11.08.2022, 10:00
Оқылды: 80

Салалық кәсіподақ пен «зениттіктер» арасындағы дау

Еліміздің бас қаласындағы «Машина жасаушылар салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі мен «Орал «Зенит» зауыты» АҚ арасында дау қызып барады. Машина жасаушылар салалық кәсіптік одағы «Зениттен» 2014 жылдан бастап аударылған 187 млн теңге сомасындағы аударымдарды қайтаруды, оның ішінде зауыттың кәсіподақ ұйымына бұрыннан бері аударылған аударымдарды өндіруді талап етіп отыр. Тамыздың 8-інде БҚО бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында осы мәселе бойынша сотқа дейінгі тыңдалым өтті. Онда екі тарап уәждерін айтып, бір-біріне сұрақтарын қойды.

8

Фотосурет: baq.kz

«Зенит» зауытының бас директоры В.Валиевтің айтуынша, салалық кәсіподақ басшылығы жұмыс берушінің аударымдары мен қызметкерлердің жарналары бойынша қарыздарды өтеуді талап етіп отыр. Алайда зауыт жұмысшылары бұл талапқа келіспейді.

– Біз, яғни «зениттіктер», әлеуметтік серіктестікті өзара ынтымақтастық, келіссөздер, мәселені ретпен шешу деп түсінеміз. Ең бастысы, бәріміз кәсіпорындағылардың мүддесі үшін жұмыс істейміз. Ал қазір салалық кәсіподақ не істеп отыр? Олар машина жасайтын кәсіпорындардың үстінен сотқа талап-арыз бере бастады. Олар бұл ісін «кәсіподақ мүшелерінің қамы үшін» деп түсіндіреді. Алайда біздің кәсіподақ мүшелерінің тарапынан ешқандай арыз-шағым жоқ. Еңбек инспекциясына да ұжымнан ешбір арыз жолданбады. Еңбек инспекциясы машина жасаушылар салалық кәсіптік одағының арызы бойынша біздің зауытты тексерді. Нәтижесінде «зауытта еңбек заңнамасы бұзылғанын анықтауға негіз жоқ» деп акт жазып берді. Мемлекет басшысы 2013 жылы республикалық «Парыз» конкурсында зауыт ұжымын «Үздік ұжымдық келісімшарт» аталымы бойынша марапаттаған еді. Содан бері жыл санап ұжымның береке-бірлігі артып келеді. Ұжымдық келісімшартта ұжымды әлеуметтік қолдау жөнінде арнайы пункт бар. Соған сәйкес еңбекақы қорындағы қаражаттың 1 пайызын әлеуметтік қолдауға бөлеміз. Бұл қаражат зауыттағы мәдени-көпшілік іс-шараларға, материалдық көмекке, қайырымдылыққа, ардагерлерге көмектесуге жұмсалады. «Зенит» зауыты осы іс-шаралар үшін 2014 жылдан бері 102 млн теңге жұмсады. Біз бұл қаражатты зауыттың бастауыш кәсіподақ ұйымына аудардық. Әлеуметтік қолдауға бөлінген қаражаттың кәсіп-орындағы бастауыш кәсіподақ ұйымына аударылу керек екені салалық келісімдерде тайға таңба басқандай етіп жазылған. Мұны Индустрия және индустриялық-инновациялық даму министрлігі мен «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ да жазбаша растады. Алайда салалық кәсіподақ еңбекақы қорындағы қаражаттың 1 пайызын өздеріне аудару керек деп есептейді. Әрине, бұл дұрыс емес. Себебі әлеуметтік қолдау мен материалдық көмек ең бірінші еңбек етіп, ақша тауып жатқан зауыт жұмысшыларына қажет емес пе? – деді Вячеслав Хамзиевич.

Зауыт директорының айтуынша, зауыт маусымның 14-інде аталмыш кәсіподаққа салалық кәсіподақтың кезектен тыс сиезін шақыру жөнінде талап жолдаған. Сиездің күн тәртібінде қаралатын мәселенің бірі ретінде «кәсіподақ төрағасының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуды» ұсыныпты. Келесі күні салалық кәсіподақ басшылығы зауыттағы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасынан сенімхатын қайтарып алған.

– Сондай-ақ салалық кәсіподақ 15 маусымда «Орал «Зенит» зауытына» сотқа дейінгі талап-арызын жолдады. Сосын машина жасау және қорғаныс өнеркәсібі салаларындағы салалық келісімдерде көзделгендей, 2014 жылдан бастап аударылған 187 млн теңге сомасындағы аударымдарды қайтару жөнінде, оның ішінде салалық кәсіпорынның филиалы – зауыттың кәсіподақ ұйымына бұрыннан бері аударылған аударымдарды өндіру туралы сотқа талап-арыз түсірді. Кәсіподақ талап еткен сома зауыттың 2021 жылы алған таза табысынан екі есе асады және оның иелігінде қалған таза кірістен жеті есе көп. Алайда 750-ге жуық адам жұмыс істейтін зауытта мұндай қаражат жоқ. Себебі біз мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін болсақ та, кіріс өте аз. Қазір зауыттың кәсіподағы жұмыс істемейді. Ал сонда жұмысшыларға қамқорлық таныту, көмектесу қайда қалды?

«Зенит» зауытында 2 тамызда кәсіподақ конференциясы өтті. Осы басқосудан соң, бәріміз салалық кәсіподақтың іс-әрекетіне бірауыздан дұрыс емес деген баға бердік. Бәріміз салалық кәсіподақ құрамынан шығып кеттік. Мен осы жиында кәсіподақ конференциясына қатысушылардың атынан әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік  еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның төрағасы Е.Тоқжановқа үндеу жолдауды ұсындым. Бұл кісі Премьер-министрдің орынбасары. Үндеуде салалық кәсіподақ көтеріп отырған мәселелерге қатысты сауалдарымызды жолдап, үшжақты комиссияның тиісті шешім шығаруын сұрадық. 2020-2022 жылдарға арналған салалық келісімдерді заңсыз деп тану қажет екенін айттық. Бұл үндеуге конференцияға қатысушалардың барлығы қол қойды. Біз, «зениттіктер», әділ, тәуелсіз сотқа үміт артамыз, – деді зауыттың бас директоры.

Вячеслав Хамзиевич сотқа дейінгі тыңдалым барысында 2014 жылдан бергі бар-
лық төлемдердің жасалғанын, бірлескен келісімдердің толықтай орындалғанын растайтын құжаттарды ұсынды.

Т.Қазанғапов төрағалық ететін «Машина жасаушылар салалық кәсіптік одағы» ҚБ-ның сотқа жолдаған талап-арызында зауыттың салалық шартта көзделген берешек аударымдарын өндіру туралы жазылған. Талап-арызда ҚР «Кәсіптік одақтар туралы» заңның 13-бабының 4-тармағы 1-тармақшасына сәйкес, салалық кәсіподақтың негіз-гі функцияларына өз мүшелерінің, мүшелік ұйымдарының еңбек және әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін білдіру, қорғау жататыны жазылған. Осылайша талапкер кәсіподақ мүшелерінің еңбек және әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғайды. Жоғарыда аталған заңның 25-бабының 3-тармағында келісімдерде немесе ұжымдық шартта көзделген жағдайларда, жұмыс беруші кәсіподаққа мәдени-бұқаралық және дене шынықтыру-сауықтыру жұмысын ұйымдастыруға ақша аударатыны көзделген.

Сотқа дейінгі тыңдалымда салалық кәсіподақтың құқықтық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Әнуар Айтмурзин сөз алды. Оның баяндауынша, уәкілетті органда 2014 жылғы 22 сәуірде №130 тіркелген 2014-1016 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының машина жасау саласындағы салалық шартының 11.8 және 12.5 тармақтарына сәйкес мынадай аударымдар көзделген: спорттық, мәдени-бұқаралық іс-шараларды қаржыландыруға, балалар мекемелеріне (мектепке, балалар үйіне, спорт клубына және басқаларға) демеушілік көрсетуге, мұқтаж қызметкерлерге материалдық көмек беруге ұйымның еңбекақы қорының кемінде 1 пайызы; кәсіподақты қаржылай қолдау мақсатында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша республикалық салалық шолуды, ұйымдар арасында кәсіптік шеберлік конкурстарын ұйымдастыруға кемінде 0,2 пайызы көзделген. Жоғарыда аталған аударымдар бойынша ұқсас нормалар 2017-2019 жылдарға және 2020-2022 жылдарға арналған салалық келісімдерде бекітілген. Алайда жауапкер, яғни «Орал «Зенит» зауыты» шарттың аталған тармақтарын бұза отырып, ұсталған сомаларды талапкердің банктік шотына аудармаған.

Талапкер биыл 15 маусымда жауапкерге салалық шарт бойынша міндеттемелерді орындау және қарызды өтеу туралы талап-арыз жолдаған. Бірақ жауапкер еңбек дауын бейбіт жолмен шешуден және салалық келісімнің талаптарын орындаудан бас тартқан. Салалық кәсіподақ басшылығы барлық мән-жайды саралай келе, сотқа жауапкерден талапкердің пайдасына өндіріп алу жөнінде өтініш білдірген. Онда: «1. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, ҚР АК 8, 9 және 188-баптары, ҚР АПК 148-бабы бойынша жауапкерден талапкердің пайдасына 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап 2020 жылға дейінгі кезеңге еңбекақы төлеу қорының 1% бойынша 92 963 240 теңге қарыз сомасын өндіріп алу. 2. Жауапкерден талапкердің пайдасына 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап 2020 жылға дейінгі кезеңге 18 592 648 теңге жалақы қорының 0,2% мөлшерінде берешек сомасын өндіру. 2. Жауапкерден талапкердің пайдасына еңбекақы төлеу қорының 1% бойынша 63 496 322,08 теңге мөлшерінде өсімпұл сомасын және 0,2% бойынша 12 699 264,42 теңге өсімпұл сомасын өндіріп алу» деп жазылған.

Талапкердің сөзінше, салалық кәсіподақ бұл қаражатты ең алдымен кәсіподақ мүшелері – жұмысшылардың мүддесі үшін өндіріп алмақ. Салалық келісімде жұмыс берушілер ретінде «Атамекен» ҰКП және «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ қарастырылған, әрі оған қол қойған. Бұл заңмен бекітілген де. Талапкер заң бойынша жұмыс берушінің ұжым мүшелеріне ықпал етуге, оларды кәсіп-одаққа кіруден бас тартуға немесе одан шығуға мәжбүрлеуге құқығы жоқ екенін айтты.

Қос тараптың арасындағы дауға төрелік ететін сот отырысы тамыздың соңына белгіленді.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале