Бүгін Орал қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, «Тілдерді оқыту мен дамыту оқу-әдістемелік орталығының» ұйымдастыруымен «Қазақ тілін оқытудағы әдістемелік бірізділік, тәжірибе және даму жолдары» атты семинар-кеңес өтті.

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент, «Облыстық қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алтынбек Абдулмановтың модераторлығымен өткен семинарға облыстық білім басқармасының қазақ тілі пәнінің әдіскері Альбена Қуатова, Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Роза Зайнуллина, дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының қазақ тілі пәнінің оқытушысы Ақерке Байжиенова,
Орал қалалық білім бөлімінің әдіскері Гүлназ Ниязова, тіл жанашыры Ақмарал Мусилова, Эстетикалық бағыттағы гимназияның қазақ тілі пәнінің мұғалімі Әділхан Сұлтанов, №20 жалпы орта білім беретін мектептің қазақ тілі пәні мұғалімі Зарифа Габдуалиева, ҚХА «Вайнах» шешен-ингуш қоғамы ҚБ мүшесі Диана Алимсултанова, «Жұмбақтас» балабақшасының қазақ тілі мұғалімі Любовь Айтасова, қазақ тілі пәнінің оқытушысы Ирина Суетина, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенті Ернар Жакупов қатысты.

Күн тәртібіндегі қазақ тілі пәні бойынша жаңартылған бағдарламаның кемшіліктері мен артықшылықтары, қазақ тілі пәнін оқытудың әдістемелік негізі, қазақ тілі пәнінің мемлекеттік тілді оқытудың деңгейлік жүйесіндегі орны секілді тақырыптар қозғалып, тіл жанашырлары тарапынан түрлі ұсыныстар айтылды.

Семинар-кеңес соңында ұйымдастырушылар атынан орталықтың маман-сарапшысы Ұлбазар Нұрмаханова іс-тәжірибесімен бөліскен спикерлерге алғысхаттар табыстап, алғысын білдірді.
Айжан Бауыржанқызы,
ҚР Журналистер одағының мүшесі