1.08.2022, 9:00
Оқылды: 71

Сан саланы саралаған сапар

Таң қылаң бере қызметтік көлікке жайғасып, сапарға аттандық. Бағытымыз – Теректі, Қаратөбе, Сырым ауданы. Ең әуелі облыс әкімі Ғали Есқалиев Теректі ауданына қарасты Подстепный ауылына кіреберіс тұста салынып жатқан «Ақжол» демалыс кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысты.

bcdf2c3e-fb9c-4733-84f1-f4517ba0413d

«Елжас» ЖШС қолға алған инвестициялық жобаның құны – 1 млрд теңге. Инвестор құрылысты толыққанды өз қаражатына салады. Демалыс орны іске қосылғанда мұнда күніне 300 адамға демалуға мүмкіндік туады. Кешенде қонақүй, 100 орындық асхана, монша, бассейн және жабдықталған жағажай болады. Қазір кафе, қонақүй ғимараттарының құрылысы қарқынды жүруде. Бассейннің іргетасы құйылуда. Ал монша салуға қажетті құжаттар дайындалуда. Тоғыз жолдың торабында орналасқан «Ақжол» демалыс кешенін іске қосу алдағы жылға жоспарланған. Нысан пайдалануға берілсе, 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

«Елжас» ЖШС директоры Мирболат Құрманғалиев жобаның бас сызбасын көрсетіп, әр нысанның орны мен атқаратын қызметі жайлы баяндады.  Өңірдің туристік әлеуетін арттыратын жобаны құптаған облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі. Одан әрі өңір басшысы Ғ. Есқалиев Қаратөбе ауданына ат басын бұрды. Ол ауданға сапарын «Қоржын» мал сою кешенінің жұмысымен танысудан бастады. Облыс әкімі «Қоржын» шаруа қожалығының жетекшісі Құсайын Мұқановпен бетпе-бет жүздесіп, шаруашылығында биыл 200 гектар жерге егілген судан шөбінің алқабын аралап көрді. Одан соң Құсайын Ізімұлы мал сою кешенінің жұмысымен таныстырып, кешенде жасалып жатқан жүйелі жұмыстарға тоқталды.

– Мал сою кешені күніне 30 ірі қара союға қауқарлы. Қазір жаз мезгілі болуына байланысты тәулігіне 10 шақты ірі қара мал сойылады. Кешенде бес адам жұмыс атқарып отыр, - деген қожалық жетекшісі Қ. Мұқанов облыс орталығынан келген атқамінер азаматтарға әлі құрылысы толықтай аяқтала қоймаған 1000 басқа арналған мал бордақылау алаңын көрсетті. Бұдан кейін облыс әкімі ашылғанына көп бола қоймаса да, көпшіліктің көңілінен шыққан «Жайық Еңбек» мекемесіне тиесілі жеке балабақша ұжымымен  дидарласты.  Аталмыш балабақша кешені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауындағы басым бағыттарды жүзеге асыру негізінде ашылған екен. Қазіргі таңда жаңа балабақша білім және тәрбие беру талаптарына сай 125 бүлдіршінді қамтып отыр. Балдырғандардан 5 топ жасақталған. Балалар тәрбиесіне жауапты 9 кәсіби маман, 10 кіші қызметкер және 5 арнайы пән маманы сапалы еңбек етуде. Балабақша мемлекеттік стандартқа, санитарлық-гигиеналық талаптарға толық сәйкестендірілуімен қатар, жергілікті халыққа ең қолайлы әлеуметтік жағдай жасауда.  Мемлекеттік қаржылық тапсырыспен ашылған балабақша ата-аналар үшін тегін қызмет көрсетеді.

Аким - по районам (4)

- Балабақшамыздың ашылғанына  сегіз ай  болды. Әзірге бастамамыз жаман емес. Болашақта заманауи инновациялық жобаларды енгізуді жоспарлап отырмыз, - деді жеке балабақша кешенінің меңгерушісі Жанна Аралбекқызы.

Облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы ғимарат ішіндегі арнайы жасақталған бөлмелерді аралап көріп, балғындарға амандық, тәрбиешілерге шығармашылық табыс тіледі.  Сондай-ақ сапалы қызметі үшін балабақша кешенінің директоры Еркін Нұрланұлына ризашылығын білдірді. Одан әрі облыс әкімі құрылыс материалдарын сататын «РайON center» сауда үйінде болып, жеке кәсіпкер Тоқтар Мерекеұлымен тілдесті.

Ғимарат ішін аралаған облыс әкімі халыққа қазіргі таңда құрылыс материалдарын қолжетімді бағада сату, сондай-ақ ішкі сұранысты қамтамасыз ету мәселесін сөз етті.

48d13d02-63fd-4b44-8d7a-ebeb6a911d69

Жеке кәсіпкер Тоқтар Мерекеұлы сауда саласындағы кейбір қиындықтарға тоқталып:
– Мұнда құрылыс материалдары және күнделікті тұрмысқа қажетті заттар, сондай-ақ көлікке арналған керек-жарақтар сатылады. Ғимараттың аумағы 900 шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда ғимаратты толық жөңдеуден өткіздік. Негізінен тұтынушыларымыз - аудан тұрғындары. Тұтынушылар қалаға барып шығындалмай, аудан орталығында да қажетті заттарын тез әрі оңай табулары үшін тиісті жағдайларды қарастырып отырмыз. Сауда үйінде сегіз адам қызмет етеді, - дейді. Айта кетсек, Тоқтар Мерекеұлы кәсібін ашпас бұрын елордамызда елеулі орында еңбек етіпті. Дегенмен қолынан келгенше Қаратөбесін көркейтуді мақсат тұтқан азамат ауылына оралып, күн-түн демей еңбек етіп, кәсібін дөңгелетеді. Сол арқылы ауданның ажарын айшықтай түседі. Тек көңілге қонбай тұрғаны - сауда үйінің атауы. Қаймағы бұзылмаған жүз пайыз қазақы ауданда сауда үйлерінің атаулары да қазақы болғаны жөн емес пе?

Облыс басшысы жақында ғана халық игілігіне пайдалануға берілген «Halyk Bank» бөлімшесіне бас сұғып, банктың қызмет жүйесімен танысты. Банк бөлімшесінің басшысы Эльмира Қайратқызының айтуынша, ғимарат заманауи талаптарға сай жабдықталған. Залда тұрғындарға арналған арнайы күту орындары бар. Банк қызметкерлері тұрғындарға қаржылық жүйелер бойынша тегін кеңестер береді. Қазіргі таңда бөлімшеде 9 қызметкер жұмыс істейді. Жаңа орын аудан халқына және қызметкерлерге ыңғайлы. Екі кассалық кабина, екі банкомат және бір төлем терминалы орнатылған. Орталықта жеке және заңды тұлғаларға арналған банк өнімдері мен қызметтерінің толық топтамасы ұсынылады.

Ардагерлер елдің мәселесін көтерді

Облыс әкімі Ғали Есқалиев орталық кітапханада еңбек ардагерлерімен кездесті. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Темірхан Меңдіғалиев, «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Табылғали Сапаров, еңбек ардагері Ғарапша Сахипов пен бірқатар басқарма басшылары қатысты.

Облыс басшысы Ғали Нәжімеденұлы өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға және алдағы мақсат-міндеттерге тоқталып, елдің саяси-экономикалық жағдайын да тілге тиек етті.

8146341e-50ec-4415-bf96-77d4f983a4b5

- Облыстың соңғы 3 жылдағы көрсеткіштеріне тоқталатын болсақ, ауылдарды газдандыруға 3,5 млрд теңге бөлініп, 508 шақырым газ құбыры тартылды. 9 мыңнан астам халқы бар 29 ауыл табиғи газбен қамтылып, облыс халқын газбен қамтамасыз ету көрсеткіші 99,3%-ға жетті. 50 мыңнан астам халқы бар 64 ауыл таза ауыз сумен қамтылды. Ауыл тұрғындарын орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету үлесі 89,8%-ға жетті (2019 ж. – 86,5%). Бұл мақсатқа 17,5 млрд теңге бөлінді.

Жалпы осы жылдың алғашқы алты айында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика бар, негізгі көрсеткіштердің барлығы өсім көрсетіп отыр: өнеркәсіп  2,2%-ға, өңдеу өнеркәсібі 4,8%-ға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 0,9%-ға, негізгі капиталға салынатын инвестицилар 5,8%-ға, құрылыс жұмыстары 3,1%-ға, тұрғын үйлерді іске қосу 2,3%-ға өсіп отыр.

Дегенмен көршілес мемлекетке қатысты қолданылған санкцияларға байланысты сауда (6,5%-ға) мен көлік қызметі (1,6%-ға) көрсеткіштері төмендеп отыр, – дей келе облыс басшысы саяси науқан сайлау туралы, елдің ынтымақ һәм бірлігі жөнінде де өз ой-пікірін ортаға салды.

– Тәуелсіздік – кез келген мемлекеттің азаматы үшін баға жетпес құндылық. Себебі өзін мемлекет азаматы ретінде сезінген әрбір адам елдің тәуелсіздігі арқылы өзінің болашағына қажетті нәрселерді қалыптастыра алады. Жеке адам мен ұлттың болашағы бұл мемлекеттің болашағымен тығыз байланысты. Ал мемлекеттің болашағы дегеніміз – тәуелсіздіктің нығаюы. Бұл қоғамның өркениетті дамуымен тығыз байланысты. Өкінішке орай, қаңтардың 5-6 күндері еліміз қасіретті күндерді басынан өткізді. Мұндай оқиға енді қайталанбауы керек. Президент үндеуінде айтылғандай, береке мен бірлікті, тыныштық пен тұрақтылықты сақтауымыз міндет. Мұның қоғамның негізгі ұстанымына айналуы қашанда маңызды деп білемін, – деді.

Жиында сөз алған «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Табылғали Сапаров ел бірлігі – ең асыл қасиет екенін айтты.

- Қазақстанның шыққан шыңы мен бағындырған биіктерінің ең басты негізі – халықтың татулығы, қоғамның тұрақтылығы. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз – ел бірлігі болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың санасына сіңіре білуге тиіспіз. Елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы ең басты назарда. Мемлекеттің болашағына қатысты зерделеніп отырған мәселелерді жүзеге асыру мемлекет пен халықтың бірлігіне тікелей байланысты. Елдің бірлігі оның өркенді дамуының берік тұғыры болып қалады. Соны ескеруіміз қажет. Осы бағытта мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының үндеуіндегі көрсетілген міндеттердің толығымен жүзеге асатындығына сенімдіміз. Отанды қорғауға деген құштарлық, өнер-білімге қызығушылық, бәсекеге қабілеттілікті күшейту – ел дамуының жаңа кезеңіндегі міндеттердің бірі. Халқымыз үшін тәуелсіздік бәрінен де қымбат. Бұл – қалыптасқан тарихи санамыздың айшықты белгісі, берік қағида ретінде де елдің өркениетті дамуындағы халықтың тұғырлы ұғымына айналуы тиіс, – деп Табылғали Сатқалиұлы ардагерлерді елдің ынтымақ-бірлігін нығайту жолында жұмыстануға шақырды.

Басқосуда аудан ардагерлері – Орынғали Ермекқалиев, Мәулен Қожахметов, Рамазан Қыдырашев, Еркінбек Жәнібеков жол, азық-түлік бағасының қымбаттауы, электр бағаналарының тозғаны жөнінде өзекті мәселелерді көтерді.

Шалғындықтардың мұң-мұқтажын тыңдад            ы

Облыс әкімі Ғ.Есқалиев бастаған топ көктемдегі су тасқынынан зардап шеккен шалғайдағы Шалғын ауылына барып, ондағы құрылыс жұмыстарымен танысты.

0d5baa02-bc77-40d5-b2d1-7f7fa252d713 (1)

Шалғындағы тұрғын үйлердің құрылысының жүру барысымен таныстырған мамандар барлық жасалған жұмыстар мен алдағы атқарылар шаруаларды атап өтті.

Тасқын судан зардап шеккен 23 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын «Жиенбай» ЖШС  қолға алған. Үй салу жұмыстарының басталғанына бір ай болған. Әзірге салынады деп жоспарланған тұрғын үйлердің 11-нің іргетасы құйылған. Бір тұрғын үйдің қабырғасы қалануда. Мердігер компания тұрғын үйлердің құрылыстарын қазан айының аяғына дейін толық  аяқтайтындарын айтады.

Облыс әкімімен кездескен шалғындық тұрғындар мердігердің құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізсе, уақтылы аяқтаса деген өтініштерін айтты. Күз мезгіліндегі жауын-шашынға, күннің суығына қалмай пәтерлеріне кірулерін басты назарда ұстайтындығын жеткізген өңір басшысы құрылыс жүргізуші мекемелердің басшылығына үй құрылысын уақтылы, сапалы аяқтауға тапсырма берді.

Жұмыс күшін молайтып, қосымша  құрылыс бригадаларын жұмысқа жұмылдырып, тұрғын үйлерді уақтылы салып, қазан айының аяғына дейін тапсыруды жоспарлағанын жеткізген «Жиенбай» ЖШС өкілдері жергілікті жерден де жұмысшылар алып жатқанын мәлімдеді. Кейін өңір басшысы республикалық маңызы бар Самара – Шымкент аутокөлік жолы бойындағы аутокешенге барды.

«Феруза» жеке кәсіпкерлігіне тиесілі «Ақжол» аутокешенін аралаған облыс әкімі аутокешен жұмысына оң бағасын берді. Аталмыш кешен республикалық маңызы бар Самара - Шымкент аутокөлік жолы бойында 2018 жылы салынған болатын. Аутокешен ішінде жаңа үлгідегі қонақ бөлме, асхана залы және шағын дүкен жолаушыларға қызмет көрсетеді. 5 адам жұмыспен қамтылған.

Бұдан кейін облыс басшысы Сырым ауданына қарасты Бұлан ауылындағы ауыз су құбырын тарту жұмыстарымен танысты.

Ауданда  Бұлан, Жамбыл, Қособа, Жырақұдық, Алғабас, Қарағанды бағытында  су құбыры тартылып жатыр.  Сырым аудандық  сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Артур Искаков жобаны таныстырды. Су құбырының құрылысы келісімшартта желтоқсан айына дейін белгіленгенімен, қараша айына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Алты елді мекен бойынша  құны 2 мрлд 51 млн теңге болатын жоба қаржысының 80 пайызы –  1 млрд 621 млн теңгесі республикалық бюджеттен бөлініп тұр. Енді қалған 20 пайызы – 410 млн  теңге көлеміндегі  қаржы облыстық бюджеттен  бөлінуі тиіс.

InShot_20220801_080609014

Бас мердігер – «СМУ-Шығыс» ЖШС-ның Сырым ауданындағы филиалының атқарушы директоры Нұртілеу Бектенов  облыс әкіміне  құрылыс жұмыстарына тартылған көліктерді, әр нысан бойынша жұмыспен қамту орталығы бойынша алынған жұмысшыларды қосқанда  барлығы 45 адам еңбек етіп жатқанын айтты.

«ҚазСуШар» мекемесі директорының орынбасары Талғат Қажығалиев Кеңашы - Жымпиты су құбырын Сырым ауданы әкімдігінің теңгеріміне беру үшін құжаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Техникалық құжат пен мемлекеттік акті қыркүйек айында дайын болады. Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиев:

– Өзіміздің үш скважина суды қосып, 16 сағат 300 тоннаға  жуық су беріп отырмыз. Күн қатты ыстық болған кезде 1000 тоннадай су береміз, – деді. «Сырым» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Тұрарбек Нұрғалиев судың тарифі есептегіш орнатқан тұрғындарға 90 теңгеден, есептегіші жоқ үйлерге 200 теңгеден белгіленгенін айтты.

Одан кейін өңір басшысы Бұлан ауылының ақсақалдарын тыңдады. Ауыл ақсақалдары ауылға кіреберіс жолды жөндеуді сұрады. Ұялы байланыстың нашарлығын айтты.

– Жол мәселесі шешілсе, шағын кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік молаяр еді. Ауыл ішіндегі басты жол да жөнделсе, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Қадырғали Төленов.

Ғали Нәжімеденұлы Бұлан ауылының жолын жөндеу үшін жаңадан жобалық-сметалық құжат дайындалуы керектігін жеткізді. Облыс әкімінің сапары аудан орталығында жалғасты. Ол Жымпиты ауылына кіреберісте «Бұлан» шаруа қожалығы салып жатқан аутокемпинг құрылысымен танысты. «Бұлан» шаруа қожалығының жетек-шісі Махамбет Досәлиев аутокемпингтің құрылыс жоспарын толыққанды түсіндірді.

– Метан газын құятын бекеттің салынғаны дұрыс, себебі болашақта метан газына сұраныс көбейіп, қолданыс аясы артады. Қаратөбе ауданының Қоскөл ауылында «Жібек жолы» кемпингі бар. Сондықтан қызмет көрсету сапасында бәсекелестік, ерекшелік  болуы керек. Балалар ойнайтын алаң, бассейн салынғаны жөн, – деді облыс әкімі кәсіпкерге.

Махамбет Досәлиевтің айтуынша,  кәсібіне,  кемпинг салынатын орынға жол жанындағы орман белдеуі кедергі болып отыр. Осы мәселені шешіп беруге облыс әкімінен көмек сұрады. Сырым ауданында да облыс әкімі Ғ.Есқалиев еңбек ардагерлері және зиялы қауым өкілдерімен сұхбаттасып, олардың талап-тілектерін тыңдап, ұсыныс-пікірлеріне тұшымды жауап берді.

Алтынбек Ермекқалиев,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале