Жазда жол құрылысының қарқын алатыны белгілі. Биыл облыс аумағында қанша шақырым автожол жөнделмек? Қаржы бөлінді ме? Осы және жол құрылысына қатысты өзге де сауалдар облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен өткен жиында талқыланды. Сондай-ақ кеңесте ауылдық елді мекендерді цифрландыру мәселесі де сөз болды.
Битум жеткізу – басты назарда
– Жол – экономиканың күретамыры. Бұл – өзгермейтін қағида. Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте: «Әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және жолдарды жөндеу арқылы ауылдың тұрмыс сапасын жақсарту – әкімдердің басты міндеті. Сондай-ақ мобильді байланыс және интернет қолжетімді болуы керек. Елге қаптаған статистика емес, нақты нәтиже, жылдам интернет, сапалы байланыс керек», – деді. Сондықтан облыс аумағындағы жолдарды салуда, күрделі жөндеуде кездесетін мәселелерді талқылап, құрылысты сапалы жүргізу бойынша іс-шараларды пысықтау үшін жиналып отырмыз, – деді облыс әкімі жиынның ашылуында.
Өңіріміздегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 6 176 шақырым. Оның 1 414 шақырымы республикалық маңызы бар, 4 762-сі – жергілікті маңызы бар аутомобиль жолдары. Бұл туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Менеев айтты.
Былтыр облыстық және аудандық маңызы бар 246 шақырым жол жөнделіп, 21 млрд теңге игерілген. Сондай-ақ бюджетке 3,2 млрд теңге қаржы кері қайтарылған. Ал биыл «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде облыс аумағындағы 570 шақырымнан астам жолды жөндеу жоспарланған. Оған 71,4 млрд теңге қаражат қарастырылған. Оның 26,6 млрд теңгесі облыстық және аудандық маңызы бар аутожолдардың 332 шақырымын (55 жоба) жөндеуге бөлінген. Оның ішінде облыстық маңызы бар Барбастау – Ақжайық – Индер, Бөрлі – Ақсай – Жымпиты, Чапаев – Жаңақала – Сайқын аутожолдары бар. Бұл жолдарға республикалық бюджеттен 4 млрд 871 млн теңге қарастырылған. Федоров – Ақсай және Тасқала – Аққурай – Болашақ аутожолдары учаскелерін орташа жөндеу аяқталады. Сондай-ақ Орал қаласы әуежайының кірмежолы мен Бәйтерек ауданындағы Деркөл өзені арқылы өтетін апатты жағдайдағы көпірді орташа жөндеу жоспарланып, қосымша қаражат қарастырылған. «Барбастау – Ақжайық – Индер», «Чапаев – Жаңақала – Сайқын», «РФ шекарасы – Жалпақтал – Жұлдыз – Қарасу» аутожолдарының жобаларына ЖСҚ әзірленуде.
Өңірдегі аудандық маңызы бар және елді мекендердің кіреберіс жолдарының 270 шақырымы жөндеуден өтеді.
– Барлық жол жобасын уақтылы жүзеге асыру үшін жолқұрылыс материалдары – битум мен қиыршықтасты үздіксіз жеткізіп отыру қажет. Облыс аумағында қиыршықтастың болмауына байланысты қажетті инертті материалдар теміржол арқылы Ақтөбе облысынан жеткізілуде. Биыл 1 млн 931 мың тоннадан астам қиыршықтас керек. Жалпы өңірімізде жол құрылысы материалдарының тапшылығы біртіндеп шешілуде. Ол үшін бірқатар іс-шаралар қолға алынды. Айта кетсек, «Қазақстан темір жолы» АҚ,
«Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалдары» АҚ және «ҚазТемірТранс» АҚ-мен келіссөздер жүргізіліп, қиыршықтасты көршілес облыстардан вагонмен тасымалдаудамыз. Сондай-ақ жол битумы тапшылығына байланысты да мәселелер туындаған еді. Былтыр битумның жетіспеушілігінен тамыз айынан бастап құрылыс нысандарындағы жұмыс кідірді. Мәселен, қыркүйек, қазан айларында жеткізілуі тиіс 25 мың тонна битумның 2,3 мың тоннасы немесе 10%-ы ғана қамтамасыз етілді. Биыл жергілікті автожолдар үшін облыста 8 мың тоннаға жуық (қажеттілік – 30 мың тонна) битум әзірленді. Бұл бағыттағы жұмыстар толықтай жалғасып жатыр, – деді Айдар Менеев.
Өңір басшысы аудан әкімдеріне құрылыс қарқынын қадағалап, жолдың сапасын тексеруді ұйымдастыру қажеттігін айтты.
«iQala» жобасы іске қосылмақ
Жиында талқыланған келесі мәселе – ауылдық елді мекендерді цифрландыру жайы. Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нұрсұлтан Нұрланның айтуынша, облыста 416 ауылдық елді мекен бар. Оның 305-і интернетке қосылған, 338 елді мекенде ұялы байланыс қолжетімді. Биыл 84 ауылды мобильді интернетпен қамту және сапасын жақсарту жоспарланған. Бүгінде 35 елді мекенге, оның төртеуіне жаңа базалық станса, 31-іне 4G стандартын қосу арқылы интернет сапасын жақсарту жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін жалпы 49 елді мекеннің мобильді байланыс сапасы жақсартылмақ. Сондай-ақ жыл басынан бері ҚР Цифрлық инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарасты Телекоммуникациялар комитетінің өңіраралық байланыс инспекциясы облыс аумағындағы байланыс операторларына қатысты жоспардан тыс 24 тексеру жүргізіп, сапа көрсеткіштерін тексерген. Нәтижесінде операторларға 20 ауылдық елді мекен мен Орал, Ақсай қалалары бойынша 59,5 млн теңге айыппұл салынған.
– Цифрландыру саласындағы жобаларды іске асыру бойынша облыстық жол картасы бекітілді. Осыған байланысты Орал қаласының әкімдігі, облыстық жер қатынастары басқармасы, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы, денсаулық сақтау басқармасы, полиция департаменті жол картасы бойынша жоба-жоспарды белсенді түрде пысықтап, орындалуына ерекше көңіл бөлуді сұраймын. Мәселен, Орал қаласының әкімдігі «Avtobus» мобильді қосымшасындағы маршрут кестесінен ауытқыған автобустарды автоматты түрде анықтау қажет. Шаһардағы аялдамаларды «ақылды» етіп жаңғырту, яғни оларға электронды табло орнатып, интернеттің сымсыз желісіне (Wi-Fi) қосу керек. Сондай-ақ жыл соңына дейін медициналық мекемелерге PACS жүйесін енгізуді жеделдету қажет. Жалпы, цифрландыру бойынша тиімділіктің жоғары дәрежесіне қол жеткізу үшін мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері цифрландыру негіздері бойынша курстардан өтіп, ақпараттық қауіпсіздікті сақтауға аса назар аударуы қажет. Сонымен қатар коммуналдық мекемелер жұмысын оңтайландыру мақсатында «IQala» жобасы іске қосылмақ. Жоба аясында тұрғындар пәтер сатып алған жағдайда бір өтініш арқылы барлық коммуналдық мекемемен шарт жасау мүмкіндігіне ие болады, – деді басқарма басшысы.
Жиынды қорытындылаған өңір басшысы Нариман Төреғалиев тиісті сала мамандарына бірқатар тапсырма жүктеді. Облыстық цифрлық технологиялар басқармасына Орал қаласы мен аудан әкімдерімен бірлесіп, ұялы байланыс және интернет мәселесі бар ауылдарға антенна-діңгек құрылғысын орнатуды тапсырды. Сондай-ақ БҚО полиция департаментіне аудан орталықтарындағы бейнекамераларды көбейту керектігін жеткізді.
Үшінші тапсырма – жаңа салынып жатқан көпқабатты үйлерді сапалы байланыс және интернет желісімен қамту мәселесі еді. Құрылыс компанияларының осы бағыттағы жұмыстарын қадағалау жүктелді. Содан соң облыстық жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасының тиісті мамандарына облыс аумағындағы автомобиль жолдарының уақтылы және сапалы салынуын жиі бақылауды тағы бір мәрте ескертті.
Гүлсезім Бияшева,
«Орал өңірі»