12.05.2022, 10:30
Оқылды: 336

Серік Қайырлиев, Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы: «Қазақ мектебіне қадам басайық!»

91C395C2-9454-4148-9548-3F30361D9EEC

Серік Ерболатұлы, былтыр сіз басқаратын бөлімнің тікелей атсалысуымен өткен бірқатар ауқымды шараның куәсі болдық. Мәселен, «JaiyqFilmFest» кинофестивалі, «Өнер барысы» турнирі және басқа да іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ал биылғы жылға қандай жоспарларыңыз бар?

– Жаңа өзіңіз атап өткен іс-шаралар дәстүрлі түрде жалғасын табады. Халықаралық, республикалық деңгейде фестивальдер өтеді. Сонымен қатар былтыр жұмысқа кіріскен қалалық мәдениағарту бірлестігіне қарасты

«Алтын орда» балалар мен жасөспірімдер қоғамдық театры бірқатар қойылымды сахналады. Театрдың басты мақсаты – балалардың шығармашылыққа деген қызығушылығын арттыру, қолдау көрсету. Бүгінде аталмыш ұжым құрамында жетпіске жуық жас әртіс бар. «Алладдиннің  сиқырлы шамы», «Бес ешкі + бір ешкі», «Кім патша?» ертегілері мен С. Досановтың «Тозақ шеңбері» драмалық пьесасын сахналап, көрерменге ұсынып үлгерді. Жуырда қырғыз драматургі Бурул Калчабаеваның «Қоңырау» ертегісінің премьерасы өтті. Театр жыл соңына дейін репертуарын үш бірдей қойылыммен толықтырмақ. Оның біреуі әрі батыр, әрі әйгілі шешен Сырым Датұлының 280 жылдығына арналады. Ал жастар мәдениет үйі жанынан құрылған «Ғасыр жастары» қоғамдық жастар театры «Ғасырдан да ұзақ күн», «Желтоқсан түні» қойылымдарын сахналаған болатын. Биыл жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасы желісінде «Қиял» атты эксцентрикалық фарс комедиясын ұсынуда. Айта кетейін, «Балалар жылы» аясында «Театрдың ғажайып әлемі» атты балалар театрларының арасында аймақтық байқау өтпек. Байқауға қатысуға көршілес қалалардан ұсыныстар  түсіп  жатыр.

Орал қаласы және оның тарихы туралы тағы қандай кітаптар жарыққа шығады?

– Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Орал қаласы сұрапыл соғыс жылдарында» атты кітап жарық көрді. Былтыр «Орал қаласының тарихы» атты жинақты басып шығардық. Кітапты дайындау барысында тарих ғылымдарының докторы, профессоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Тұяқбай Рысбеков бастаған жергілікті тарихшылар мен өлкетанушылар қолұшын созды. Жақында ҚР Ұлттық кітапханасының ұсынысымен, қалалық әкімдіктің қолдауымен «Орал қаласының тарихы» кітабының тұсаукесері Алматы қаласында өтті. Тұсаукесерге республикалық газет-журнал редакторлары, ғалымдар, ақындар, суретші-дизайнерлер және басқа да танымал тұлғалар қатысты. Ал биыл Орал қаласының құрметті азаматтары туралы жинақ шығару мақсатында мағлұмат жинауда.

Мәдениет және әдебиет қайраткерлерінің мерейтойларына арналған іс-шаралар ұйымдастырыла ма?

– КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Халық Қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына арналған «Қазақтың бұлбұлы» театрландырылған концерті мен Қазақстанның халық әртісі, биші Шара Жиенқұлованың туғанына 110 жыл толуына орай ІІ «Биле, Ақжайық» атты облыстық би байқауын өткізбекпіз. Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың туғанына 100 жыл толуына байланысты қалалық мәдени-ағарту бірлестігінің ұйымдастыруымен «Даңқы өшпес ерлікке – мәңгілік құрмет» атты қалалық патриоттық әндер байқауы оздырылады. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай «Дәуірдің жарық жұлдызы» атты әдеби сағат және «Ұлттың ұлы ұстазы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылады. ЮНЕСКО және республика көлемінде ғалым шығармаларын насихаттау мақсатында жыл бойына кітап көрмелері, тәрбие сағаттары өткізіледі.

Тіліміздің қолданыс аясын кеңейту мақсатында қандай бастамалар қолға алынуда?

– ҚР «Тіл туралы» заңын басшылыққа ала отырып, тіл саясатын жүзеге асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Орал қаласында іс-шаралар жоспары жасалды. 2022 жылы 22 қаңтарда «Тіл туралы» заңның көрнекі ақпаратқа қатысты жасалған өзгерістері мен толықтырулары қолданысқа енгізілді.

Мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлік нысан басшыларына түсінік жұмыстары жүргізілуде. Жаңа өзгерістер бойынша кәсіпкерлік субъектілердің бланкілері мен маңдайшалары тек мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда өзге  тілде  жазылады.

Өз ана тілімізде, яғни мемлекеттік тілде оқитын бала санын көбейту мақсатында «Қазақ мектебіне қадам басайық!» жобасы қолға алынды. Мектепке дейінгі даярлық тобы мен балабақшалардың орыс топтарында тәрбиеленіп жатқан қандастарымыздың ата-аналарымен кездесеміз. Бұл – бір күннің шаруасы емес. Әрине, таңдау ата-аналардың өз еркінде. Дегенмен мемлекеттік тіл саясатын тиісті деңгейге жеткізу үшін халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалымен бірлесіп, мәселенің себебін анықтап, оны шешу жолдарын қарастырамыз. Ұл-қыздарымыздың ана тілінде білім алғаны жөн.

Біздің бөлімнің әлеуметтік желі парақшаларында «Тіл әлемі» жобасы аясында облысымыздағы тіл жанашырларымен «Сіз не дейсіз?» атты тікелей эфир тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге өзге этностарды тарту үшін Қазақстан халқы ассамблеясы БҚО бойынша өкілдерінің арасында іс-шара өткізу жоспарда бар. Бірқатар көше атауы қазақшаланды. Х.Доспанова, Ә.Молдағұлова және М.Мәметованың композициялық ескерткіші орналасқан алаң «Батыр қыздар алаңы» болып өзгертілді. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Московская көшесі Тәуелсіздік көшесі болып, Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына орай Л. Мирзоян көшесі Желтоқсан көшесі болып өзгертілді. Сонымен қатар ескі әуежай ауданындағы көшелерге белгілі қоғам қайраткерлері мен тарихи тұлғалардың есімдері берілді.

Серік Ерболатұлы, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты мекемелер жайлы айтсаңыз. Олардың арасында ғимараты күрделі жөндеуді қажет ететіндері бар ма?

– Барлық мәдениет мекемелерінің негізгі жұмысы – халықты мәдени-демалыс қызметімен кең көлемде қамту. Біздің бөлімге төрт мекеме қарайды. Олар – жастар мәдениет сарайы, мәдени-ағарту бірлестігі, орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, мәдениет және демалыс саябақтары мен скверлер дирекциясы. Аталған мекемелердің өзі бірнеше балалар аула клубынан, орталықтардан, бөлімдерден  тұрады.

Өздеріңізге белгілі, қаламызда комьюнити орталықтары жұмыс істей бастады. Мәселен, «Өркен», «Жұлдыз», «Арай» комьюнити орталықтары тәрбиеленушілері бүгінде жақсы жетістіктерге жетіп жүр. «Бәйтерек», «Атамекен» балалар аула клубтарының ғимараты жөнделіп, комьюнити орталық ретінде қайта жасақталды. Биыл «Ақберен», «Балауса» комьюнити орталықтары жұмысын бастады. Бұйырса, Орал қаласындағы Деркөл кентіне қарасты Ынтымақ (Ветелки) ауылында да комьюнити орталық  жасақталмақ.

Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде де бірнеше филиал күрделі жөндеуден өтті. №6 кітапхана филиалы жөнделсе, №3, 7, 8, 14 кітапханалар типтік жобадағы тұрғын үйлердің төменгі қабатына көшірілді. №9, 10 кітапхана филиалдары, жастар мәдениет үйі, «Деркөл» МДО ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізуге ЖСҚ дайындалды. Қалалық көрме залына, аула клубтарына, «Жас ұрпақ» жасөспірімдердің әлеуметтік даму орталығына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

– Тартысты байқауларда өңір намысын қорғап жүргендерге қандай қолдау көрсетілуде?

– «Бәйтерек» комьюнити орталығының тәрбиеленушісі, бүкіл әлем көз тіккен халықаралық «Junior Eurovi­sion – 2021» ән байқауының қатысушысы Әлинұр Хамзиннің «Арманым алға жетеле» атты ән кешін өткіздік. Жас әнші Райымбек Самигулиннің «Әнмен егіз жүрегім» атты шығармашылық кеші, суретші Дәурен Ғұмаров пен Жеңісбек Өтешевтің, фотограф Гордей Трищенковтың көрмесі ұйымдастырылды. «X-Designers Uralsk –2022», «Kazakhstan Fashion week» сән апталықтары өткізілді. Жыл сайын «Ақ Жайық шеберлер қаласы» қолөнер көрмесі, «Ұлы дала өрнектері» атты шеберлік сағаттары оздырылады. Тіл жанашыры, аудармашы Гүлнәр Әлжанованың «Қолтаңбам бар менің де» және педагог Зоя Асимованың «Шагнувшие в вечность» атты кітабын шығаруға көмектестік.

Биыл қала күні қалай тойланады?

– Қолөнер жәрмеңкесі, түрлі фестивальдер, жергілікті ақын-композиторлардың шығармашылық кештері ұйымдастырылады. «JаiyqFilmFest» кинофестивалі биыл да өтеді. Бұл іс-шараны өткізудегі басты мақсат – өңірімізде киноөнерін дамытып, кино түсірумен айналысатын жастарға қолдау көрсету. Орал қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақ ұлттық өнер университеті «Кино өнері және телевизия» факультетінің ұстаздары, танымал кинооператор, кинорежиссер Талғат Тайшанов пен режиссер Ерлан Нұрмұхамбетов осы жылы қаламызда қысқаметражды екі фильм түсіреді.

Жақында Алматы қаласына барып, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақан Сатаевпен кездестік. Кинофестивальдің жоспары талқыланды. Өз кезегінде Ақан Сатаев шараға қолдау көрсететінін, алдағы уақытта біздің қаламыздың тарихи орындары мен сұлу табиғаты аясында кинотүсірілім жасайтын ойы бар екенін айтты.

Сіз бөлім басшылығына тағайындалған уақыттан бері қандай өзгерістер мен тың жаңалықтар болды?

– Мәдени-ағарту бірлестігінің Гагарин атындағы балалар кинотеатры жанынан алғаш рет қоғамдық киноклуб құрылды. Бұл клуб кино өнеріне қызығатын жастардың басын қосты. Бүгінде жиырмаға жуық жас киноклубқа мүше. Ал жоғарыда айтылған театрлар балалар мен жастардың қабілетін шыңдау мақсатында жұмыс істеуде. Мемлекеттік қызметшілер мен мәдениет қызметкерлері арасында жарыстар өткізу үшін жоспарға бірнеше жаңа жоба енгіздім. Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай аталмыш сала өкілдерінің қатысуымен «Мәдениетім – мәртебем» атты облыстық туристік слет ұйымдастырылды. Қазақ күресінен мәдениет қызметкерлері арасында «Өнер барысы» балуандар сайысын өткіздік. Жазғы демалыс кезінде балалардың уақытын тиімді пайдаланып, еңбекке баулу мақсатында балалар аула клубтарында тұңғыш рет «Жазғы бау-бақша лагері» құрылды. Бұл лагерьде балалар жаз мезгілінде бау-бақша өнімдерін күтіп-баптауды, өсіруді үйренеді. Бұл жас жеткіншектердің физикалық тұрғыда дамуына да үлкен септігін тигізеді. Орал қаласындағы Жеңіс алаңында ашық аспан астында әскери техникалардан музей құрылды. Музейге әскери техникалардың көшірмелері қойылып,

олар жайлы анықтамалар жазылды. Былтыр Орал қалалық кітапханасында «Абай залы» ашылды. Сонымен қоса, №6 кітапхана филиалы қазіргі заманауи талаптарға сай жөндеуден өткізілді. Осылайша қаламыздың мәдениет саласын өркендету үшін шығармашылық ізденіске негізделген жүйелі  жұмыс  қанат  жаюда.

 Сұхбаттасқан Марлен Мәлікұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале