30.01.2024, 18:00
Оқылды: 48

Шираз бұлбұлы шарапқа құмар ма?!

Даңқты шығыс шайыры Шамсуддин Мұхаммед Хафиз Ширазидің ғазалдарын, рубаиларын, таржебандтарын оқи отырып, оның шарап, сұлу әйел тақырыптарында көп қалам тербегенін байқаймыз. Өлеңдерін бір шолып өтсеңіз, ол: «Құр босқа егілме! Мына дүниенің өткінші сынақтарына моюдың қажеті қанша? Кел, әдемі қыздар жөнінде әңгіме-дүкен құралық, шарап ішейік!» дегендей болады. Әрине, поэтикалық туындының астарына, яғни тереңіне не жасырылғанын бір оқығаннан-ақ аңғару қиын. Ал ақынның, қасиетті Құранды жатқа соғатын ақынның айналасындағыларды бас ауыртып ештеңе ойламауға, шама келсе, көңіл көтере беруге, бес күн жалғанның қызыл-жасыл қызығының барынша дәмін татып қалуға шақырмайтыны тағы бір шындық.

 Шираздағы Хафиз қабірі

Фото: wikimedia.org

Мен оның 1986 жылы «Жазушы» баспасынан басылып шыққан «Ғазалдар» атты кітабын оқыдым. Өлеңдерді Әбіраш Жәмішев аударған екен. Лириктің «Менің көзім алма бетін аймалаған сәттерде...»:

«Қатал достың кәссіздігі налытпасын,

Хафиз-ау, Арамшөптің өскеніне

болар ма бақ кінәлі...»,

«Іздегенім – оңашалық,

табам содан тіректі»,

«Менің бүтін жан-жүрегім – сенің ғана жанарыңда,

Сенің ғажап жанарыңның тұрмын түгел қамауында» секілді өлең жолдары мені өзіне тарта берді, тарта берді. Бірақ  ол бірде:

«Әуеніңе қосайын мен күрсінісін кеудемнің,

Шарап толы кеселердің сыңғыры боп сөйлермін!», бірде:

«Бақыт құсы қолыма кеп қонарына сенемін,

Ай қалқаның ақ жүзінен бір жылылық сеземін.

Кесе толы шарапқа егер түсер болса сәулесі,

Қуаныштан жүрек шір-кін жарылар ма деп едім» деп мені түпсіз ойға шомдырды. Содан оның не себепті шарапқа құмар болғанын зерттей бастадым.

Негізінде әрбір адам – өзінің ішкі ойларының құрбаны. Әрбір адам – өзінің ішкі ойларының тұтқыны. Меніңше, Хафиз пенделерді осы шырмаудан шығарып алғысы келді. Оның оқырманды шарап ішуге шақырудағы бар мақсаты – сол! Ол өз-өзін қоғамның көлеңкелі тұстарынан қорғауға құлшынды. Сізді жан дүниеңізді күңіренткен кертартпа ойларды ыдыратып, жайнаған сезім бағына қарай жетелеуге құмартты. Ол барлық пенденің өзімен бірге нұрлы болашаққа, кемел келешекке, еркіндікке барғанын қалады.

Айта кетейік, Хафиз Ширази Иранның оңтүстігінде орналасқан Шираз шаһарында дүниеге келген. Әкеден ерте айырылып, тұрмыс тауқыметін тартқан. Уақытының көп бөлігін шығармашылық-
пен шұғылдануға жұмсап, көрген-сезгенін қағазға түсіре берген. Ол – әдебиет әлеміндегі қайталанбас тұлға, ерекше құбылыс.

 

Марлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале