8.08.2022, 11:45
Оқылды: 74

«Сал-дәурен самалы»

Осындай атаумен Қадыр Мырза Әли  атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында «Ауылдағы ардақтылар» жобасы аясында айтыскер ақын, сазгер, әнші-термеші Сәрсенғали Бисенғалиевтің 70 жас мерейтойына  орай кездесу кеші өтті.   

6da5bf36-0049-4413-9235-ea27f698033e

Ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, өнер иесінің шығармашылығын насихаттау мақсатында өткен кеш  шымылдығын ашқан аталмыш орталықтың басшысы Бауыржан Халиолла мерейтой иесінің иығына шапан жауып, арнайы сыйлығын табыстады.

Ауылда жүріп айқайлап атақ сұрамай-ақ, өзінің өнерімен елдің ықыласына бөленген жандардың бірі – Сәрсенғали ағамыз. Өнердің бар саласы бір бойынан табылатын ағамыз жетпіс жасқа елдің алдындағы парызын өтеп жүріп жеткен азамат. Ғибратты ғұмыры бәрімізге үлгі болған ағамыз жүзден ассын деп тілеймін, – деді  Бауыржан  Ергенұлы.

Орал қаласының әкімі Миржан Сатқановтың алғысхатын табыстау үшін келген қалалық мәслихат хатшысы Есентай Қалиев және қалалық мәслихат депутаты Арман Бегалиев өнер иесін 70 жасымен  құттықтады.

Жас буынға өнеге болатын осы кеште сазгердің сырлы әндері шырқалып, сан қилы өмір жолдары мен ел аузында жүрген естеліктер айтылды. Сонымен қатар ақын-сазгер Сәрсенғали Бисенғалиев өзінің туған жерінің қадірі жайында сөз қозғап, балалық шағындағы біраз қызықты сәттерді есіне алып, елмен бөлісті. Шуақты шақтарын өлеңімен өрнектеп жүрген ақынды облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов құттықтап, жылы  тілегін  жолдады.

– Жұртының алғысын алып жүрген айтыскер ақын өзінің жан-жақтылығымен топ ішінде дараланады. Себебі бойына жеті өнерді аздық еткен азамат қызметін де өнермен ұштастырып, көңілдің құлпын ашар талай туындыны жарыққа шығарды. Сонымен қатар қазақтың айтыс өнерінде де өз қолтаңбасын қалдырған ақынның алған асуы, бағындырған белесі аз емес, – деді Сайран Темірғалиұлы.

Кеш барысында ақынның бар мұңы мен сырын бөліскен жан досы, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші, термеші Қатимолла Бердіғалиев сахна төрінде Сәрсенғали сазгердің әндерін орындады. Халқының қалаулысы болған азаматты құттықтап келген үзеңгілес жолдастары мен өнердегі ізбасарларының ақжарма тілегі кеш иесінің ел алдындағы абыройын асқақтата түскендей.

     Аманжол Рахымжанұлы,

zhaikpress.kz         

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале