Балық өсіру де кәсіптің бір түрі болса, оны аулау – жанғажайлылық сыйлайтын демалыс. Сондай-ақ балықтың адам ағзасына да пайдасы зор. Осы орайда облыстағы балық шаруашылығының жай-жапсарын білуді жөн көріп, тиісті сала мамандарынахабарласқан едік.
БҚО бойынша балық инспекциясы басқармасының бас маманы Гүлжан Абдулова-Климованың айтуынша, облыс аумағында балық шаруашылығына арналған 150 су айдыны бар. Оның 91-і облыс әкімдігінің қаулысы бойынша жергілікті маңызы бар айдындардың тізіміне енген. Бүгінде 44 балық шаруашылығы 58 су айдынын балық өсіру үшін пайдаланып отыр. Жыл сайын аталмыш шаруашылықтар ғылыми ұсынымдар негізінде су айдындарына шабақ жібереді. Мысалы, 44 балық шаруашылығының 8-і спорттық-әуесқойлық балық аулаумен айналысады. Оларға бекітілген су қоймаларынан балық аулау үшін рұқсат қағазы керек. Әрі бір балықшыға 5 келіден артық балық аулауға болмайды. Ал 26 шаруашылық көлдік-тауарлық балық шаруашылығын жүргізіп отыр екен. Бұл шаруашылықтар шабақтарды су айдынына жібереді. Шабақтар тауарлық қалыпқа жеткенда ғана аулауға рұқсат береді. Қалған 24 шаруашылықтың жұмысы – кәсіпшілік балық аулау. Мұнда ауланатын балық мөлшерін бекітілген лимиттен асырмау керек.
Өңірде балық шаруашылығы субьектілеріне бекітіліп берілген су айдындарынан басқа резервтік су айдындары да бар. Тұрғындар балық аулау қағидасына сәйкес, аталмыш айдындардан 5 келіге дейін тегін және рұқсат қағазынсыз-ақ балық аулай алады. Егер ауланған балықтың мөлшері 5 келіден асып кетсе, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасынан рұқсат алуы қажет. Аулау құралындағы ілмекті бесеуден асырмауы шарт.
– Өткен жылдары өңірдегі «Урал-Каспий» жеке кәсіпкерлігі балық өнімдерін қайта өңдеумен айналысқан еді. Алайда кәсіпкер бұл жұмысты тоқтатып қойды. Себебі қайта өңдеуге қажет шикізаттың жеткіліксіздігі қолбайлау болып отыр. Жалпы, өңірдегі кәсіпшілік балық аулаумен айналысатын шаруашылықтар шикізатты, яғни шабақтарды өз қаражаттарына сатып алады. Бүгінде облыста «Лифкина» ЖШС ғана шабақ өсіреді, - дейді бас маман.
Гүлжан Райысқызының айтуынша, соңғы жылдары балық шаруашылығымен айналысатын көптеген субъекті судың тапшылығына байланысты жұмысын тоқтатқан. Балық шаруашылығына арналған айдындардың негізгі бөлігі Жайық өзенінің, қар және тасқын суымен толығады. Ал Жайықтың қазіргі жағдайының қандай екені белгілі. Оған да Ресейдің суын «сатып алып құямыз». Сондықтан су деңгейі үнемі төмен болса, балықтың табиғи өсімі кемиді. Бұл биоресурстардың қорына, балық аулау көлеміне кері әсер етеді. Әрине, аталмыш мәселенің мемлекеттік деңгейде шешілетіні белгілі.
– Қазір балық шаруашылығымен айналысатындарға шабақ әкелу қиындап кетті. Ең үлкен мәселе де осы. Бұрын олар шабақты Ресейден жеткізетін еді. Бүгіндері Ресей шабақ экспорттаудың талабын күшейтті. Ал шабақты еліміздің өзге өңірлерінен әкелуге жер шалғай. Мысалы, шабақты Шығыс немесе Оңтүстік Қазақстаннан әкелетін болса, олар жолда өліп қалады. Жоғарыда атап өткен «Лифкина» ЖШС-ның барлық шаруаны шабақпен қамтуға шамасы жетпейді, – дейді бас маман.
2021 жылы облыста 148,846 тонна балық ауланған екен. Жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін төленген жалпы сома – 3 395 410 теңге. Ағымдағы жылдың шілде айынан бері кәсіпшілік балық аулаумен 1 тоннадан астам балық ауланған. Айта кету керек, иелігіне су айдындары бекітілген шаруашылықтардың бәрі балық аулауға рұқсат қағаз береді. Алайда заңсыз балық аулайтындар да жоқ емес. Инспекторлар, әсіресе, балықтың уылдырық шашатын кезеңінде қырағылықты күшейтеді. Себебі бұл кезде балық аулауға болмайды. Заңсыз аулағандар әкімшілік жазаға тартылады. Мәселен, былтыр балық аулау ережесін бұзған 278 адамға 4 454 259 теңге айыппұл салынған.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасының мәліметінше, акваөсіру, яғни балық өсіру шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыру, асыл тұқымды балық өсіруді дамыту үшін субсидия беріледі. Ол үшін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің биылғы 24 мамырдағы №180 бұйрығымен қағида бекітілген. Соған сәйкес тауарлы балық өсірушілер демеуқаржы ала алады. Атап айтқанда, бекіре, албырт, тұқы, жайын, цихлид, лат, араван тұқымдас балықтар мен олардың будандарын, шаян тәрізділердің азықтарын сатып алуға кеткен шығынның 30 пайызы, балық өсіру материалының және балық өсіру-биологиялық негіздемесінің 50%-ы, дәрілік препараттардың 50%-ы субсидияланады. Сондай-ақ аналық балық үйірін сатып алу және оларды күтіп-ұстау шығындарының 50%-ын өтеу арқылы акваөсіру өнімінің өзіндік құнын төмендетуге демеуқаржы беріледі.
Субсидиялар тауар өндірушілерге жергілікті бюджетте көзделген қаражат есебінен және соның шегінде төленеді. Балық шаруашылығы саласындағы тауар өндірушілерге инвестсубсидия да беріледі. Мысалы, биыл тауарлы балық өсірушілерге 3,8 млн теңге көлемінде субсидия бөлінген. Бұл қаражат құзырлы министрліктің «Инвестициялық салымдар кезінде балық шаруашылығы субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес таратылады.
Ясипа Рахимқызы,
zhaikpress.kz