Бүгін Орал қаласының волонтерлері «Қоқыссыз таза табиғат» атты жалпыұлттық акцияға қосылды. Жалпыұлттық акция ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен табиғатқа немқұрайлы қарамайтын азаматтарды біріктіру мақсатында бастау алған еді.
Күздің қоңыр салқын ауа-райына қарамастан қаламыздағы Сәкен Сейфуллин көшесіндегі тынымбақта жиналған жастардың көңіл-күйі көтеріңкі. Тынымбақтың аумағын ғана емес, оған іргелес жатқан аумақтағы қоқысты, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинап, күліп-ойнап жүр. Бұл «Ақжайық жастары» волонтерлік корпусының құрамына өз еріктерімен қосылған жергілікті оқу орындарының студенттері.
- Бүгін біз Батыс Қазақстан облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың және «Ақжайық жастары» волонтерлік корпусының ұйымдастыруымен республикалық «Қоқыссыз таза табиғат» акциясына шықтық. Сәкен Сейфуллин көшесінде орналасқан тынымбақта экологиялық жорықтарымызды жасап, сенбілік өткізудеміз. Мақсатымыз – табиғатты аялау, таза ұстау, барынша қоқыстан арылту. Бізге тапсырылған дәл осы аймақта 40-тан астам волонтер және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың мамандары, барлығы 50-ден астам адам сенбілікке қатысуда, - дейді жастарды бастап келген ресурстық орталық басшысының орынбасары Назерке Құрамысова.
Тынымбақ аумағын тазартып бола келе, волонтерлер баққа жақын жерде орналасқан үйлер мен ғимараттардың аумағын тазалауға кірісті. Ол жердегі шөп адам бойындай болып өскен. Шөптің арасы резеңке дөңгелектер, шыны бөтелкелер, ағаштан жасалған бұйымдар мен жиһаз бөлшектері сияқты қатты тұрмыстық қалдықтар мен пластик, қағаз және басқа да қоқыстан аяқ алып жүргісіз. Сенбілікке шыққан жастар не дейді?
- Бүгін мен қаламыздың тазалығына өз үлесімді қосуға келдім. Өз ауламыздың тазалығы өзімізден басталады. Барлығына айтар кеңесім қаладағы қоқысты бәріміз бірігіп жинасақ, қаламыз таза, ауасы кең болар еді. Ол үшін ең алдымен өз қоқысымызды өзіміз жинап үйренейік, - дейді Орал гуманитарлық-техникалық колледжінің 1 курс студенті Артур Саматұлы.
«Ақжайық жастары» волонтерлік корпусына волонтер ретінде қосылған Ж.Досмұхамбетов атындағы жоғарғы педагогикалық колледжінде оқитын Алина Жұмағазы мен Жоғарғы аграрлық-техникалық колледжінің студенті Найля Мұстафаева болса Ақжайық жастарына қосылған себебін табиғаты көркем қаламыздың тазалығына атсалысып, экологияны, қоршаған ортаны таза ұстауға өз үлестерін қосып, сөйтіп айналасына жақсылық жасау деп түсіндірді.
Айта кету керек, акцияның бірінші кезеңі биылғы жылдың 8 қазанында республиканың барлық өңірлерінде басталды.
Акция туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі еріктілерге арналған жалпыұлттық экологиялық акция аясында ең ластанған табиғи орындар анықталып, тізімге азаматтардың көбіне баратын табиғи демалыс орындары, саябақтар мен алаңдар, өзендер мен көлдердің айналасы кіргені туралы хабарлады.
Бұл күні экологиялық акцияға мемлекеттік органдардың, кәсіпорындардың қызметкерлері, эковолонтерлер мен қоғамдық ұйымдар қатысады.
Альфия Шамаева,
zhaikpress.kz,
Суретке түсірген автор