17.01.2023, 9:15
Оқылды: 55

Сенат депутатын сайлады

14 қаңтар күні ҚР Парламенті Сенатының  депутаттарын сайлау өтті. Соның қорытындысына сәйкес облыс бойынша үміткерлер арасынан Арман Өтеғұлов жергілікті мәслихат депутаттарының басым дауысына ие болды.  

afefa7ee-4c81-42ea-ae16-f45d492ab26a

Санитарлық талапқа сай өткен жиынның ашылуында облыстық мәслихаттың төрағасы Бибігүл Қонысбаева сайлауға қатысу үшін өңірден сегіз үміткер өтініш бергенін, алайда олардың үшеуі ғана барлық құжатты тапсырып, 900 мың теңге жарна төлегенін айтты. Орталық сайлау комиссиясында БҚО-да үш үміткер тіркелген. Олар – Айболат Құрымбаев, Арман Өтеғұлов, Ақылбек Сұлтанов. Сайлаушылардың бірлескен отырысына жергілікті 185 депутаттың 172-сі, яғни 93 пайызы қатысты. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов таңдаушыларға сайлау ережесін түсіндірді. Мәслихат депутаттары жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс берген соң, облыстық сайлау комиссиясының мүшелері бұқаралық ақпарат құралдары мен байқаушылардың көз алдында  бюллетеньдерді санады.

– Сенат депутаттығына үміткер үш азамат аудан-ауылдарға барып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Облыстық телеарна мен газеттерде сайлауалды бағдарламалары туралы мәліметтер жариялады. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз мәслихатын өткізді.

Бүгін, міне, мәслихат депутаттарының  бірлескен отырысында сенаторды сайладық. Сайлау қорытындысы бойынша Айболат Құрымбаев 15 дауыс, Арман Өтеғұлов 127 дауыс және Ақылбек Сұлтанов  25 дауыс жинады. Үш депутат «Бәріне қарсымын» бағанын  таңдаса, екі бюллетеньді таңдаушылар бүлдіріп алды. Сайлау ашық демократия талаптарына, сайлау заңнамаларында белгіленген рәсімдерге сай өтті. Бюллетеньдер де, өздеріңіз куә болғандай, көз алдарыңызда саналды.

Ешқандай құқықбұзушылық тіркелген жоқ, – деді Ғайса Хамидоллаұлы.

Жиын соңында Арман Өтеғұлов өзіне дауыс берген депутаттарға алғыс айтып, ел сенімін ақтау үшін еңбектенетінін жеткізді.

– Мені қолдап, дауыс бергендеріңіз үшін алғыс айтамын.  Осы өңірде туып-өстім, аудандарда қызмет еттім. Облыстың өзекті мәселелерін бір кісідей білемін десем, артық айтқандық емес. Болашақта өңіріміздің дамуына үлес қосып, сіздердің сенімдеріңізді ақтаймын деп ойлаймын. Еліміздің өркендеуі үшін білім-білігім мен  көп жылғы тәжірибемді жұмсаймын, – деді ол.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале