ҚР Парламенті Сенатының депутаты Динар Нөкетаева Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында халықтың жылдам өсіп жатқанына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Премьер-Министрінің атына депутаттық сауал жолдаған Динар Нөкетаева заңнамадағы ішкі көші-қонның проблемаларын көтерді.
Айтуынша, бұл процестің бақылауға алынбауы әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуға және мемлекеттің қауіпсіздігін нығайтуға кедергі келтіріп отыр.
«Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның ақпараты бойынша, Қазақстандағы ішкі көші-қон жыл сайын 1 миллионнан астам адамды қамтиды. Ішкі көші-қонның негізгі бағыты Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары болып қалып отыр. 1992 жылы ел халқының жалпы санындағы осы үш қаланың үлесі 11,1% болса, 2021 жылы 22,6% - ға дейін (екі есе) өсті. Мұндай қарқын қазірдің өзінде ірі қалалар мен өңірлердің тым көп қоныстануына, ауыл халқының азаюы есебінен көші-қон процестерінің теңгерімсіздігіне, қоғамдағы әлеуметтік шиеленістің ұлғаюына, жұмыссыздықтың өсуіне, тұрғын үй мәселесінің нашарлауына, жалпы білім беру және медицина мекемелерінің жетіспеуіне және т. б. проблемаларға алып келіп отыр», - деді депутат.
Оның айтуына қарағанда, көші-қонның дұрыс реттелмеуінен отбасылар бұзылып жатыр.
«Соңғы үш жылда ажырасулар саны артып, 45%-ға жетті. Олардың негізгі себебі жұмыссыздықпен және көші-қон процестерімен байланысты табыстардың болмауынан туындауда. Әлемдік тәжірибені ескере отырып, ішкі көші-қон саясатын қайта қарауды ұсынамын. Есепке алынбаған ішкі көші-қон мәселелерін ерекше бақылауға қою, сондай-ақ, ауылдық аумақтарға баса назар аудара отырып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңғыртумен өзара байланыста ішкі көші-қон ағынын болжау мен реттеуді жетілдіру маңызды», - деді Динар Нөкетаева.