4.05.2023, 10:15
Оқылды: 56

Сенімгерлік басқару қай тарапқа тиімді?..

Таяуда өткен облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен  отырысында теннистен  облыстық мамандандырылған олимпиада резервінің балалар мен  жасөспірімдер  спорт мектебін мүліктік кешен ретінде сенімгерлік басқаруға беру және  «Ақжайық»  футбол клубының қаржылық мәселесі қаралды. 

08a7993e-7a9c-4a02-b7f1-c12586d2645f

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров аталған мекемені сенімгерлік басқаруға беру мақсатында байқау өткенін хабарлады. Конкурс жеңімпазы да  анықталыпты.

– Сенімгерлік басқару мерзімі – 5 жыл. Осы аралықта теннис орталығына мемлекеттен 881 325 000 теңге бөлінеді. Бұл дегеніміз – жылына орталық бюджеттен 172 миллион теңге алады деген сөз. Яғни ол ақшаны мемлекет теннис мектебін толықтай қамтамасыз ету үшін сенімгерлікке берсе де, бермесе де, төлеп тұрады. Оның үстіне жеке әріптес аталған орталыққа 56 188 000 теңге бөліп, жөндеу жүргізуі тиіс, – деді дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен  Есендияров.

Нысанның жеке меншікке беріліп, оның үстіне мемлекеттен қосымша қаржыландырылатыны, кәсіпкердің бес жылда небәрі 50 миллионнан астам теңге инвестиция салатыны депутаттардың түсініспеушілігін  тудырды.

– Аталған спорт мектебі жыл сайын 213 миллион теңге пайда табады. Оған бес жыл бойы спорт мектебін ұстап тұруға бөлінетін 800 милионнан астам қаражатты қоссақ, миллардтан асады. Сонда осынша қаржы бөле отырып, бір спорт мектебін жөндеп басқара алмаймыз ба? 50 миллион береді екен деп кез келген нысанды көлденең көк аттыға бере береміз бе? Неге спорт басқармасы теннис мектебін толықтай өзі басқара бермейді? – деген сауалын қойды депутат Тұрарбек  Төлемісов.

Сегіз жыл бұрын іске қосылған нысанда осы күні 184 бала жаттығады. Ал оны сенімгерлікке алған серіктес бес жылда бұл көрсеткішті 900-ден асырмақшы екен. Депутаттар ол сөзге де күмән келтірді. Жобаның шикі тұстары көп екені де айтылды. Нысанның сенімгерлікке берілуінің өзі түсініксіз жағдай болғаны, ондай конкурстың болатыны жайында ерте құлақтандырмағаны да жиында сөз болды. Оның үстіне мәслихаттың қаралуында бекітілмеген.

– Жыл сайын теннис орталығына 180 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсаймыз. 184 тәрбиеленуші бар. Орта есеппен алып қарасақ, бір балаға 1 миллионнан келеді. Ал теннис – елімізде онша танымал емес спорт түрі. Облысымызда мықты дамыған, халықтың сұранысына ие, бірақ қаржысы аз спорт түрлері бар. Неге біз сол спорт түрлеріне ақшаны бұрмаймыз? — деді депутат Азамат Бисенов.

Бұл сұрақтардың барлығына дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы барынша жауап беріп, сенімгерлік басқаруға берудің тиімді тұстарын көрсетуге тырысты. Қаймен Есенаманұлының сөзінше, теннис мектебін жеке кәсіпкерге беру шетелден білікті бапкер шақыруға септігін тигізеді екен. Яғни теннис орталығы мемлекет меншігінде болса, жаттықтырушыға 200 мың  теңгеден артық жалақы төленбейді. Ал жаңа қожайын мұндай шектеу қоймайды. Бірақ депутаттар бұл уәжге де сенбей, сенімгерлік басқаруға беру мәселесін ашық күйі қалдырды.

«Ақжайық» футбол клубының қаржылық мәселесі де қызу талқыға түсті. Осы күні бюджетінің қысқаруы команданың жарыстарға толыққанды шығуына кері әсерін тигізіп отыр. Әсіресе балалар футболы қажетті ақшадан қағылған. 2021 жылдан бері үш миллиардқа жуық ақша алған футбол клубының нәтижесі төмендеуіне байланысты  қаржы  қысқартылған.

– Былтыр премьер-лигада ойнаған «Ақжайық» 14-ші орын алып, бірінші лигаға түсіп қалды. Сол себепті қаржыны қысқарттық, – деді Қаймен  Есендияров.

Депутаттар миллиардтаған қаржы алатын футбол клубының иесі өз міндеттемелерін жөнді орындамай отырғанын да айтты.

– Соңғы үш жылдағы футбол клубының көрсеткіштері көз алдымызда. Бұрынғы облыс басшысына манеж саламыз деген ауызша уәдесі де бар. Бірақ ол уәде орындалмады, – деді облыстық мәслихаттың төрағасы Мұрат Мұқаев.

Комиссия отырысында команда стадионының азып-тозғаны да айтылды. Стадионға арнайы барып, нысан жағдайымен танысқан комиссия мүшесі Борис Лаврентьев тиісті жөндеудің жүргізілмей отырғанын айтты.Бұл мәселе бойынша өз уәжін келтірген «Ақжайық» футбол клубының директоры Манарбек Ержанов сенімгерлік басқаруға алған серіктес пен беруші арасындағы келісімшартта стадионды күрделі жөндеуге жабу жайлы ешқандай сөз жоқ екенін алға тартты. Ал ағымдағы жөндеу жұмыстарын серіктес келісімге сай жүргізуде. Қазірдің өзінде стадионның қасбеті жөнделіп, жуынатын жерлер мен командалардың киім шешетін орындары ретке келтіріліп  жатыр.

– Клубтың қаржысы қысқарғанына қарамастан, қолдан келгенді жасап жатырмыз. Осы күні команданың ешбір ойыншы мен бапкердің алдында қарызы жоқ. Бізге жас футболшыларымыздың алаңсыз ойнап, ел чемпионаттарына қатысуына қажетті қаражат бөлінгені ғана керек, – деді Манарбек Ержанов.

Футбол клубының мәселесі келер айда тағы да талқыға түседі. Депутаттар спорт басқармасы мен клуб басшылығының басын қосып, нақты шешім  қабылдамақ.

Түгелбай  Бисен,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале