19.06.2025, 15:45
Оқылды: 353

Санасы сергек сақшылар

 

Жақында облыстық полиция департаментінде «Ерлік – ел есінде» тақырыбында ерекше іс-шара өтті.  Іс-шара барысында өз өмірлерін қатерге тігіп, тұрғындарды қауіптен  құтқарып қалған қаһарман полиция қызметкерлері өздері арашалап қалған азаматтармен қайта қауышты. Бірінші Алланың, екінші полицей қызметкерлерінің арқасында аман қалған тұрғындар тәртіп сақшыларына алғыстарын жаудырды. Аталмыш кездесуге арнайы келген қала тұрғыны Диана Ізтұрғанова жаны қиналған сәтте тәртіп сақшылары дер кезінде көмектескенін әңгімеледі.

Оқиға былай болған еді. 2025 жылдың 25 наурызында Орал қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының аға қызмет инспекторлары, полиция капитандары Ербол  Шүніреков пен Ерхат Сейтеков  қызметте жүрген кезінде  олардан бейтаныс жолаушы көмек сұрайды. Сол күні жол тайғақ, ауа райы қолайсыз еді. Көліктің ішінде толғағы басталып, жаны қиналған әйел бар екен. Полиция қызметкерлері қала көшелерімен кедергісіз өтіп, толғақ қысқан әйелді перзентханаға  аман-есен жеткізді. Перзентханаға жеткен соң медицина қызметкерлері әйел адамға дереу көмек көрсетеді. Кездесуге үш айлық сәбиін көтеріп келген Диана Ізтұрғанова тәртіп сақшыларына ризашылығын білдірді.

Өз кезегінде сөз алған облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиев ерлік көрсеткен қызметкерлерге ризашылығын білдіріп, қатерден аман қалған азаматтарға  амандық пен саулық тіледі.

Кездесу барысында қызметтік міндетін  атқару барысында жанқиярлық пен кәсібилік танытқаны үшін  бірнеше тәртіп сақшысы облыстық полиция департаменті бастығының алғысхатымен марапатталды.  Олардың қатарында Орал қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты Наурызбек Бектасов, Абай полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Рүстем Мұхамбетияров, жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Санжар Әбдраманов және басқалар бар.

Ағайынды тергеушілер

Фото1_Страница_16

Тергеу қызметінің ең ауыр жүгі – ар алдындағы адалдық. Осындай ауыр жұмыстың жүгін арқалаған тергеушінің әр күні ғана емес, әр сағатының өзі қым-қуыт оқиғамен өріліп жатады. Ел ішінде қандай қылмыс орын алса да, оның ақ-қарасын ашу үшін егжей-тегжейлі зерттеп, жәбірленуші мен айыпталушы тараптармен бетпе-бет жүздесіп, айғақ жинап, ақ пен қара айқасының алдыңғы шебінде жүретін тергеушілер.  Ол үшін тергеушілер заңды бүге-шігесіне дейін білумен қатар, алдында отырған адамның ойын оқи алатын кәнігі психолог те болуы қажет. Одан бөлек, шешендік пен батылдық та бойынан табылуы шарт.

Фото1_Страница_14

Әр әулетте бір мамандық иелерінің көптеп шығуы жиі кездеседі. Бірақ бір әке, бір анадан туған екі баланың да тергеуші мамандығын таңдауы тым сирек. Бүгінгі мақала кейіпкерлері – бір отбасының қос тірегі, батыл тергеушілер. Олар – өз қызметінде ақиқат пен әділдікті ту еткен Жаңақала аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері ағайынды Тиянақовтар.

«Төзім мен сабырды талап етеді»

photo_5370622803264533379_y

Мұстафа Тиянақов 1993 жылы 16 маусымда сол кездегі Тайпақ ауданының Жұбан ауылында дүниеге келген. 2011 жылы Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылындағы орта мектептің түлегі атанып, Алматы қаласындағы Алматы ІІМ академиясына оқуға түсіп, 2015 жылы тергеуші мамандығын аяқтап, лейтенант шенін алған. 2015-2016 жылдар аралығында Орал қалалық полиция басқармасының тергеушісі, 2016-2017 жылдары анықтау бөлімінің анықтаушысы болды. 2017 жылдың желтоқсан айынан күні бүгінге дейін Жаңақала АПб-нің аға анықтаушысы, полиция майоры болып қызмет атқаруда. Жары Гүлмира Асқарқызы – аудандық №3 орта мектепте  логопед-дефектолог. Қазіргі таңда бала күтіміне байланысты еңбек демалысында. Отбасында бір ұлы және үш қызы бар.

–  Ата-анам Ақжайық ауылында тұрады. Әулетімізде бұрын-соңды полиция қызметкері болмаған. Барлығы қарапайым еңбек адамдары. Осы қызметті бала күнімнен армандадым. Қызмет барысында қиындықтар жиі кездеседі. Десе де, алдағы уақытта өзімді толықтай шыңдап, басшылық құрамға өту мақсатым бар. Тергеуші – қылмысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізетін лауазымды тұлға. Біздің жұмыс  төзім мен сабырды талап етеді. Бұған қоса, ой ұшқырлығы, сезімталдық, ыждағаттылық қасиеттер де қажет. Мұндай қасиеттер қылмыстық іске жүйелі талдау жасап, оның ақиқатына көз жеткізу үшін керек. Жанұямыздан жырақта жүрсек те, адал нанымызды табу үшін еш ерінген емеспіз. Сараптамаға сүйеніп, сондай-ақ қылмыс болған жерде де зерделеу жұмыстарын өткізіп, жәбірленуші тараппен, куәгерлермен байланыс орнатып, артылған міндетті абыроймен атқаруға тырысамыз. Қызмет барысында кез келген уақытта жұмыста боламыз. Яғни арнайы жұмыс кестесі жоқ. Шамамен айына 3-4 іс жүргіземіз. Әр айда әртүрлі көрсеткіш болады, – дейді Мұстафа Мұратұлы. Мұстафаның қызмет барысында жеткен жетістіктері де аз емес. Айта кетейік, 2022 жылы Батыс Қазақстан облысы бойынша «Үздік анықтаушы» және «3-дәрежелі Ішкі істер құрылымдарының мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталған. 2023 жылы ҚР ІІМ бұйрығымен мінсіз қызметі үшін мерзімінен бұрын майор шенін алып, 2025 жылы «Намыс-ардагер» қоғамдық қорының төрағасы Т. Төргелдиннен «Құқық қорғау құрылымдарындағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгісін алған. Сондай-ақ қазақтың қайсар жазушысы, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына орай төсбелгісі табыс етілген.

Жас та болса тергеу саласында қызмет етіп келе жатқан Мұстафаның інісі Еларыс Мұратұлы 2001 жылы наурыздың 12-сі күні дүниеге келген. 2018 жылы М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың тарих, экономика және құқық факультетіне оқуға түсіп, 2022 жылы құқықтану мамандығы бойынша оқуын аяқтаған. Сол жылы шілде айында ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына алғашқы оқу кәсіптік курсына қабылданып, 24 желтоқсан күні орта басшы құрам санаты бойынша оқуды аяқтап, тергеуші лауазымымен қатар лейтенант шенін алады. Содан соң Жаңақала аудандық полиция бөліміне жұмысқа орналасып, күні бүгінге дейін ағайынды Тиянақовтар аталған мекемеде өз қызметтерін атқарып келеді. Жары Іңкәр Феликсқызымен 2024 жылы отау құрған. Жұбайы – математика пәнінің мұғалімі.

Аға тергеуші Тиянақовтардың айтуынша, аудан көлемінде мал ұрлығы, интернет-алаяқтық, жол-көлік апаты сынды қылмыс түрлері күн өткен сайын белең алуда. Тергеушілер оларды қылмыстық-процестік кодекске сәйкес заңға сай шешімін шығару үшін жан-жақты объективті зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Жыл басынан бері ағайынды тергеушілер көптеген қылмыстық істі анықтап, кінәлілерді тапқан. Тергеу ісінің ыстығына күйіп, суығына тоңған майталман ағасынан тәжірибе жинақтаған Еларыстың алдағы уақытта да өз қызметін абыроймен атқарары сөзсіз. Екеуі де қызметке адал, кәсібіне жауапты. Бір-бірінің кәсіби тірегі, тәжірибе бөлісетін әріптесі. Кез келген қылмыстық істің ақ-қарасы ашылып, әділдіктің салтанат құруы үшін олар күн сайын өмірлерін қатерге тігеді. Тергеп-тексеру шаралары арқылы тірнектеп дәлел жинайды. Ол үшін тер төгіліп, жүйке жұқарады. Сырт көзге байқала бермесе де, осындай кішігірім ерлікке пара-пар жұмысты атқарып отырған ағайынды тергеушілердің еңбегі зор.

Полицейлер династиясы

Облысымызда мемлекеттік қызметке, әсіресе құқық қорғау саласына өмірін арнаған әулеттер көп емес. Солардың бірі – Казталов ауданы Жалпақтал ауылында тұратын ішкі істер құрылымдарынан зейнетке шыққан ағайынды Нұрмұхановтар әулеті.

WhatsApp Image 2025-06-19 at 15.37.47

Полиция подполковнигі Нұржан Нұрмұханов бірнеше жыл бойы Жалпақтал полиция бөлімінің басшысы лауазымында,

WhatsApp Image 2025-06-19 at 15.38.28

полиция старшинасы Ержан Нұрмұханов облыстық  мамандандырылған күзет қызметі басқармасының Жалпақтал күзет қызметі командирі лауазымында,

WhatsApp Image 2025-06-19 at 15.39.10

полиция майоры Ерсайын Нұрмұханов жедел кезекші лауазымында қызмет атқарған. Ағайынды Нұрмұхановтар – бүгінде елге сыйлы, халық құрметіне бөленген зейнеткерлер.

Ел тыныштығын қорғауда үлгі болған  полицейлердің жолын бұл күндері балалары жалғастырған. Әке жолын қуған полиция майоры Ерлан Ержанұлы бүгінде Жалпақтал полиция бөлімінің аға анықтаушы қызметінде. Ерлан Нұрмұханов Ақтөбе заң колледжінің құқықтану факультетін бітіріп, алғашқы еңбек жолын Жалпақтал полиция бөлімінен учаскелік полиция инспекторы лауазымынан бастаған. Қызметін жаупкершілікпен атқарып жүрген полиция майоры жұбайымен бірге  үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіруде. Ал Ерсайын Нұрмұхановтың ұлы, полиция старшинасы Артур Нұрмұханов  еңбек жолын облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасының Жалпақтал күзет қызметінен бастап, бүгінгі дейін сол жерде еңбек етіп келеді. Артур Нұрмұханов Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің құқықтану факультетін бітіріп, отбасылы болып, үш ұл тәрбиелеуде.

Құқық қорғау құрылымдарында адал қызметімен айналасына үлгі болған Нұрмаұхановтар әулеті – елге сыйлы тұлғалар.

Полицейлер династиясы жай ғана кәсіптің жалғасуы емес, бұл – темірдей тәртіпке, адалдыққа құрылған өмір салты. Мұндай династиялар – жастарға үлгі, елге тірек. Олардың еңбегі ешқашан елеусіз қалмайды.

Материалдарды дайындағандар:

Гүлжамал Жолдығали, Ақерке Мәлікқызы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале