27.07.2023, 22:10
Оқылды: 62

Салымшылардың бейбіт митингі

Бүгін Орал қаласындағы «Pater House» және «Качество+» тұрғын үй-құрылыс кооперативтерінің салымшылары Батыр қыздар алаңында бейбіт митингке шықты. Бұл азаматтар құзырлы құрылымдардан кооперативке салған қаражаттарын қайтарып алуға көмек сұрады. Оларға үш жылға жуық уақыттан бері үй де берілмеген, ақшалары да қайтарылмаған. Кооперативтердің ісін тергеу барысында 5 тергеуші ауысқан. Алайда кооперативтер әлі де жұмыс істейді дейді. Салымшылардың митингке шыққандағы мақсаттары – мәселені қоғам мен құқық қорғау құрылымдарына жеткізу.

WhatsApp Image 2023-07-27 at 20.06.12

– Біз Орал қаласындағы «Pater House» тұрғын үй кооперативіне салымшы болып тіркеліп, қаражат аудардық. Бірақ 2,5 жылдай өтті, баспана алған жоқпыз. Енді кооперативке салған қаржымызды қайтарып ала алмай жүрміз. Тұрғындардың шағымы бойынша жүргізілген тергеуге байланысты кооператив басшысы Динара Муханьярова қамауға алынып, кейін үйқамаққа шығарылды. Мәселемізді қалалық әкімдікке барып айттық. Қалалық әкімдік пен полиция департаментінен осы істі қолға алып, алаяқтарды жазалауды сұраймыз, – деді салымшылардың бірі Амангелді Сатыпалдыұлы. Ал Оксана Салаватованың айтуынша, оны танысы Динара Муханьярова «Pater House» кооперативіне шақырып, пәтерін сатуға көндірген. Оксана 2020 жылдың ақпанында 2 млн 400 мың теңгені кооперативке қолма қол апарып тапсырған. Сондай-ақ бір жыл бойы шотқа 30 мың теңгеден аударып отырған. 2021 жылың наурыз айында пәтер алуға тиіс болған. «Алайда маған пәтер берген жоқ. Ақшамды да қайтармады. Маған салымшы ретінде ешқандай қаржылық есеп те бермеді. Қазір кооперативтегілер бізбен мүлде байланыспайды. Телефон да соға алмаймыз. Динара Муханьярованың қасында қорғап жүрген адвокаты бар. Мен кооперативті жауып, салымшылардың қаражаттарын қайтарып беру керек деп санаймын. Бізге ақашамызды қайтарып алу үшін құзырлы мекемелерден, депутаттардан, құқық қорғаушылардан көмек сұраймын», – деді Оксана Салаватова.

WhatsApp Image 2023-07-27 at 20.06.13

Митинге шыққандар халыққа қызмет көрсету үшін мемлекеттік тіркеуден өткен кооперативтердің заң алдында жауап беруге тиісті екендерін алға тартты. Сондай-ақ салымшылар қалада өздері сияқты алданған 500-ге жуық  азамат бар екенін айтты. Жеке-жеке өтініш-талаптарын жеткізген олар ел билігінен, құқық қорғау құрылымдарынан көмек сұрады. Митинг соңында резолюция оқылды.

WhatsApp Image 2023-07-27 at 20.06.13 (1)

WhatsApp Image 2023-07-27 at 20.06.14

 

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz  

  

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале