15.08.2024, 13:00
Оқылды: 189

Салғырттық обырға сеп немесе папиллома вирусы қатерлі ісікке душар етеді

Қыркүйек айында еліміз бойынша жатыр мойны обырына душар ететін Адам папиллома вирусына қарсы 11 жастағы қыз балаларды вакциналау басталады. Адам папиллома вирусы қандай сырқат? Екпенің тиімділігі қандай? Неліктен бұл екпе қыздарға тек 11 жастан бастап егіледі? Облыстағы ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізіле бастады ма? Осы тақылеттес сауалдардың жауабын облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтың төрағалығымен өткен жиында сала мамандары айтты.

71C93490-DE1F-494E-A0C2-5BD63F7AF720

Облыс әкімдігінің «Астана» залында ұйымдастырылған жиынға облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық білім басқармасының басшылық құрамы, Орал қалалық емханалардың директорлары мен сала мамандары қатысты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Айнаш Ғұбайдуллинаның мәліметінше, аталмыш вакцина жатыр мойны обырынан болатын аурушаңдықты азайту мақсатында ҚР Ұлттық екпе күнтізбесіне енгізілген. Қыркүйек айынан бастап 11 жастағы қыздарды АПВ (Адам папиллома вирусы) жоғары онкогенді түрлеріне қарсы 4 валентті вакцинамен егу жоспарлануда. АПВ вакцинасы 6 айлық аралықпен 2 рет егіледі. АПВ-ға қарсы 4 валентті вакцина 6, 11, 16, 18 типті антигендерінен тұрады. Қолданыстағы вакцинаның тиімділігі өте жоғары.

Адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау ата-аналардың ақпараттық келісімімен, тегін жүргізілетін болады. АПВ вакцинациясын енгізу үшін өңірде жұмыс тобы құрылып, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен екпе бойынша аймақтық жаттықтырушылар және медициналық ұйымдардағы жауапты тұлғалар анықталған. Бүгінде БҚО-да АПВ-ға қарсы екпені 11 жастағы 5805 қыз алады деп жоспарланып отыр.

Қалалық, аудандық ауруханалардың медициналық қызметкерлері ZOOM арқылы оқыту семинарларына қатысқан. Медициналық қызметкерлерге 38 семинар, 15 тренинг өткізіліп, барлығы 1900-ге жуық медқызметкер оқытылған.

Мұғалімдер арасында 31 семинар және 11 жастағы қыздардың 289 ата-анасына жиын өткізіліпті.  

5D5A6676-AA15-4585-95ED-170277718C60

– Папиллома вирусы (АПВ) – жыныстық жолмен берілетін және тұрмыстық байланыс кезінде (қоғамдық орындарда, яғни монша, спорт залы, бассейн, т. б.) жұғатын инфекция. Ауру әдетте адамдарға симптомсыз жұғады. Ғалымдардың зерттеуінше, АПВ инфекциясы барлық қатерлі ісіктің шамамен 5 пайызын тудырады. Оның ішінде ең көп таралғаны – жатыр мойны обыры. Сонымен қатар бұл вирустың салдарынан ерлер мен әйелдерде сирек кездесетін өзге де қатерлі ісік аурулары пайда болады. Ал вакцинация – АПВ инфекциясының, жатыр мойны обырының және АПВ-мен байланысты басқа да қатерлі ісіктердің алдын алудың тиімді жолы. Аталған екпе қыздарға 11 жасында салынады. Себебі, вакцинаның ережесі бойынша қыз балалар жыныстық белсенділікке кіріскенге дейін, яғни ерте жасында егілуі керек. Адам папилломасы вирусы инфекция жұқтырған адамның терісінен, шырышты қабаттарынан немесе денесінен бөлінетін сұйықтықтары арқылы таралады. АПВ-ның 30-ға жуық түрі жыныстық жолмен беріледі. Қазақстанда жатыр мойны обыры құрылымы жағынан әйелдердегі сүт безі қатерлі ісігінен кейінгі 2-орында тұр. Қатерлі ісіктерді ерте анықтау кезеңдерінің бірі – скринингтік бағдарламалардан өту және АПВ-ға қарсы вакцинация болып табылады. Папилломовирустық инфекцияда ұзақ уақыт бойы клиникалық көріністер болмауы мүмкін. Аурудың инкубациялық кезеңі бірнеше жылға созылып, оның барысында пациент вирустың әртүрлі түрлерін жұқтыруы мүмкін. Тек қоздырушы факторлардың әсерінен (иммун тапшылығы, гипотермия, стресстік жағдайлар) АПВ инфекциясының белгілерін байқауға болады. Жатыр мойны обыры «жасарып» барады, егер бес жыл бұрын бұл ауру 30-50 жас аралығындағы әйелдерде анықталса, қазір онкологиялық патология тіпті 20 жастағы қыздарда да кездесіп жатады, – деді облыстық онкологиялық диспансері директорының орынбасары Нұрлан Төлемісов.

Иммунопрофилактика туралы күнтізбелік жоспарға сәйкес, екпе алмаған балалар мектепке дейінгі мекемеге жіберілмейді. Алайда денсаулық жағдайына байланысты вакциналауға тыйым салынғандарға мұндай тәртіп қолданылмайды. Жиында бұл мәселе де талқыланды.    

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бисенбек Насимуллиннің айтуынша, жоспарлы профилактикалық екпе алмаған балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға жіберу қағидалары және ұжымдық иммунитеттің шекті деңгейі туралы ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 20 желтоқсандағы №ҚР ДСМ-289/2020 бұйрығымен айқындалған. Осы бұйрықтың талаптарына сәйкес тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдердің немесе өзге де себептер болмаса, балалар профилактикалық екпе алуы тиіс. Мектепке дейінгі ұйымдар топтарында ұжымдық иммунитетке қол жеткізу үшін топтағы екпе алған балалардың үлесі 90% болуы керек. Егер вакцина алмаған балалар саны 10%-дан асып кетсе, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 85-бабының 11-тармағына сәйкес баланы қабылдаудың күші жойылады (жоспарлы профилактикалық екпе алмаған балалардың 10%-дан астамы).

Мысалы, егер топта 25 бала болса, онда 10%-ы екі сәби болды делік, онда 3-ші бала мектепке дейінгі ұйымдарға жіберілмейді. Бұл талаптар ата-аналар мен балалардың конституциялық құқықтарына нұқсан келтірмейді. Өйткені ҚР Конституциясына сәйкес мемлекет тек тегін орта білімге кепілдік береді. Вакцинацияланбаған балаларды балабақшаға кіргізбеу талабы тек мектепке дейінгі ұйымдарға қолданылады.

– Бүгінде адам папиллома вирусын жұқтырмаудың және жатыр мойны обырының алдын алудың жалғыз әдісі – вакцинация болып отыр. Өңірдегі барлық мектепте Адам папиллома вирусының қаупі, екпенің тиімділігі төңірегінде ата-аналармен кездесулер ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жедел жүруі тиіс. Екпенің маңызы туралы қыз өсіріп отырған әр ана білуі керек. Бұл жұмыстарды облыстық білім басқармасы бақылауға алсын. Сондай-ақ қалада, ауылда билбордтар ілініп, жергілікті БАҚ құралдарында обырдың, яғни онкологиялық аурулардың алдын алу, 11 жастағы қыздарға салынатын вакцинаның пайдасы төңірегінде ақпараттар жариялансын. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының жауапты мамандары екпе жүргізетін орындарды тексеріп, медицина мамандарының дайындығын пысықтау секілді жұмыстарды қадағаласын, - деді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов жиынды қорытындылап.

Сондай-ақ ол жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктеп, апта сайын орындалу барысын қадағалайтынын жеткізді.

Гүлсезім Бияшева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале