Орал қаласында Қазақстан халық партиясының облыстық филиал активінің қатысуымен жаңа конституциялық реформаны талқылауға арналған жиын өтті. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында ұйымдастырылған басқосуда Ата заңның жаңартылған жобасындағы негізгі бағыттар таныстырылып, оның елдің саяси-құқықтық дамуына тигізер ықпалы сөз болды.

Жиын барысында жаңа Конституция жобасының басты қағидаттарына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, қоғамдық-саяси институттардың алдағы реформаларды жүзеге асырудағы рөлі, сондай-ақ жаңа басқару үлгісінің қоғам мен мемлекет арасындағы серіктестікті нығайтуға бағытталғаны айтылды. Өйткені бұл басқару форматы ел үшін маңызды шешімдер қабылдау үдерісіне азаматтардың кеңінен қатысуына жол ашады.
– Халық қолдаған жағдайда жаңартылған Конституция еліміздің дамуына тың серпін беріп, басты құжат ретінде халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар демократия қағидаттарының орнығуына негіз болады, – деді «Қазақстан халық партиясы» ҚБ Батыс Қазақстан облыстық филиалы әйелдер қанатының жетекшісі Жансұлу Төремұратова.
Партия өкілдерінің айтуынша, конституциялық реформа заңнаманы жаңғыртумен қатар демократиялық институттарды нығайтып, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болмақ. Жиында сөз алған партияның облыстық филиал төрағасы Борис Лаврентьев Ата заң жобасы жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың заңды жалғасы екенін атап өтті.
– Реформа аясында мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігі арта түседі. Жаңа Конституция жобасында ел мүддесін қорғауға бағытталған көптеген маңызды мәселе қамтылған. Сонымен қатар Ұлттық кеңестің құрылуы да орынды шешім деп есептеймін. Қазақстан халық партиясы бұл жобаны толық қолдайды және алдағы уақытта оны халыққа кеңінен түсіндіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуге дайын, – деді ол.

Жиынға қатысушылар жаңартылған Ата заң әділетті, қуатты әрі адам құқығы мен құндылықтарын басты орынға қоятын мемлекет қалыптастыруға негіз болатынына сенім білдірді. Кездесу соңында партия активі конституциялық реформаның мазмұны мен маңызын жұртшылыққа кеңінен түсіндіруге атсалысатындарын жеткізді.
Түгелбай Бисен,
«Орал өңірі»