6.04.2023, 12:45
Оқылды: 1447

Сейтекке ерген Сертек немесе тектен тамыр тартқан өнер

 

Осы бір орта бойлы, елгезек те сезімтал, жүзі де, жүрегі де жылы, көре қалса, құшағын айқара ашып, төсіңе құлай кететін ақпейілді бауырымыздың есімі аядай ауылдан асып, ел-жұртқа тарағалы қаш-а-а-ан?! Құдай жаратқан әр пенде үшін бұ дүниеде өзіне бұйырған несібесі, тармақталған тағдыры болады десек, оның пешенесіне о бастан домбырашылық бұйырыпты. Кейде тектілік пен талантты туған топырағынан, атакүлдігінен нәр алған-ау деп топшылап жататынымыз бар ғой... «Халық айтса, қалт айтпайды». Сонау 1966 жылдың 30 шілдесі күні шыр етіп дүниеге келген шаңырағы да, кіндік қаны тамған өңір де осал емес. Аталары аруақ қонған, белдескеннің белін қайырған әрі өнер дарыған жандар болса, кіндік қаны тамған мекені – қаймана қазақ «Тұңғыштар отаны» атап кеткен құм Нарын һәм Бөкей ордасы. Аяулы ұстаздары шынашақтай құймақұлақ ұлды құлыншақ кезінен танып, «ащы терін» ерте сыпырмағанда, бүгінгі биікке шыға алар ма еді, жоқ па еді, кім білген?!

a262de0d-7660-4e6f-ac62-95546e25dd6d

 Иә, рухани шөлдесе, қандастарымыздың сусындайтын алтын суаты – күй! Өнер
атаулының ішіндегі ең күрделісі де, қалам тартуға жүрек даулай бермейтіні де бота боп боз інгенді идірген осы күй! Басқаны қайдам, қазақ күйлері – әуездің (музыканың) жеті кілтіне сыя бермейтін тылсым құдірет қой. Қатақаңның (Қатимолла Бердіғалиев) тілімен айтсақ, «Қаракерін» қабырғаға ілгендердің аузынан жиі еститініміз де: «Күйді олай-бұлай деп тәптіштеп түсіндіргеннен гөрі тыңдай білу керек». Манадан бері өзін таныстыруға асықпай, алдымен, аз-мұз ғұмыр-дерегіне аялдап жатқан күйші-ұстаз Нұржан Сертековтің де айтары осы. Былтыр Мемлекет басшысыҚасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Қазақ-станның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алған кәсіби маманның бұл төңіректегі таным-білігі тіптен тереңірек. Жан-жүйеңді тазалап, өн бойыңды қуалап, бе-беулеп, гөй-гөйлеп, өз иіріміне тартып әкететін, тіпті тыңдаған сайын көкірек сарайың ашылып, сезімнің сексен көліне шомылғандай сергіте түсетін күй туралы ол сағаттап сыр шертуге бар. Естіп-білгенін ақ қағаз бетіне түсіріп, тасқа басып қалдыру да кейіпкеріміздің сүйікті ісінің бірі. Бұл жайлы сәл-пәл кейінірек...

Осы жолғы редакция тапсырмасы – айлық жоспар аясында осынау күйші азамат жайында жып-жинақы мақала әзірлеу. Мұндайда үшкір қаламды қалай сілтеп, сахна сәніне айналған өнерпаздың қай қырынан келген дұрыс деген ой еріксіз мазалайтыны хақ. Шүкір, тілге тиек етерлік нәрсе жетерлік. Өзі туып-өскен қияндағы (Сайқын ауылы) Кеңес Одағының Батыры М. Мәметова атындағы орта мектепті бітіріп, алып шаһар Алматы мемлекеттік консерваториясы қабырғасында білім алуының өзі неге тұрады?! Одан кейінгі тірлік тіні Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінде жалғасса, кейін сол кездегі Батыс Қазақстан мәдениет, бертінде Дәулеткерей есімін иеленген өнер институтында, сонсоң БҚУ-да түрлі жауапты қызметтер атқарды. «Көктемді есіктен қусаң, терезеден енеді» демекші, өн бойы саздан жаралған жанға тыныштық бермейтін бір ой – халқымыздың ажырамас серігіне айналған музыкалық төл аспабымыздың қастерлі қоңыр үнін жоғалтпау, оны жас ұрпақтың санасына мәңгі өлместей сыналап сіңіру. Бұл бағыттағы төккен тері де текке кетіп жатқан жоқ. Халықаралық, республикалық байқауларда топ жарып жүрген А. Қазиев, Д. Сейітжанов, Ж. Хасанова, Д. Тәшпенов, А. Кенжеғалиева, А. Орынғалиев, Е. Сертеков, Н. Хинекина, А. Қуанышәлиев, Б. Ғабдоллин, А. Бей-біт секілді жас дарындар – соның айқын көрінісі.

2007 – бұл жылдың иығына артқан жүгі тіптен ауыр. Өнері де, өресі де келісті, қырықтың қырқасына шыққан азамат енді қаладағы Құрманғазы атындағы саз колледжі директорының орынбасарлығына тағайындалады.  Осы жылдары ұстаздық қабілеті ұшталып, айшықтала түседі. Ізденуден талмайтын тума талант иесі күйшілікке өз өрнегін салумен қатар, тілсіз үннің өткені мен бүгінін зерделеп, қос ішекті көне мұраның тереңіне аса бір ыждағаттылықпен қарайды. Күй әлемі өлермендікке емес, өзіне деген шынайы сүйіспеншілікке зәру екенін іштей түйсінеді. «Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң арқалан» деп ұлы Абай айтқандай, аталмыш кәсіпті серік ету кім көрінгеннің қолынан келмейтініне имандай сенеді. Нұржанның ойынша, ол да өмірлік ғашығың сияқты тіршіліктің ащысы мен тәттісін бірге татқанды қалайды. Өзге түгілі, өзіңді өзің алдағаныңды кешірмейді бұл өнер! Саз самалынан түйсігі бар ортада осы пікірін айтып та жүр. Сөз арасында үзеңгілес келе жатқан қос бірдей әріптесімен бірлесіп шығарған «Ақ жайық өңірінің музыкалық фольклоры» атты кітаптан керек кісі біраз мағұлмат табатындығын да мәлімдеді. Ал енді «Күй тілінде сәуле бар» деп атаған жеке жинағына негізінен Батыс өңірінен шыққан дүлдүл домбырашылардың сирек орындалатын туындыларын топтастырыпты. Ішінде көзтаса қалған ескі күйлер (нотаға түсірген), шығармалары бүгінге жеткенімен, бейнелері көмескі тартып, тіптен жойылып, есімдері ұмытыла бастаған Жұмабай Тастайұлы секілді дарабоздарымыз да бар. Тай күнінен танылған Орданың қос перзенті – Уахит Сариев пен Бауыржан Темірәлиевтердің де бір-екі күйі осы кітапқа еніпті. «Өзімді таныту мақсат емес, өзгені тани алмай жатқанда» деуінің төркінін де енді ұғынғандаймыз. Сонымен бірге автор аталмыш еңбегінде Батыс пен Шығыстық домбыра үлгілеріне өзіндік түсінік беріп, сындырмалы және ән мен күйге арналған домбыраның ерекшеліктерін әсерлі баяндаған. Мұның сыртында мерзімді басылымдарда жарияланып жүрген танымдық тұрғыдағы мақалалары, республикалық «Қазақ» және «Шалқар» радиосында, облыстық «Ақжайық»  телеарнасында ұлттық күйді насихаттауға қатысты ұйымдастырған хабарлары қаншама?! Қазіргі Дәулеткерей атындағы халық аспаптар оркестрінің құрылуына атсалысып, алқа кеңесі құрамында музыканттарды іріктеуге қосқан үлесі де ерен. Осының бәрін өзі ел алдындағы парызым, келешек алдындағы қарызым деп ұғынады. Нұржан Орынғалиұлының кешегі сайлаудан бұрынғы қалалық мәслихаттың екі шақырылымында ең белсенді депутаттардың қатарынанда болғанын да көзкөргендер жақсы біледі. Әр жылдары өңіріне тағылған «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісі, «Мәдениет майталманы», «Қазақстан халқы ассамблеясына – 20 жыл» мерекелік медальдары, «ҚР Мәдениет саласының үздігі», «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері, тағы басқа үлкенді-кішілі мақтау-марапаттар тынымсыз да тындырымды жұмыстың қайтарымы іспеттес.

Уақыт деген арғымақ бас берген бе?! Орынбасарлық орынтақтағы бес жылды артқа қалдырып, аталмыш колледжге директор болғанының өзіне, міне, он үшінші көктем жетті. Айтпақшы, біз білетін Нұржанның жиеніне арнап шығарған «Ақерке» күйі мен «Өмір толғауы» атты әні де бар. Қара сөзге қамшы салдырмайтын шешендігін қайтерсің?! Ойы – орамды, тілі – шұрайлы.

Бір шығармашылық сапарда күйші жігіт бейтаныс ортаға түсіп, үлкендер жағы мұның руын сұрайды. Ол тегін тарқатып айтып береді. Сонда әлгі адам: «Шеркештің жақауы болсаң, күйші болдың ғой, шырағым» дегенде, «Оны қайдан білдіңіз?» депті аузына басқа сөз түспей. Бұрын-соңды жүзін көрмеген қария Жаратқан иенің әмірімен жақауларға күйшілік пен бақсылық ықылым заманнан дарығанын жеткізген. Қайран біздің бабалар-ай... Тегі арқылы да бойдағы қабілетті шамалай білген ғой!

– Алғашқы ұстазыңыз дейсіз бе? Ол – атағы алыстарға тараған Орда оркестріне дирижерлік еткен белді домбырашы Аққайыр Айтмағамбетов қой. Бүгінде Ақтөбе қаласында тұрады. Жалпы біздің әулеттен өрген ұл-қыздар түгелге дерлік домбыра, баян аспаптарында ойнайды. Ағам Сисен мен жеңгем Қарлығаш қалаға қоныс аударғанша, әлгі айтқан оркестр құрамында болды. Мұның бәрі қанмен жалғасқан қасиет деуге толық негіз бар. Шүмбет деген бабамыз күйшілік пен бақсылықты тең ұстаса, Сертек атамыз сыбызғышылықты серік еткен. Арқасы да, аңшылығы да болған. Ел ішінде «Бүркітші Сертек» деп те атаған. Біреу сеніп, біреу сенбес, бірақ шындық, бұл кісіні өзі күйші, өзі палуан-қамшыгер, атақты Сейтек (Оразалиев)  қасына ертіп жүріпті. Екеуінің жас айырмашылығы – 25 жыл. «Қайда да қаштық қой» демекші, мақтанғасын да дұрыстап мақтанайын! Атаның тағы бір құдіреті – қойдың сүйегі былай тұрсын, тай-құнанның жіліктерін тақымға қысып, бұрап сындырған көрінеді. Алла Тағала да  атасында жоқты ботасына бермейді ғой, Сайқында тұратын ең үлкен ағам Жұмағалидың бойындағы емшілік қасиет соның бір дәлеліндей, – дейді өнерпаз азамат бабалары туралы әңгімесін әріден қозғап.

Тізгін тартар тұсқа да жеттік. «Өнерсіз адам болса да, өнерсіз қазақ болмайды» (Қадыр). Тектінің тұяғы Нұржан – сол қазақтың біреуі һәм бірегейі. Ол орындаған қандай күй болмасын, көңіл пернесін тербетіп, «құлақтан кіріп, бойды алады». Кішкентай отаны – Ордасы жүрегіне осындай сәулелі сезім сыйлаған соң, тастүлектей түлемеске шарасы да жоқ. Өнер көгінде самғай бер, қанат қаққан сайын қатаяды, інім!

 

Бауыржан Бисенов,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале