6.12.2022, 9:46
Оқылды: 271

Сенат депутаттығына кімдер үміткер бола алады?

ҚР Парламент Сенатының депутаттарын сайлау алдағы жылдың 14 қаңтарында өтеді. Депутаттыққа  үміткерлер тіркеле бастады. Сенат депутаттығына кімдер үміткер бола алады? Олар қандай талаптарға сай болуы шарт? Бұл туралы өткен жұма күні облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақовпен аз-кем тілдескен едік.

капаков гайса_2020

Сенаторлыққа үміткерлерді облыстық сайлау комиссиялары мен республикалық маңызы бар қалалардың сайлау комиссиясы тіркейді. Үміткерлер 29 қараша – 14 желтоқсан аралығында ұсынылуы тиіс.

24 желтоқсанға дейін құжаттары тексеріліп, тіркеуден өтеді. Сайлауалды үгіт-насихат 24 желтоқсаннан 13 қаңтарға дейін жалғасады. 13 қаңтар – тыныштық күні. 14 қаңтарда дауыс беру өтеді. Сенат депутаттары облыстық мәслихат депутаттарының жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы анықталады. Сайлау қорытындысы 20 қаңтарда шығады. Депутаттыққа үміткер табысы мен мүлкі туралы декларациясын көрсетіп, 900 000 теңге жарна төлеуі қажет. Үміткерлер сайлауға қала мәслихатының және саяси партиялардың ұсынуы бойынша қатыса алады.

Сондай-ақ тұрғындардың өз-өзін ұсынуға да мүмкіндігі  бар.

– Парламент Сенатына депутаттыққа үміткерлерді тіркеу басталды. Депутаттыққа соңғы 10 жылда Қазақстанда тұрған, жасы 30-дан асқан, жоғары білімді, сотталмаған және кем дегенде 5 жыл еңбек өтілі бар адам үміткер болады. Осы талаптарға қоса, сенаторлыққа үміткер өзі ұсынылып отырған облыстың, республикалық маңызы бар қаланың немесе бас қаланың аумағында кемінде 3 жыл тұрақты тұруы тиіс. Облыста әр түрлі деңгейдегі (аудандық, қалалық, облыстық) 90 депутат бар. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы сайлау науқаны бойынша күнтізбелік жоспар енгізді. Қазақстан Парламентінің Сенатына әр облыстан екі депутат сайланады. Әзірге облыс бойынша бес үміткер тіркелді, – деді Ғайса Хамидоллаұлы.

Айта кетсек, Қазақстан Парламентінің Сенаты – Қазақстан Республикасының қос палатадан құралған Парламентінің жоғары палатасы. Сенат депуттары үш жыл сайын сайланады және олар өздері ұсынылған облыстың мәселелерін билікке жеткізіп, өңір мүддесін қорғауы тиіс.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале