін. Бұл жоба арқылы мен екі мәселені шешкім келді. Біріншіден, қоршаған ортаны ластайтын қалдық көлемін азайту. Екіншіден, креативті ойлау мен қол еңбегін ұштастырып, экологиялық мәдениетті насихаттау. Себебі шыны – табиғатта өте баяу ыдырайтын материал, ал оны қайта пайдалану – ресурсты үнемдеудің тиімді жолы. «Crafted Glass» мен үшін жай ғана ғылыми жоба емес. Бұл – экологияға жанашырлық танытып, қоғамға пайдалы іс жасауға деген талпынысым. Қарапайым шыны қалдығы шеберлік пен ізденістің арқасында жаңа сапаға ие болып, әдемі әрі кәдеге жарайтын бұйымға  айнала  алатынын  дәлелдегім  келеді.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале