12.03.2026, 13:00
Оқылды: 39

«Шегіртке саябырсиды деген болжам бар»

Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауларында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құрудың қиындығын, осы саладағы түйткілді мәселелерді шешуді ұдайы атап өтеді. Сондай маңызды мәселенің бірі  – егістік алқаптарын, жайылымдарды, шабындықтарды түрлі зиянкестерден қорғау.  Әсіресе үйірлі шегірткенің жаппай көбеюі ауыл шаруашылығы жерлері мен егістіктеріне үлкен қауіп төндіреді.  Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігі шегірткеге  қарсы күрес шараларын жаңаша ұйымдастыруға мән-маңыз беруде. Осы жаңалық және  өткен жылдың қорытындысы, алдағы жұмыс жоспары туралы түрлі зиянкестерден қорғау амалдарын іске асыратын ҚР АШМ агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекция басшысы Ерлан Орынбаевпен сұхбат құрған едік.

a9ea09c1-8cbc-4fcb-8a66-dadadb693b01

– Ерлан Құлатайұлы, сіз басшылық жасайтын инспекция өсімдіктерді қорғау, өсімдіктер карантині  саласында стратегиялық функцияларды орындауға атсалысады. Осыған орай өткен жылғы өсімдіктерді қорғау саласындағы атқарылған шаруаларға тоқталсаңыз?

– Негізгісі шегірткелер үйірлі және саяқ болып екіге бөлінеді. Үйірлі шегірткеге қарсы химиялық улау жұмыстары республикалық бюджет есебінен, ал саяқ шегірткеге қарсы жұмыстарға жергілікті бюджеттен қаржы-қаражат қарастырылады. Ел аумағында шегірткенің үш түрі кездеседі. Үйірлі шегірткелердің ішіндегі ең қауіптісі – марокко, азиялық және итальяндық прус шегірткелері. Осының ішіндегі итальяндық прус шегірткелері біздің өңірде кең таралған. Өткен жылы «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесі облыстық филиалының зерттеу жұмыстары нәтижесіне сүйене отырып,  республикалық бюджет есебінен  итальяндық прус шегірткесіне қарсы 247 мың гектарға, саяқ шегірткеге қарсы 173 мың гектарға химиялық улау жұмыстары жүргізілді.  Үйірлі шегірткеге қарсы жүргізілетін іс-шараға біздің инспекция, саяқ шегірткеге қарсы улау жұмыстарына облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы жауапты. 2025 жылы үйірлі шегірткеге қарсы химиялық улау жұмыстарын конкурста жеңімпаз болып танылған бес мердігер атқарды. Олар 150,269 мың гектарды аэрозольді генераторлармен, 50,596 мың гектарды жер үсті желдеткіш бүріккіштермен, 43,278 мың гектарды аса жеңіл ұшақпен (дельтапланмен), 3,454 мың гектар жерді ұшқышсыз ұшу аппаратымен, яғни агродрондармен химиялық өңдеуден өткізді. Ондай аппаратымен өңдеу былтыр өңірде бірінші рет қолға алынды. Оның нәтижелі болатынына көзіміз жетті. Өйткені мамандар алды-мен жер бедерін зерттеп,  шегірткелердің қай жерге шоғырланғанын анықтап, маршрутын сызады. Содан кейін сандық бағдарламаға енгізіп, аппаратты ұшырып жібереді. Ауыл шаруашылығы дрондары 50 келіге дейін жүкті көтереді. Оның ішіне 48-50 литр   химиялық сұйықтық  құйылады. Дрондар дәл сол көрсетілген орынға барып төмендеп, 1-2 метр биіктікте тұрып, уды шашады. Бұл өте тиімді әрі нәтижелі екен. Айта кететін жайт, үйірлі шегірткелерді улау дернәсілдерінің 2-3 жасында жүргізіледі. Дернәсілдері топырақтың беткі қабаты қызғанда жер бетіне шығады және олардың қанаты болмайды. Мезгілінен ерте химиялық өңдеу жүргізбеген дұрыс, өйткені шегіртке дернәсілдері түгелдей топырақ бетіне шығып үлгеруі керек.

Өткен жылдағы тағы бір жаңалықты айта кетейін. Осыған дейін химиялық улау жұмыстарын жүргізетін мердігерді анықтау және қажетті препаратты алуға екі бөлек тендер ұйымдастырылатын. Енді осы екі тендерді біріктіріп өткізеді. Сонда конкурста жеңімпаз деп танылған мердігер препараттарды өзі сатып алады. Бастысы, мердігер жұмысты сапалы атқаруға және тиімді препарат алуға ынталы болады. Мұндай өзгеріс бізге де тиімді. Өйткені біздің инспекция химиялық жұмыстардың нәтижелілігін қарайды. Егер де оның нәтижесі шамалы болса, мердігерден жұмыстарды қайта жүргізуді талап етеміз. Сатып алулар туралы заңға енгізілген бұл өзгерістер арқасында біз жұмысты бір мердігерден ғана талап етеміз.

– Өткен жылы облыс аумағында шегірткенің көп болғаны белгілі. «Өлмеген құлға шығар жаз» демекші, шаруа баққан ағайын өңірдегі шегірткелердің таралу деңгейі қандай болады деп алаңдаулы. Бұған не айтасыз?

– Жалпы шегірткелердің таралу циклі – 10-12 жыл. 2000 жылдардағы мәліметтерді қарастырсақ, Батыс Қазақстан облысында 800 мың гектар  жерге химиялық улау жүргізілген. Бұл – содан бергі уақыт ішіндегі ең үлкен аумақты қамтыған көрсеткіш. Одан кейін 2012, 2025 жылдары шегіртке көп болды. Биыл химиялық улау жұмыстары бәсеңдейді, өйткені шегіртке саябырсиды деген болжам бар. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты мемлекеттік инспекция комитеті 2026 жылдың қаңтар айынан бастап шегірткеге қарсы улау жұмыстарын жүргізушілерді анықтауға тендер жариялады. Қазіргі кезде оңтүстік облыстардағы мердігерлер анықталуда. Өйткені ол жақтарда бізге қарағанда көктем ерте келеді.

Өсімдік қорғау саласы бойынша 2025 жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қаражаты есебінен аса қауіпті зиянкестер мен ауруларға қарсы 36 мың гектар жер химиялық өңдеуден өтті. Биыл 24 мың гектарды химиялық өңдеуден өткізу жоспарланды. Салыстыра қарасақ, өңделетін жер көлемі бірден 12 мың гектарға азайды. Осының өзі жыл сайын химиялық өңдеу жұмыстарын уақтылы, дер кезінде жасаудың жақсы нәтижесі деуге болады. Оның ішінде зиянды бақашық, астық қоңызы, астықтың тат ауруы секілді ауруларға қарсы химиялық өңдеу жүргізіледі. Ондай шаруаларды тек шаруашылықтар ғана емес, ұсақ шаруашылықтар да атқарады. Өйткені «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ облыстық филиалы мамандары егістік алқаптарын бақылап, ауруларды анықтайды. Оған қатысты біздің инспекцияға  тиісті ақпараттар түскен соң тиісті нұсқамалар беріледі. Содан кейін шаруалар келер жылға химиялық өңдеу жұмыстарын жоспарлап, еліміздің тауарлар тізілімінде тіркелген қажетті препараттарды сатып алады. Сонымен қатар олар препараттардың босаған ыдыстарын пайдалануға алып қалмай, жоюлары  қажет. Сондықтан оның барлығы инспекция назарынан  тыс қалмайды. Ондағы мақсат – еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін сақтау. Алдымен халық тұтынатын өнімдердің халық денсаулығына зиянын  тигізбеуі  тиіс.

– Ерлан Құлатайұлы, өсімдіктер карантині саласында қандай жұмыстар атқарылады? Жалпы карантинді нысандардың  зияны  неде?

– Өңір аумағында карантинді нысандардан жатаған  укекіре (горчак) таралған. Укекіренің зияндылығы неде  десек, ол барлық дақылдардың, жайылымның өнімділігін төмендетеді. 2025 жылы укекіре таралған 1071 гектарға химиялық улау жұмыстары жүргізілді. Оның ішіндегі 490 гектары – мемлекет  қорындағы жер телімдері. Мемлекет қорындағы жерді химиялық улауға мемлекет бюджетінен қаржы бөлінеді. Ал қалған 580 гектары ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жері болғандықтан, ол аумақтар шаруалар   есебінен өңделеді. 2026 жылы 883 гектар алқапқа укекіреге қарсы химиялық улау жүргізу жоспарланды. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда өңделетін жер көлемі 17,5%-ға азайып отыр. Осының өзі химиялық өңдеу жұмыстарының сапалы жүргізілуінің арқасында жатаған   укекіремен залалданған ошақтардың аумағы жыл санап азая бастағанын  көрсетеді.

Екінші карантинді нысан көпжылдық ойран шөп (амброзия многолетняя) деп аталады. Осы арамшөпке қарсы былтыр 62,5 гектар жерге улау жұмыстары жүргізілді. Оның 47,5 гектары – мемлекетке, 15 гектары ауыл шаруашылығы құрылымдарына тиесілі.  Ағымдағы жылы көпжылдық ойран шөпке қарсы 61,0 гектар химиялық улаудан өтеді деп жоспарланды. Бұл нысанды улау көрсеткіші неге көп төмендемеген деген сұрақ туындауы мүмкін. Өйткені бұл арамшөп бір жылда жойылмайды. Оны үш жыл қатарынан улағаннан кейін оның өсу аумағы тарылады.   Ойран шөптің тамыры тереңге кетеді, оның бетін улап қоя салсақ, келесі жылы ол басқа жерден өсіп шығады.

Үшінші карантинді шөп –  арамсояу (повилика) немесе арамшырмауық. Бұл шөптің ауыл шаруашылығы дақылдарына зияны зор. Ол өсімдіктерге жабысып алып, барлық қоректік заттарды сорып алып, өсе береді. Жап-жасыл болып тұрады да, кейін сарғайып кетеді. Былтыр бұл паразит өсімдікке қарсы  3,7 гектар жер химиялық өңдеуден өткізілді. Ол суды жақсы көреді, жаңбыр жауған сайын көбейе береді. Негізі оны қолмен жұлып, қапшыққа салып өртеу керек. Егер оны жұлып лақтыра салсаңыз, өміршеңдігі сондай ол қайтадан өседі.

– Өсімдіктерді қорғау саласындағы қолға алынған жұмыстардың түпкі мақсаты – жалпы фитосанитариялық ахуалды қауіпсіз жағдайда ұстау. Осы мақсат жолында шекара бекеттерінде инспекция қызметкерлері еңбек етуде. Олардың қызметіне тоқталып өтсеңіз және қандай да түйткілді мәселе бар ма?

– Инспекцияның 18 фито­санитарлық инспекторы алты шекара бекетінде қызмет атқарады. Үш шекара бекеті (Шаған, Сырым, Тасқала) күндіз-түні, қалған үш бекетте (Бөкей ордасы, Жәнібек, Ақсай) фитосанитарлық тексеруден өтуі тиіс өсімдіктерге қатысты жүк келген кезде мобильді режімде жұмыс істейді. Негізінен жеміс-жидек, гүлдер, алма, қауын-қарбыз, ағаш өнімдері (құрылыс материалдары), картон қораптары және басқа өсімдік тектес жүктер тексеріледі.  2025 жылы импортталған жүк тиеген 18 мың 581 аутокөлік, 739 вагон ел аумағына кірді. Қазақстаннан 34 мың 750 аутокөлік, 219 вагон жүк тексеріліп, сыртқа шығарылды. Транзитке келсек, 29 мың  814 аутокөлік, 51 вагон карантинді нысандарға тексерілді. Тексеру нәтижесінде 181 әкімшілік іс қозғалып, 23 млн 400 мың теңге айыппұл салынды, 330 жүкті кері қайтару актісі толтырылды. 2025 жыл бойынша жүктерді қарап, тексеру барысында 51 карантинді нысан (көлік, вагон) анықталды. Олардан укекіре тұқымы, ойраншөп табылды. Фитосанитария қызметкерлері сырттан келетін жүкті шекарашылармен бірге қарайды.

Аумақтық инспекцияға агроном мамандар жетіспейді.   Мүмкіндігінше, елдің шетінде, желдің өтінде, шекара бойында қызмет етуге еразаматтар келгені дұрыс. Өйткені вагондардың, аутокөліктердің үстіне шығып, жүктерді тексеру физикалық күшті  қажет етеді. Әрине, қыздарды да жұмысқа аламыз. Сірәдағысын айтып отырмын,  қыздарымызға қиындау  қызмет деп. 2025 жылы біздің  мекемеге Ауыл шаруашылығы министрлігі республикалық бюджет есебінен алты аутокөлік алып берді. Бұл күндері инспекцияда 63 қызметкер (70%-ы – ер адам) қызмет етеді. Көлік жүргізуші,  еден жуушы, яғни кіші қызметкер болып 26 адам нәпақасын тауып жүр. Өткен жыл  Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялануына орай кіші қызметкерлерді  Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай АШМ-ның төсбелгісімен, алғысхаттарымен марапаттап, сыйақы бердік. Қызметкерлер арасында мықты спортшылар аз емес. Былтыр республика бойынша мемқызметшілер арасында өткен қазақша күрестен Сырым аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы Темірлан Ғаббасов бірінші орын алды. Ол – облысымыздың, инспекциямыздың мақтанышы. Ұжымда қызметін адал атқарып әрі салауатты өмір салтын ұстайтын жандар аз емес. Осындай мықты мамандар елдің көсегесін көгертеді деп білеміз.

Сұхбаттасқан:  Гүлбаршын  Әжігереева,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале