Таяуда Шыңғыс Айтматовтың әлем әдебиетінің інжу-маржанына айналған «Ғасырдан да ұзақ күн» романы желісімен әзірленген жаңа трагедиялық қойылым көпшілік назарына ұсынылды. Іс-шараны Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Терең мазмұнды бұл спектакль – адам тағдыры мен рухани таңдау, ар мен парыз, уақыт пен ұрпақтар сабақтастығы туралы мәңгілік сұрақтарды сахнада қайта тірілтетін салиқалы туынды.

Туындының өзегіне – теміржол бойындағы қарапайым теміржолшы Едігенің бір күн-дік сапарына сыйған бүкіл ғұмыры, ішкі арпалысы мен өткенімен бетпе-бет келу сәттері арқау болған. Едіге тағдыры арқылы көрермен адамдық қасиеттің салмағын, уақыттың қатал үкімін, қоғам өзгерістері арасындағы рухани беріктіктің маңызын сезіне алады. Үлкенді құрметтемейтін, салт-дәстүрді сыйламайтын, көрінгенге ергіш, алдамшыға сенгіш, санасын тұман жайлаған, телефонға телмірген ұрпақ өсіп келеді... Спектакльде бүгінгі жастардың мәңгүрттенуі, ұлттық жад, тарихи шындық көркем әрі символдық шешімдер арқылы бейнеленеді.
– Қойылымның басты мақсаты – жастарды радикалды және теріс идеологиялардың арбауынан қорғау. Біз көркем образдар арқылы жатағымның шынайы қауіптілігін көрсеткіміз келеді. Бей-бітшілік, татулық, бірлікті бағалау – бүгінгі жас буынға ең қажетті құндылықтар. Сонымен қатар әдеби-мәдени мұра негізінде олардың рухани кеңістігін байытып, ой-өрісін кеңейту де – біздің негізгі міндеттеріміздің бірі. Жалпы, осы күнге дейін отбасы құндылықтарын дәріптеу, үкіметтік емес ұйымдарды қолдау, діни экстремизмнің алдын алу бағыттарында бірқатар жұмыстар атқардық. «Мерейлі отбасы» секілді қала көлеміндегі жобаларды ұйымдастырдық. Дәстүрлі исламның мәнін жас ұрпаққа дұрыс жеткізу үшін Арман Қуанышбаев, Рабиға Төлебай сияқты танымал теологтармен кездесу өткіздік. Осының барлығы – жастардың жат ағымдар жетегіне еруінің алдын алуға бағытталған нақты жұмыстар, – дейді «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлбаршын Мұштанова (суретте).

Айта кеткен жөн, спектакльдің қоюшы режиссері – мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Жасқайрат Валиуллиев. Басты және қосалқы рөлдерді Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты «Жастар мәдениет үйі» МКҚК жанынан құрылған «Ғасыр жастары» жастар театрының әртістері сомдады. Сондай-ақ қойылымдағы пластикалық көріністерге «Салтанат» би ансамблі қатысты.

Қоюшы режиссер Жасқайрат Валиуллиевтің (суретте) айтуынша, қойылымның негізгі мақсаты –
қазіргі заманның астыртын, жымысқы қауіп-қатерлерін көркем тіл арқылы көрсету және жастардың рухани иммунитетін күшейту.
– Бұрын мәңгүрттендіру адамның санасын күшпен өшірудің белгісі болса, бүгінде ол мүлдем басқа тәсілмен жүреді. Қазіргі қоғамда мәңгүрттену түйе жүнінен жасалған ескі әдістермен емес, есірткіге тәуелділік, ақпараттық бақылау, жасырын арбау, рухани манипуляция арқылы көрініс табады. Біз осы құбылыстардың қаупін сахна тілімен ашып көрсетуге тырыстық, – дейді ол.
Режиссердің айтуынша, қойылым көрерменді уақыт пен кеңістіктің тоғысындағы адам тағдырына жетелейді.
– Бұл – ұлттық жадтың маңызын, адам рухының беріктігін, еркін ойдың құнын түсіндіретін қойылым. Айтматов көтерген мәселелер ешқашан өзектілігін жоғалтқан емес. Біз сол ойларды бүгінгі буынға ұғынықты тілмен жеткізуді мақсат еттік, – дейді ол.
Қойылым екі күн бойына Жастар мәдениет сарайында тегін сахналанды. Спектакльді бірінші күні 9, 10, 11-сынып оқушылары, екінші күні ЖОО және колледж студенттері тамашалады.
Ерке Аят,
Орал қаласы