22.12.2022, 10:00
Оқылды: 67

Шетелдік автокөліктерді қалай заңдастырамыз?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы бірінші қыркүйекте «Әділ мемлекет. Біртұтас ұлт. Гүлденген қоғам» Жолдауында Үкіметке ел аумағына әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру міндетін жүктеген болатын. 20 желтоқсан күні облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қатысуымен шетелдік автокөлік иелеріне заңдастыру тәртібін түсіндіру бойынша кездесу өтті.

2

Өңірімізде шетелден автокөлік сатып әкеліп, оны заңдастыра алмай жүрген жерлестеріміз жетерлік. Оны осы бір жиынға келіп, сұрақ қойғандардың сөзінен анық аңғардық. Бірі Армениядан сатып әкелген көлігінің иесін таба алмай жүрсе, бірі заңдастыру үшін қандай құжат қажет екенін білгісі келеді.

– Бүгінгі жиында «Шетелден әкелінген көліктерді қалай заңдастырамыз?» деген сауал төңірегінде сөз қозғамақпыз. Шетелден әкелінген автокөліктерді заңдастыру – қазіргі таңдағы өзекті мәселе. Осы проблеманы жан-жақты талқылап, шұғыл шешім қабылдауға тиіспіз. Бүкіл жұмысты тұрғындарға жүктеп, қол қусырып қарап отыра алмаймыз. Біз де қал-қадірімізше әрекет етеміз. Мүмкін, әлеуметтік желіде топ ашып, осы тақырыпқа қатысты мәселенің бәрін сонда жазып, Армения, Ресей, Грузия елдеріне хат жолдау керек шығар. Емін-еркін, қысылып-қымтырылмай ойларыңызды ашық айтуларыңызды сұраймын. Біз барымызша сіздерге көмектесуге тырысамыз, - деді Нариман Төреғалиұлы.

Өз кезегінде облыстық полиция департаменті басшысының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Жанболат Жаншин де тұрғындарды ширақ қимылдап, көліктерді тез арада заңдастыруға шақырды. Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы процессингтік орталықтың басшысы, полиция майоры Асқар Сәлімов заңдастыру барысында жүргізілетін жұмыс жөнінде егжей-тегжейлі баяндады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтпеген шетелдік автокөлікті тіркегені үшін 200 000 теңге мөлшерінде бір жолғы алым төлеуді міндеттеді. Аталған тапсырманы жүзеге асыру мақсатында «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР кодексіне түзетулер енгізіліп, Үкімет қаулысының жобасы әзірленді. Жоба 29 қарашада талқылаудан өту үшін ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми сайтына орналастырылды. Талқылау барысында тұрғындардан келіп түскен барлық ұсыныс міндетті түрде қаралады. Сонымен қатар жобаға сәйкес шетелдік көліктерді заңдастыру 2023 жылғы 1 қаңтарда басталып, 2023 жылғы 1 шілдеге дейін жалғасады деп болжануда. Заңдастыру туралы өтінішті «Электронды үкімет» порталы арқылы немесе ХҚКО-ға (халыққа қызмет көрсету орталығы) беруге болады. Барлық қажетті төлемдер уәкілетті құрылым (ІІМ) автомобильдерді заңдастыру туралы шешім қабылдағаннан кейін жүзеге асырылады.

Заңдастыруға жататын көліктер іздестіру базасында тіркелмеуі, бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы, толық кедендік тазартудан өтуі тиіс. Егер автокөліктер осы талаптарға сәйкес келсе, оларды тіркеуге еш кедергі жоқ. Беларусь Республикасында, Ресей Федерациясында және Арменияда тіркелген автомобильдер үшін кедендік тазартудан өту талап етілмейді. Бұрын Қазақстан Республикасында сары түсті мемлекеттік нөмірлерді ала отырып, тіркеуден өткен Армениядан әкелінген автомобильдердің иелері де 200 000 теңге мөлшерінде бастапқы тіркеу алымын төлеуі тиіс. Әлгіндей автокөліктер үшін қосымша кедендік тазартудан өту талап етілмейді.

ЕАЭО-ға (Еуразиялық экономикалық одақ) кірмейтін елдерден әкелінген темір тұлпарлар кедендік тазартудан өтуі шарт. Заңдастырылатын автомобильдерге шығарылған жылы, экологиялық сыныпқа сәйкестігі бойынша қандай да бір шектеу талаптары қойылмайды, - деді Асқар Фазылұлы.

Жиынға қатысқан облыстық мемлекеттік кірістер департаменті және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиал өкілдері осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізетінін мәлімдеді.

– Мен Атырау қаласынан көлік сатып алдым. Ол Армениядан әкелінген. Көлік бір армян азаматының атында тіркеулі тұр екен. Ал сол армянның атында 1 200 көлік бар көрінеді. Тағы бір армянды тексерсек, оған 700 көлік тіркеулі. Сөйтіп, Армениядан шығарылған көліктер 10 шақты армянның атына жазылған. Енді көлігімізді Армениядан тіркеуден шығарғымыз келетінін айтсақ, олар «1 200 көлікті бір-бірлеп шығармаймыз, жиналып келіңдер» деп отыр. Ол мүмкін емес нәрсе, - дейді Орал қаласының тұрғыны Дастан Есентеміров.

Марлен Ғилымхан

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале