3.10.2024, 16:30
Оқылды: 220

«Сауатсыз бала бастауыш сынып мұғалімінің қателігі» – Ақмарал Рамазанова

0CDAE972-E106-4AFA-BD72-07D97B382FEE
Ақмарал Рамазанова

Орал қалалық №42 «Ақ ниет» мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі:

– Ақмарал Сатқанқызы қырық жыл шәкірт тәрбиеледіңіз. Енді бірер жылда зейнет жасы да қол бұлғап тұр екен. Қазір қандай сезімдесіз?

– Өмір шіркін, зымырап тез өтеді екен. Аталарымыз қамшының сабындай қысқа ғұмыр деп бір ауыз сөзбен тобықтай түйіп, қалай дәл айтып кеткен десеңізші! Бұрын «Неге олай айтады, өмір ұзақ қой» деп ойлайтынбыз. Шәкірттерімізге әріптен бастап, әр сөздің мағынасын түсіндірем деп 45 минутты жеткізе алмай жанталасып жүргенде қырық жыл артта қалыпты. Жалпы өз өміріме ризамын. Өткен жылдарыма зер салсам, біраз жұмыс жасаппын. Ең бастысы, шәкірттерімнің сауатты болуына, қазақтың әр сөзінің мағынасын түсіне білуіне ерекше мән бердім. Осы жолда іздендім. Жүздеген ата-ананың алғысын алдым. Еңбек жолымда қатып қалған стандарттардан аттап өтіп, шығармашылықпен жұмыс жасауға тырыстым. Осы жұмыстарымның нәтижесінде шәкірттерім мен ата-аналарымның көзіне тура қарай аламын. Олардың алдында арым да, берген білімім де таза. Бұл – менің ең үлкен жетістігім.

–  Алғашқы еңбек жолыңызды 1984 жылы ауылдан бастаған екенсіз. Тәжірибелі мұғалім ретінде сол кездегі балалар мен қазіргі балалардың білім алуға деген ынта-ықыласы жөнінде әңгімелеп берсеңіз.

– Иә, алғашқы еңбек жолымды Бөкей ордасы, Бөрлі ауылындағы Мәдина Бегалиева атындағы мектепте бастадым. Сол мектепте бес-алты жыл еңбек етіп, 25 жасымда көрші Саралжын ауылына тұрмысқа шығып, сол ауылдағы Қ.Сағырбаев атындағы орта мектепте еңбек жолымды жалғастырдым. Жалпы осы екі мектептің тәжірибелі ұстаздарынан көп нәрсе үйрендім.  Ол кездегі балалардың оқуға талпынысы жоғары еді. Алдымызда көздері жайнап «үйренсем, білсем» деген ниетпен отыратын. Сол кездерде түнімен отырып, жәшік-жәшік көрнекілік жасаймыз. Қағаздан он алмұрт, он балапан қиып, оны әдемілеп бояп сол арқылы балаларға қосу, азайтуды үйретеміз. Балалар ерекше қызығушылықпен сабаққа қатысушы еді.

Қазіргі ақпараттық технология дамыған заманға қарағанда сол кезеңдегі білімнің сапасы мықты болды. Төрт жыл сайын айналып алдыма келетін шәкірттерімнің өз ерекшелігі бар. Бәрін де шынайы жақсы көремін. Соңғы кездері ақпараттың тым көптігінен бастауыштың баласының  өзін қалай қызықтырарымызды білмей, қиналып қалатын болдық. Қазіргі балаларды бұрынғыдай көрнекілікпен қызықтыра алмаймыз. Сондықтан көбіне сын тұрғысынан ойлау бойынша деңгейлеп оқыту әдіс-тәсілдерін қолданамыз. Қазіргі балалар телефон арқылы түрлі ақпарат алуды жақсы білгенмен, негізгі теорияны білмейді. Бұл бағытта оқушымен сөйлесе келе, оның деңгейін анықтап, баланың назарын аударатындай жаңа әдіс-тәсілдерді қолданамын.

– Жасыратыны жоқ, соңғы кездері сауатсыз жазатын оқушылар көбейді. Ы мен І, Н мен Ң, Ұ мен Ү-ні айыра алмайтын балаларды жиі кездестіреміз. Бұған не дейсіз?

– Сауатсыз бала қайдан шығады? Ол бірінші сыныпта іргетасы дұрыс қаланбағаннан шығады. Неге? Оқушы бірінші сыныпта әріп, дыбыстың не екенін білу керек. Содан буын, буыннан сөз, сөзден сөйлем шығады. Осының ішінде, ең бастысы, оқушы буындап оқуды меңгеруі керек. Бастауыш сыныптың мұғалімі алдындағы 26 оқушыға осыны ұғындырып, түсіндіргенше тыным таппауы қажет. Сол  26 баланың үш-төртеуі буындап оқу білмесе, олар сауатсыз балалардың қатарын толықтырады. Бұл жерде мұғалім ата-анамен дұрыс жұмыс жүргізу арқылы жетітікке жете алады. Ата-ана қанша жерден жоғары білімді болғанымен баласына әріп пен дыбыстың ерекшелігін түсіндіріп бере алмайды. Оны үйретудің тәсілін тек мұғалім біледі.

Бұл жағдайда «Бала сауатты болу үшін не істеу керек?» деген тақырыпта ата-аналарды ой бөлісуге шақырып, өзімнің әдіс-тәсілдерімді көрсетемін. 1-2 сыныпта түрлі әдіс-тәсіл арқылы буындап оқуды қайталата берсе, сауатсыз бала болмайды. Қазіргі балалардың бір жақсы қасиеті мұғалім қызықтыра білсе, тез меңгереді. Мәселен, «Аула» деген сөздегі төрт әріпті беріп, төрт оқушыны тақтаға шығарып, буындарға бөлгіземін. Әрі қарай у дыбысының ерекшелігін түсіндіремін. Осындай әдістер баланың есінде жақсы сақталады. Жас мұғалімдерге де кітаптағы ережеге сүйенбей, өз еркімен іздену қажеттігін жиі айтып жүремін. Байқайтыным, көбіне мұғалімдер кітаптағы ережемен шектеледі. Ал бастауыш сынып мұғалімінің әр сабағы шығармашылық ізденіс пен идеяларға толы болғаны жөн. Кей әріптестерім оқушының сауатсыздығына ата-ананы кінәлап жатады. Бірақ қырық жылдық тәжірибеме сүйеніп айтарым, сауатсыз бала – бастауыш сынып мұғалімінің қателігі.

– Жалпы кез-келген маман жылдар бойы тәжірибе жинап, ой түйеді. Ұзақ жылғы еңбек жолында қандай ой түйдіңіз?

– Түйгенім, бастауыш сыныптың мұғалімі үнемі ізденісте, үнемі өз-өзін дамытуда болуы керек. Қалаға 2002 жылы келдім. Сол кездегі қаладағы оқушылардың ата-анасы үнемі балаларын қадағалап, оқу үлгерімін бақылап отыратынын білдім. Ауылда оқушыны мұғалімге сеніп, мектепке жібереді. Ал қалада керісінше. Бұл – жақсы үрдіс. Қазір мен төртінші сыныпқа сабақ беремін. Сыныбымдағы 25 оқушымның орташа оқитыны – алты бала. Орташа оқитын балалардан күнде-күнде сабақ сұраймын. Олар бар мүмкіндігімен әзірленеді. Кейде ойлаймын, жанып тұрған баладан сабақ сұрап, 45 минутымды өткізіп неге жүре бермеймін деп. Бірақ олай етуге менің қалыптасып қалған қағидам жібермей тұрады бәрібір. Кейде төрт сабақтан бар энергияңды беріп, шаршап шығасың. Бұл менің денсаулығыма зиян ғой деп, өз-өзіме ренжитін кездер болады. Бірақ жейтін нанымды адал жесем, алдымнан шыққан әр оқушым әріп танып, сауатты жаза білсе екен деген ой маған маза бермейді. Үш күн  өзіме ауыр салмақ түсіп шаршағанмен, төртінші күні сол оқушының өз бетімен жұмыс жасағанын көргенде рахаттанасың ғой. Сыныбымдағы кей оқушылардың көлеңкеде қалып қойғанын қаламаймын.

–  Ақмарал Сатқанқызы, әңгімеңізден өз-өзіңізге қатал талап қоятыныңызды  аңғарып отырмын. Жалпы қатал  мұғалімсіз  бе?

– Басқалардың маған сын айтқаны маңызды емес. Өйткені мен өз-өзіме сын көзбен қараймын. Әрине, әріптестерімнің сын-пікірінен өзіме керегін ғана аламын. «Неге менің балама қатты сөйледіңіз, неге төмен балл қойдыңыз?» деп, шауып келген ата-аналар болды. Менде қаталдық бар. Бірақ бұл – кәсіби қаталдық. Оқушыларыма тастай талап қоямын.  Б. Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзі бар. Сондықтан ол балаға талап қойып, қадағалап отырмасаң, солай кете береді. Баланың жетесіне жеткізетіндей етіп түсіндіре алмасам, неге мұғалім болып жүрмін..? Бала мұғалімнен қорықпауы керек. Бірақ тәртіпке бағынуы тиіс. Осыны ата-анаға түсіндіре білсең, олар сені  мойындайды.  

– Соңғы кездері мұғалімнің 45 минуты жетпей, оқушы тақырыпты меңгере алмайтындықтан репетиторға, қосымша оқу орталықтарына баратын болды. Тіпті бастауыш сыныптың мұғалімдері өз оқушысын, сабақтан соң ақшаға өзі оқытады екен? Осыған қатысты сіздің көзқарасыңызды білсек...

– Мен ата-аналарыма ешқашан «Балаңды репетиторға беріңіз» деп айтып көрмеппін. Кейде 4-ке оқып жүрген бала 5-ке оқыса деп қосымша орталықтарға баласын бергісі келген ата-анадан: «Ақшаңыз қалтаңызға симай бара жатыр ма?» деп сұраймын. «Өзіме келсін, өзім көмектесіп жіберемін» десем, әлгі ата-ана мәз болып кетеді. Осылай ата-ананың ұстазға деген құрметі артады ғой. Қазіргі қаптаған оқу орталықтары, жеке мектептер, мұғалімдердің өздері ақы қойып, өз оқушысын өзі ақшаға жалданып оқытуы қоғамдағы мұғалім беделін төмендетеді. Бұл пікіріммен кейбір әріптестерім келіспейтін болар. Бірақ  менің  ойым – осы.

– Ақмарал Сатқанқызы, енді өз отбасыңыз туралы айтып берсеңіз? Балаларыңызға да қатал талап қоясыз ба?

–  Отбасында жұбайым, үш ұлым бар. Екі ұлым үйленді. Төрт жылдай екі келінімді бағыт беріп, жол көрсету үшін қолымда ұстадым. Бұл біздің ата-енемізден көрген тәрбиеміз. Марқұм ата-енем өте керемет адамдар болды. Соладан көргенімізді жасап, әр ісін үлгі-өнеге тұтамыз. Кейіннен жұбайым екеуміз өздерімен ақылдасып, ортаншы ұлды бөлек шығардық. Келіндерім өте жақсы. Мен оларға «шыншылдық, тазалық, жинақылық болсыншы» деген талап қоямын.

– Бір сөзіңізде энергиям таусылып, шаршап қаламын дедіңіз. Осындай сәттерде күш-қуатты қайдан аласыз?

– Жұмыстан шаршап келгенде, алдыңнан немерең жүгіріп шыққанда өз-өзіңнен қуаттанып кетесің ғой. Сосын тынығасың, тынығып отырып, ізденесің. Ізденгенде түрлі идеялар келеді. Ертеңгі сабаққа барғанша қайта асығасың. Келесі күні балаларды көргенде, өзің де құлшынып кетесің ғой. Мұғалім деген проблемасы жоқ, тек сабақ беріп қана жүре беретін адам емес. Өмір болған соң, түрлі сәттер, түрлі қиындықтардың шырмауында шырмалып қалатын кездер болады. Сондай кездерде мені шыңыраудан төмен құлатпай алып қалған осы көздері мөлдіреген шкірттерім, жан-дүниесі тап-таза періштелерім. Сол үшін де мен алдымнан өткен әр шәкіртімді шексіз жақсы көремін.

– Жалпы өмірде де, жұмыста да кемшілік жібермеуге тырысасыз ба?

– Мен де пендемін ғой. Кемшілік жіберсем, мойындаймын. Кейде соны білдірмей жауып, шама келсе өзім де оның алдында төмендемейтіндей етіп, олқылықты түзеп жіберуге тырысамын.

– Тәжірибелі ұстаз ретінде жас мамандарға не айтасыз?

– Әр берген сабағын, әр басқан қадамын ойланса екен деймін. Шәкірттің алдында адал болса екен. Осыны ойлаған мұғалім – таза мұғалім деп есептеймін.

Сұхбаттасқан: Гүлжамал Жолдығали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале