Жуырда Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың тарихи-этнографиялық музейінде «Қош келдің, әз Наурыз!» атты мерекелік іс-шара өтті. Аталмыш іс-шараны «Наурызнама» онкүндігі аясында «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр» күніне орай қалалық мәдени-ағарту бірлестігіне қарасты «Өркен» комьюнити орталығы мен аталмыш университет жанындағы музей бірлесіп ұйымдастырды.

- Шетсіз-шексіз сайын даланы мекендеген қазақ халқы наурыз айында қыстың қақаған аязынан аман шыққанына шүкір айтып, бір-бірімен көрісіп, арқа-жарқа болатын көктемнің ерекше мерекесін қарсы алады. Наурыз – біздің тарихымыздың, салт-дәстүріміздің, ұлттық болмысымыздың айқын көрінісі. Бүгінгідей іс-шараны ұйымдастырып, ұрпаққа үлгі боларлықтай салт-дәстүрді жаңғыртқандарыңызға, түсіндіргендеріңізге мың алғыс. Жер-әлемге шуағын төгіп, тіршілікті түлетіп келетін әз Наурыз құтты болсын! – деді облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Нұржан Дүзбатыр.
Одан кейін Орал қалалық мәслихатының депутаты Ақылбек Сұлтанов, Деркөл кенті әкімінің орынбасары Роман Жумиев және «Мәдени-ағарту бірлестігі» әдістемелік бөлімінің басшысы Анаргүл Бимұханова жиналған қауымды құттықтады.

– Бұл мерекелік іс-шараның негізгі мақсаты – халқымыздың салт-дәстүрлерін жаңғыртып, оны кейінгі ұрпақтың бойына сіңіру. Осы бағытта «Өркен» комьюнити орталығынан арнайы «Шежіре» ата-әжелер ансамблі келіп отыр. Бүгін әжелеріміз ұршықтың тарихын тереңінен таныстырып, оның қалай иірілетінін іс жүзінде көрсетуде. Жалпы біздің орталықта алты үйірме жұмыс істейді. Соның ішінде «Шежіре» ансамблі, «Алтын сақа», тоғызқұмалақ, вокал үйірмелері, сондай-ақ «Күмбірлі қасықтар» ансамблі бар, – деді «Өркен» комьюнити орталығының меңгерушісі Айнұр Дәулетова.

Іс-шара мазмұнды әрі тағылымды үш бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімде қатысушылар «Ұршық – ұрпақ жалғаған өнер» атты ауторлық көрмеге саяхат жасап, қазақтың қолөнеріндегі ұрпақ сабақтастығын айқын сезінді. Экскурсия барысында әр бұйымның тарихы тарқатылып, оның терең мәні түсіндірілді. Екінші бөлімде ұлттық нақыштағы тағамдар мен көрмелер ұсынылып, қазақтың дәстүрлі ойындары – асық ату мен тоғызқұмалақ ойнатылды. Бұл сәттер көпшілікке ерекше әсер сыйлап, ұлттық болмысқа деген қызығушылықты арттыра түсті. Ал үшінші бөлімде концерттік бағдарлама ұсынылып, ән мен күй, би мен дәстүр үндескен әсерлі көріністер көрерменге жол тартты.
Ерке Мереке,
Орал қаласы