Бүгін Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) мен «Шелл Қазақстан» компаниясының өкілдері Батыс Қазақстан облысының БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз конференциясын өткізді. Конференция спикерлері Shell Live WIRE бағдарламасының облыстағы ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерінің инновациялық бизнес-идеяларын қолдауға және дамытуға бағытталған мүмкіндіктері туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Сурет: ЕҚДБ баспасөз қызметі
«Шелл Қазақстан» концернінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Гульнафис Ахмарова айтып өткендей Shell Live WIRE бағдарламасының тарихы 40 жыл бұрын басталған және қазір бүкіл әлем бойынша 20 елде жұмыс істейді. Бұл бағдарлама Қазақстан аумағына 2013 жылы келген және Батыс Қазақстан облысынан бастау алған. 2018 жылдан бастап бағдарламаға ребрендинг жасалып, сол жылдан бастап Shell Live WIRE атауымен жұмыс істейді. Осы жылдар ішінде компанияның бағдарламасы көптеген кәсіпкерлерге қолдау көрсеткен. Нарықта 750-ден астам жұмыс орны құрылса, Shell Live WIRE бағдарламасының арқасында 2000-нан астам кәсіпкер қаржылық емес қолдау тапқан.
Shell Live WIRE бағдарламасы Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерінің инновациялық бизнес-идеяларын қолдауға және дамытуға, сондай-ақ өңірдегі іскерлік белсенділікті арттыруға бағытталған. Бағдарламаның басты мақсаты кәсіпкерлердің басқарушылық білімі мен дағдыларын дамыту, жергілікті халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтуына жәрдемдесу, бизнесті жүргізудің бәсекеге қабілеттілігін, әлеуеті мен тиімділігін арттыру болып табылады. Сонымен қатар, Shell Live WIRE консультанттар мен тренерлердің біліктілігін арттыру арқылы консультациялық және тренингтік қызметтер нарығын дамытуды көздейді.
Shell LiveWIRE бағдарламасы бизнесті дамыту үшін қандай қолдау құралдарын ұсынады, грант алу үшін қандай мүмкіндіктер бар және Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлері үшін қандай білім беру, бизнес-акселерациялар жүргізіледі, бұл сұрақтарға Shell Live WIRE бағдарламасының үйлестірушісі, ЕҚДБ өкілі Алмас Жұмашев жауап берді.
- Бізде шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасы бар, оның шеңберінде біз шағын, орта бизнеске басқа ұйымдардан сарапшыларды тартуға көмектесеміз және осындай сарапшылардың қызметтеріне жұмсалатын шығындарды өтейміз. Бұл бағдарламаның ішінде батыс өңірінің үш облысына, яғни Батыс Қазақстан, Атырау және Мыңғыстау облыстарына таралатын жеке бағыт бар. Бұл аймақтарда бізде стартап-жобаларға, жаңадан бастаған іске арналған жеке бағдарлама бар. Оған құрылғанына 5 жылдан аспаған компаниялар қатыса алады. Сондай-ақ, осы бағдарлама аясында біз тегін тренингтер өткізуге көмектесеміз. Біз нарықта осындай сараптамалардың бар екені туралы хабардарлықты арттыру, кәсіпкерлерге олардың бизнес-процестерін құруға көмектесу, әкімшілік әлеуетті арттыру бағытында жұмыс жасаймыз. Бұл қаржылық көмек емес, бірақ ол кәсіпкерлерге өз бизнесін дұрыс жүргізуге және болашақта осы компанияның тұрақтылығын қамтамасыз ете алатын әлеуетті инвесторларды тартуға көмектеседі, - дейді Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы батыс аймақтарының өкілі Алмас Жұмашев.
Shell Live WIRE бағдарламасы не ұсынады?
Қолдау құралдары
1. Кәсіпорынның бизнес-міндеттерін шешуге бағытталған консалтингтік жобаларды бірлесіп қаржыландыру:
• Кәсіпорынды диагностикалау, кәсіпорынның консультациялық қызметтерге қажеттілігін анықтау, консультант іздеуге және консультациялық жобаны дайындауға көмектесу.
• Консультациялық жобаны сүйемелдеу.
• Грант беру арқылы консультанттың қызметтеріне кәсіпорынның шығындарын өтеу (жоба құнының 75% дейін).
2. Кәсіпкерлердің басқарушылық білімі мен дағдыларын арттыру:
• Кәсіпкерлерге арналған бизнесті жеделдету-Жаңа бизнесті бастағысы келетін немесе жұмыс істеп тұрған бизнесті масштабтағысы келетін жаңадан бастаушылар мен бұрыннан жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер үшін қарқынды 8 апталық жоба. Кәсіпорындардың жедел өсуіне бағытталған және тренингтер, сараптамалық кеңестер, мониторинг, кәсіпорындарға сапарларды қамтиды.
• Бизнес жүргізу дағдыларын қалыптастыруға ықпал ететін оқыту тренингтерін өткізу.
• Қосымша коучинг сессияларын ұсыну.
• Арнайы кәсіптік оқыту арқылы консалтингтік және тренингтік қызметтердің жергілікті нарығын дамыту
3. Shell LiveWIRE жаһандық бағдарламасына қатысу:
• Shell LiveWIRE Top Ten Innovators жаһандық байқауына үздік инновациялық жобалардың қатысуы.
• Ақшалай сыйлықтар алу, тәлімгерлік қолдау және Шелл жаһандық жеткізу тізбегіне қатысу мүмкіндігі.
Бағдарламаның Қазақстандағы жұмысы кезеңінде 75 кәсіпорын жеке консультациялық қолдау алған. 2018 жылдан бастап жыл сайын 100-ден астам кәсіпкер қарқынды оқыту, акселерация бағдарламасынан өткен. 2023 жылы жобаға 150 қатысушы қатысып, оның 90-ы бағдарлама барысында әзірленген бизнес-жобаларды қорғаған. 2023 жылы ESG стратегиялары шеңберінде консалтинг бойынша тренинг өткізілді, оған 20 жергілікті қазақстандық консультант қатысқан.
Альфия Шамаева,
zhaikpress.kz