Сәуірдің 8-і күні Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан С.Датұлы, Имашев және Алматы көшелерін тексерді. Аталмыш көшелердегі жөндеу жұмыстарын сәуір, мамыр айларында толық бітіру жоспарланған.
Абат Абайұлы жұмыс кестесін қайта қарап, мердігерлерге басталған істі уақтылы аяқтауды тапсырды. Жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша салынып жатқан тротуарларды кешіктірмей қолданысқа беру керектігін жеткізді.
– Биыл қаламыздағы 50 шақты көше жөнделеді. Жұмысты сапалы атқару – басты міндет. Бәрі менің жеке бақылауымда болады. Имашев көшесі тұрғындарының сұранысы бойынша аталмыш көшеге жөндеу жұмыстары басталып кетті. Мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін жүріп-тұруына қолайлы жағдай туғызуымыз керек. Алматы көшесінде көру қабілеті нашарлаған адамдарға арналған тротуар салынуда. Біз тұрғындардың шағымын қашанда ескереміз, – деді шаҺар басшысы.
«Жолдардың сапасы сын көтермейді. Шоқалақтан қашсақ, өзге көлікке соғыламыз ба деп қорқамыз, көлігіміз шұңқырлардың кесірінен бұзылып жүр» деген өкпе-ренішті көп естиміз. Жолдар жөнделсе, тұрғындар да қауіптен құтылар еді.
– Қазіргі таңда үш топ жұмыс жасап жатыр. Көп ұзамай тағы үш топ қатарға қосылады. Ауа райы қолайсыздық туғызып тұрған жоқ. Жұмысқа 35 техника, 47 жұмысшы тартылды. Бұйырса, екі ай ішінде жұмысты толық аяқтаймыз, – деді «Адал Арна» ЖШС-ның бас инженері Махамбет Жамшит.
Орал қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, шамамен маусым айында көпшіліктің сынына көп ілігіп жүрген Әбілқайыр хан көшесі орташа жөндеуден өтеді. Ал Шолохов көшесін күрделі жөндеу жоспарлануда. Жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Аталмыш көшеге алты жолақты жол салынбақ.
Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz