«Қазсушар» РМК БҚО филиалының мәліметіне сәйкес, жақын күндері Шаған, Деркөл, Жайық өзендерінде су деңгейінің көтерілуі және қауіпті деңгейден асуы күтіліп отыр.
Фото: БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен
- Судың жайылып, тасқын болуы мүмкін. Сондықтан өзен жайылмаларында орналасқан бау-бақша серіктестіктері, ондағы тұрғынжайлар зардап шегуі мүмкін. Тұрғындардан су тасқынына дайын болуды, қажетті іс-шараларды қолға алуды, су тасқынына дейін алдын ала қауіпсіз жерге көшуді сұраймыз, - делінген Орал қаласы әкімдігінің хабарламасында.
Су тасқыны қаупі туралы алдын ала хабарланған кезде:
—Радио, теледидар, интернеттегі ақпаратты қадағалаңыз;
—Газ, электр қуатын және суды өшіріңіз;
—Құжаттарды су өткізбейтін пакетке салыңыз;
—Ақшаны, киім, тамақ және дәрі дәрмекті дайындаңыз.
—Бағалы заттар мен жиһаздарды судан қауіпсіз жерлерге орналастырыңыз;
—Үй жануарларын жіптен босатыңыз және оларды қауіпсіз жерге апарыңыз;
Егер су тасқыны орын болса:
—Дәрі-дәрмек, азық-түлік, су қорын және алғашқы көмек жинағын алыңыз;
—Су тасқыны аймағынан шығыңыз;
—Эвакуация үшін жинау орнына барыңыз;
—Мүмкіндік болса, суда қалған адамдарға шұғыл түрде көмектесіңіз;
Егер эвакуациялау мүмкін болмаса:
—101 немесе 112 нөміріне қоңырау шалыңыз және орналасқан жеріңіз туралы хабарлаңыз;
—Мүмкіндігінше тезірек жақын маңдағы қауіпсіз биік орынға (жоғарғы қабаттар, шатыр) орналасыңыз;
—Көмек келгенге дейін үйде болыңыз, сигнал беріңіз (күндіз-ақ немесе түрлі-түсті материалмен, түнде фонарь пайдаланыңыз).