6.12.2021, 9:59
Оқылды: 105

Шаһар басшысынан алғыс алды

Тәуелсіздіктің төл құрдастары биыл 30 жаста. Егемен елмен бірге өсіп келе жатқан олардың мақсаты айқын, ойы азат. Керісінше болуы мүмкін де емес. Өйткені 1991 жылы туған ел азаматтары бодандықтан бостандыққа аяқ басқан шақта өмір есігін ашты. Ал бүгінде олар ел үмітін арқалаған жастан, бір үйдің жауапкершілігін арқалаған ана мен әкеге айналып отыр.

IMG-20211205-WA0011

Осы орайда Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков 1991 жылы дүниеге келіп, бүгінде әр салада жемісті қызмет етіп жүрген жастарды арнайы қабылдап, сый-құрмет көрсетті.

«Алдымен баршаңызды тұғырлы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен құттықтаймын! Еліміз егемендігін алып, тәуелсіздіктің бесігінде тербелген осы 30 жыл ішінде мемлекеттігін нығайтып, әлемдік аренадан дербес, қуатты, экономикасы дамыған ел ретінде өзіндік орнын алды. Мемлекетіміз осы күнге дейін жеткен жетістіктеріне қарамастан, ұдайы даму үстінде. Сіздер де – Тәуелсіздіктің төл құрдасы ретінде биыл мерейлі жасқа келдіңіздер. Жас мемлекетімізбен бірге есейіп, бой түзедіңдер. Әр салада жемісті қызмет етіп, егемендігімізді одан әрі нығайтудасыз. Елімізді жаңа белеске шығарар жалынды жастардың көшбасшыларысыз», — деді қала басшысы.

Осындай Тәуелсіздік құрдастарына арналған салтанатты шараға  Қазақстан Республикасы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының  5517 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы батальон командирінің орынбасары, капитан Артём Иосифович Рудницкий қатысып, қала әкімінің алғысхатымен марапатталды.

Артём 1991 жылы 24 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласында дүниеге келген. Ата-анасы әлі күнге дейін сол жақта тұрады. Әкесі де, анасы да оның мамандығына ешқандай қатысы жоқ, яғни ол әдеттегідей әскери әулеттен емес. Артем әскери адам болуды бала кезінде де армандамаған. Мектепті жақсы оқып, 7-сыныпқа дейін озат оқушы болды. 14 жасынан ата-анасына көмектесіп, құрылыста жұмыс жасады.

IMG-20211205-WA0001

Жоғары сыныптарда әскери қару-жарақтарға қызығушылығы басталды. Мектепті тәмамдағаннан кейін бірден Ұлттық ұланның Петропавл Әскери институтына, командалық-тактикалық автомобиль әскерлерінің кафедрасына оқуға түсті.

Осы уақыт ішінде казармалық жағдай, қатаң әскери тәртіп, тактикалық сабақтар, саптық дайындық, теориялық пәндер және емтихан тапсыру секілді күнделікті өмірдің барлық қиындықтарын Артем оңай жеңе білді.

-Армияға дейін мен физикалық тұрғыдан да, моральдық тұрғыдан да мықты болдым деп айта алмаймын, - дейді ол. - Мұның бәрін әскер немесе әскери оқу орны ғана тәрбиелейді. Ал шыдай алмағандар кетеді. Мысалы, біздің курста басында 147 адам болды, соның тек 113-і диплом алды. Әскери болу - бұл ең алдымен тәртіпке бағыну.

Офицер алдымен қиындықтардан қорықпауы керек, ешқандай жағдайда дүрбелеңге бой алдырмауы керек, дұрыс шешім қабылдай білуі және ол үшін жауап беруден қорықпауы керек. Әрине, ең бастысы Отанын сүюі керек.

Әскери оқу орнын бітіргеннен кейін "лейтенант" алғашқы офицерлік шенін алып, 5517 әскери бөліміне, автомобиль взводының командирі лауазымына тағайындалды. Ал 2014 жылы Атырау қаласының 5546 әскери бөліміне ауыстырылды.

Артем бұл кезде қазақ тілінде сөйлей бастағанын мақтанышпен айтады. "Менің анам орыс, әкем поляк. Мен мемлекеттік тілде сөйлемедім,

Атырауда барлық полкта тек екі адам өзге ұлт өкілі болдық, сондықтан тілді үйренуге тура келді. Оқулықтар мен сөздіктерді пайдаланбай, маған сарбаздармен, офицерлермен және сержанттармен күнделікті қарым-қатынас, өзара қазақ тілінде сөйлесу жеткілікті болды. Мен тілдік ортаға түсіп, бір жылдан кейін қазақ тілінде еркін сөйлеп шықтым".

Ал 2016 жылы капитан Артем Рудницкийді 5517 әскери бөліміне техника және қару-жарақ жөніндегі батальон командирінің орынбасары лауазымына тағайындау туралы бұйрық шықты.

Артем әскери адам ретінде жастарды тәрбиелеу мәселесіне алаңдайды. Ол өскелең ұрпақты патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілік сезімге тәрбиелеу керек дейді.

- Капитан Артем Рудницкий, — дейді бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Жәнібек Сәрсенов, — кез келген іске сенім артуға болатын нағыз азамат. Өз ісінің кәсіби маманы және сауатты офицер.

Әубәкір Ертуған,

капитан

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале