ҚР Спортты дамыту дирекциясының хабарлауынша, Самарқантта өтіп жатқан 46-шы дүниежүзілік шахмат Олимпиадасының тоғызыншы туры өте тартысты өтті.

Фото: DRSQazaqstan
Жарыстың басты сенсацияларының бірі саналып жатқан Моңғолия құрамасына қарсы ойнаған қазақстандық қыздар матчы 2:2 есебімен тең аяқталды. Бұл ойында Меруерт Камалиденова мен Зарина Нұрғалиева жеңіліс тапқанымен, Бибісара Асаубаева мен шешуші партияда басымдық танытқан Алуа Нұрман есепті теңестіруге мүмкіндік берді. Осылайша, қоржынында 15 ұпайы бар Қазақстан әйелдер құрамасы көш басындағы Қытай мен Үндістаннан кейін үшінші орынға жайғасты.

Ал ерлер құрамасы бұл турда Польшамен 2:2 есебімен тең тарқасып (Денис Махнёв пен Сауат Нұрғалиев тең ойнап, Даниал Сапенов ұтылса, Алдияр Аңсат жеңіске жетті), 12 ұпаймен 33-орында келеді.

Айта кетейік, 11 турдан тұратын дода 27 қыркүйекте мәресіне жетеді.