Облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері азық-түлік бағасының өсуі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелерін талқылады. Қоғамдық кеңес отырысында облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Жұмагелді Батырниязов нарықтағы ахуал жөнінде баяндады.
- Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарының 16-сы бойынша баға көтерілген. Ең көп қымбаттағандары – пияз, қант, сәбіз, қарақұмық жармасы мен сары май. Еліміздің барлық аймағында да осы өнімдер бағасы шарықтап тұр. Облыста пияздың бағасы келісіне 96 теңгеден 200 теңгеге, қант 290 теңгеден 560 теңгеге, сәбіз 154 теңгеден 214 теңгеге дейін қымбаттады. Картоп пен пияз Ресейдің Астрахан облысынан, сәбіз Волгоград облысынан сатып алынады. Сондықтан көтерме жеткізу құны мен жол шығынын есепке алғанда, пияздың бағасы 230-240 теңгеге дейін өсті. Одан бөлек бөлшек сауда жеткізушілерінің үстеме бағасы қосылады. Азық-түлік бағасының шарықтауына рубльдің қымбаттауы да әсер етуде. Сәуір айынан бері рубль құны 5 теңгеден бастап 9 теңгеге жуықтағаны мәлім, – деді кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Жұмагелді Батырниязов.
Басқарма басшысының айтуынша, жыл басынан бері үстеме бағаны сақтауға қатысты 13 шағым ғана тіркеліпті. Соның нәтижесінде 6 кәсіпкерлік субъектісіне ескерту берілді. Алайда аспандаған бағаны ауыздықтау үшін кәсіпкерлерге басқарманың құзыреті жете бермейді. ҚР Президентінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №229 Жарлығына сай кіші және шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий жариялануына байланысты құзырлы мекеме шағым жолдағаннан кейін тексеріс жүргізеді. Облыс әкімдігі орталық мемлекеттік құрылымдарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына қатысты мораторий күшін жоюға ұсыныс жасапты. Бірақ салалық министрлік осыған байланысты нақты қандай шешім қабылдайтыны белгісіз. Мұны бір делік. Одан бөлек, қазіргі уақытта облыстық басқармалар делдалдарға шара қолдануға мүлдем қауқарсыз болып шықты. Мәселен, кейбір азық-түлік, көкөніс тауарлары сөреге жеткенше алыпсатарлар қолынан өтіп, 50-ден 100 пайызға дейін күрт қымбаттап шыға келеді. Батырниязов дәмегөй делдалдарға шектеу салу үшін қолданыста заңдық-құқықтық актілер жоқ екенін алға тартты. Оны аз десеңіз, арнайы комиссия шешімімен 7 азық-түлік тауарына шекті баға қою экономикалық тұрғыда тиімсіз деп танылып, нарық заңдылығына сай еркін сатылымға жіберілген.
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Жұмагелді Батырниязов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында облыстық бюджеттен тұрақтандыру қорына 2,3 млрд теңге бөлінгенін хабарлады. Қазіргі уақытта 1 млрд 116 мың теңгеге 5 535 тонна азық-түлік тауарының қоры қалыптасты. Бюджет қаражатынан азық-түлік бағасын шарықтатпау үшін кәсіпкерлерге 885 миллион теңге бөлу жоспарланып отыр. Бірақ облыс жұртшылығы бағаны тұрақтандыру бағытындағы іс-шаралардың игі жемісін көре алмай отырғаны анық. Теңізге тамған тамшыдай болып, миллиондаған теңге құмға сіңіп жатқандай әсер етеді. Облыстық қоғамдық кеңестің жанындағы мониторинг тобының жетекшісі Біржан Кухаев бірнеше қоғам белсендісі мен депутаттардан құралған ерікті топ Орал қаласындағы азық-түлік дүкендерін аралағанын айтты. Мониторинг бойынша белсенділер дүкендердегі азық-түлік тауарларының қымбатқа сатылып жатқанына, бағаны төмендету бойынша әкімдік тарапынан ақпараттық-түсіндіру жұмысының жеткілікті дәрежеде жүргізілмейтініне көз жеткізген. Кухаев баға саясатына байланысты облыс әкімдігі мен оған қарасты басқармалар ұйымдастырған жиналыстардан айта қаларлықтай нәтиже жоқтығын айтып, қынжылысын жеткізді.
– Халық үшін азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында нақты іс-шара қашан қолға алынады? Салымшылар есебінен жасақталған тұрақтандыру қорынан миллиондаған қаржы бөлінуде. Бірақ оның қорытындысы көңіл көншітпейді. Ірі сауда желілерін қадағалағанмен, қаладағы шағын азық-түлік дүкендеріндегі бағаны бақылауға салалық басқармалар мән бермей келеді, – деді жиналысқа онлайн жүйемен қатысқан Орал қаласының тұрғыны Талғат Досмағамбетов. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Жұмагелді Батырниязов сақтандыру қорына бөлінген 2,3 млрд теңге облыс бойынша азық-түлік бағасын тұрақты ұстап тұруға негіз бола алмайтынын мойындады. Ол қордағы қаржыны әлеуметтік тұрғыда осал топқа жататын отбасыларға атаулы көмек ретінде үлестіруге басымдық беру тиімді болатынын баяндап, Сауда және интеграция министрлігіне ұсыныс жолдағандарын жеткізді. Оған қоса «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ-ның дүңгіршектері мен ірі сауда желілерінде ашылған әлеуметтік бұрыштар арқылы азық-түлікті арзанға сату жолға қойылғанын айтты. Бірақ басқарма басшысының айтқан уәжі тағы сынға ұшырады. Жаңағы сауда павильондарынан тұрақтандыру қоры есебінен жеткізілетін азық-түлікті табу мүмкін емес. Тапқан күннің өзінде өнімдер бағасы төмендетілген деуге ауыз бармайды. Қоғамдық кеңес мүшелері осы тақілеттес пікірлерді ортаға салды.
Мінберге шыққан облыстық сауда департаментінің басшысы Бақдәулет Ибраимовтың айтуынша, өзі басқаратын құрылым – мамыр айында құрылған су жаңа аумақтық департамент. Осы мекеме салалық құрылымдар үшін ортақ түйткілдерге жауап беруі тиіс еді. Бірақ Бақдәулет Ибраимов заң жобасына өзгерістер енгізіліп жатқанына байланысты әзірше баға саясатына қатысты қам-қарекетке бел шеше кірісу мүмкін болмай отырғанын айтып ақталды. Солай бола тұра, департамент жетекшісі қол қусырып отырмағанын дәйек қылып, азық-түлік дүкендерін аралап, сауда иелеріне шара алу жөнінде кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына 13 арызды өзі жолдағанын жеткізді. «Сауда орындарындағы тауар бағасы жоғары екенін дәлелдеудің нақты жолы мынадай. Ол үшін өзіңіз таңдаған өнімді сатып алып, фискальді түбіртек беруді талап ету керек. Одан кейін электронды цифрлы қолтаңбамен «eOtinish» жүйесі арқылы мемлекеттік атқарушы құрылымға шағым жолдайсыз. Оған түбіртек көшірмесін бірге тіркету керек. Осыдан кейін ғана қала әкімдігі әкімшілік шара қолдану үшін кәсіпкерлік субъектісін тексере алады. Электронды жолмен шағым жолдауды тұрғындар қиынсынатыны рас», – деді Бақдәулет Ибраимов. Облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Ербол Салықов жаңа департамент жетекшісіне қарекетсіз отырмай, белсенді азаматтармен бірлесіп жұмыстануға шақырды.
Қоғамдық кеңес отырысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті Превенция басқармасының басшысы Біржан Хайруллин «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасы» туралы баяндады. «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі барлық деңгейдегі қоғамдық кеңестермен тығыз байланысты жұмыс істеуде. «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасы азаматтардың өзекті мәселелеріне негізделе отырып, ҚР Президенті әкімшілігіне келіп түскен шағымдар, ұсыныстар негізінде әзірленді. Қажеттілігіне қарай толықтырулар енгізіледі. Аталған картада экология, жер, ауыл шаруашылығы және жолдар мен инфрақұрылым салаларына қатысты түйткілдер көрсетіледі», – деді ол. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысының міндетін атқарушы Амантай Рашқалиев қоғам белсенділерімен бірлесіп жұмыстанудың маңызды екенін айтты. Облыстық қоғамдық кеңес мүшелері жебірлерге тосқауыл қоюға қатысты түйткілдерді талқылады.
Нұртай Текебаев,
zhaikpress.kz