22.04.2025, 12:00
Оқылды: 273

«Сәулем-айдың» шалқытқан әндері-ай!

«Amanat» партиясының облыстық филиалының концерт залында «Сәулем-ай» әжелер ансамблінің есеп беру кеші өтті.

ac73bcb0-de5f-4212-807e-1f423bb4f615

Мәдени іс-шара Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Мәдени ағарту бірлестігі» МКҚК қолдауымен «Атамекен» комьюнити-орталығының ұйымдастыруымен  өтті.  «Сәулем-ай» әжелер ансамблі 2022 жылы наурыз айында Зәуреш Шаттықованың бастамасымен құрылған.  Ол жасы 80-ге таяса да, әлі күнге қоғамдық іс-шараларға белсене қатысады. Алғаш  11 әжемен өз жұмысын бастаған ансамбльдің құрамында  бүгіндері 18 ардагер қатысушы бар. Қазіргі күнде ансамбльдің жетекші-сі – Рабиға Алмағамбетова. Ансамбльдің музыкалық сүйемелдеушісі  – Тілек  Мұстафин.

Ансамбльдің құрылғанына көп болмаса да, осы уақытқа дейін біраз жетістікке қол жеткізген. Атап айтар болсақ, Ақтөбе қаласында өткен Е. Хасанғалиевтің 85 жылдығына арналған «Айналдым елім» атты ашық байқауында 1-орын алды. «Қариясын сыйлаған елде қасиет бар» дәстүрлі облыстық фестивальге және  Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына орай  өткен «Ән ғұмыр» атты қалалық фестивалге қатысып, «Белсенді вокалды топ» аталымымен  марапатталды. Сондай-ақ ансамбль Б. Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай жасөспірімдер мен балалар арасында алғаш рет ұйымдастырылған «Менің қиялымдағы Қожа» тақырыбында көркем фильмнен бейнесюжеттер дайындау байқауына қатысты. Әрдайым ізденісте жүретін ансамбль мүшелері «Ұлттық ойын – халық  мұрасы» атты спорттық жарыстан 1 орын,  «Үлкен кісі шежіре» атты 55 жастан асқан ардагерлер арасында  өткен қалалық спартакиададан 2-орын иеленген.

Әжелердің ән салғанын көруге біраз көрермен жиналды. Шашу шашып, ұлттық тағамнан дәм ауыз тигізіп,  қазақы қонақжайлылықтың үлгісін көрсеткен әжелердің концерті жоғары деңгейде өтті. Есеп беру кешінде «Сәулем-ай» ансамблі халық әндерімен бірге Қазақстан композиторларының әндерін орындап, көрермен көңіліне шуақ сыйлады.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале