6.02.2024, 10:00
Оқылды: 90

Шіріген еден, тозған терезе. Тоғанас мектебі тозып тұр

Облыстық білім басқармасы мен Сырым аудандық әкімдігінің назарына!

Сырым ауданының Шолақаңқаты ауылдық округіне қарасты Тоғанас ауылындағы В. Шубин атындағы орта мектеп күнінде мыңға жуық бала білім алған, өз заманында талапқа сай салынған сәулетті білім ошақтарының бі­рі болыпты деседі. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» демекші, еңселі мектеп әлі де ауыл ажарын ашып, алыстан менмұндалап тұр. Тек іші ескіріп, әбден тозғаны болмаса, бір қарағанда міні бұзылмаған. Кеңестік кезеңде астықты ауыл атанған «Правда» совхозын (Тоғанас) өрге сүйреген В. Шубин осы мектепті елде жоқ ерекше жобамен салдырған. Әр тасы мұқият қаланған білім ошағы 1965 жылы пайдалануға берілген. 1975 жылы қасынан екінші ғимарат қоса салынған. Типтік жобада салынған үш қабатты мектепте оқушылар бір ауысымда оқиды. Қазіргі күнде барлығы 130-ға жуық оқушы білім алуда. Мектеп жанындағы шағын орталықта 25 бүлдіршін тәрбиеленуде.

тоганас мектеби (3)

Шіріген еден. Тозған терезе

Білім ошағына кірген сәттен байқағанымыз, терезелерінің тозығы жеткені бірден көзге түседі. Мектеп дәлізі, оқу кабинеттері, тіпті баспалдақтың сырына дейін әбден қалыңдап кетіпті. Ағаш терезелердің ескіргені соншалық, ашылса, жабылмайтын, жабылса, ашылмайтын күйге жеткен.

тоганас мектеби (2)

– Қазіргі уақытта мектепке күрделі жөндеу қажет. 1965 жылғы салынған терезелердің ескіруі заңдылық. Санитарлық талап бойынша мектеп терезесі әр он жыл сайын ауыстырылу керек. Спортзалдың ағаш еденінің астыңғы жақтарының шіруіне байланысты 2-3 сантиметр төмен түсіп кетіп тұр. Қабырғаларының сылағы құлап қала береді. Дене шынықтыру сабағында оқушылардың денсаулығына қауіп төнуде. Қысқы мезгілде оқу кабинеттері салқын, жаз кезінде ыссы болады. Сонымен бірге сынып бөлмелерінің қабырғасы мен төбелерінің сылағы құлап тұр. Кей сыныптардағы линолеум (едендегі төсеніш) әбден тозған. Ғимараттың электр жүйесін ауыстырып, жылу жүйесін жаңарту керек, – дейді мектеп директоры Роза Ихсанова.

тоганас мектеби (2)

Мектеп ұжымы құрақ құрағандай ғимараттың қабырғасы мен төбесін сылап-сипап қалыпқа келтіргендей болады. Бірақ бәрібір көп кешікпей қайта құлайды. Көктем, күз мезгілінде кейбір сыныптың төбесінен су ағады. Ал қыс мезгілінің басым бөлігінде оқушылар сырт киімін шешпестен сабақ оқиды. Мектеп директорының мәлімдеуінше, аталмыш ғимаратқа 2007 жылы 32 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мектептің шатыры ауыстырылып, жылу және жарық жүйесі жаңартылған. 2023 жылы білім ошағының ағымдағы жөндеуге 127 мың теңгеге материалдар беріліп, бұл қаражат спортзалдың жары мен еденін сырлауға жеткен.

Мұғалімдер күн сайын ағашы әбден шіріген терезе мен сылағы түскен қабырғаға және төбеге алаңдаумен сабақ беретінге ұқсайды. «Дене тәрбиесі мұғалімдері де үңірейген еденге балалар аяғын жарақаттап алмаса екен деп, барынша сақ болуға тырысады», – дейді мектеп басшысы.

Білім мен спортты алға қойған шәкірттер

Тоз-тозы жеткен мектептің шәкірттері білімге құштар, спортқа үйір. Қабырғасы құлап, ағаш едені шіріп, үгіліп жатқан спортзалда дайындалып жүрсе де, мектеп шәкірттері аудандық, облыстық деңгейде өткен спорттық жарыстарда топ жарып жүр. Білім мекемесінде тәлім-тәрбие алып келе жатқан шәкірттердің қоғамдық және әлеуметтік белсенділігі жыл санап арта түсуде. Мектеп мұғалімдері жеке тұлғаның дарындылық қабілеттерін жан-жақты дамыту бағытындағы зерттеуді жүйелі түрде жүргізіп келеді. Мектеп қабырғасында жүріп оқушылар мен олардың ұстаздарының білім байқаулары мен тәрбиелік іс-шараларда, спорттық жарыстарда жиған жетістіктері аз емес.

тоганас мектеби (1)

– Соңғы үш жылдың 20212022, 2022-2023, 2023-2024 оқу жылдарындағы жетістіктерін сараласақ, сырттай халықаралық, республикалық қашықтықтан өткен зияткерлік «Кенгуру-математика барлығы үшін» олимпиадаларына математика пәндерінен оқушылар қатысып келді. «Бастау» республикалық математикалық турнирінің аудандық, облыстық кезеңдеріне, «Ақжелкен – 2023» математикалық регатасы, «Зерде» зерттеу жобаларының аудандық кезеңдерінде бастауыш сынып оқушылары жүлделі орындарға ие болып, облыстық кезеңінен республика­лық кезеңіне жолдама алған болатын. «Туған өлкемді зерттеймін» ғылыми-зерттеу конференциясында «Экология және біз» аталымы бойынша аудандық пән олимпиадаларында түрлі орындарды иеленген оқушылар бар. «Менің бастамам – ме­нің Отаныма» атты әлеуметтік жобалар байқауынан, «Балалар көзімен» кинофестивалінен, сондай-ақ «Абай оқулары», «Әбіш оқулары» және «Қадыр оқуларына» қатысып, жүлделі орындар иеленгендер аз емес. «Айбын» әскери-патриоттық жиындарының әр жылдардағы аудандық кезеңдерінде жеңіл атлетика, спорттың волейбол түрінен де түрлі көрсеткіштермен жүлделі орындар алып жүр. Ұлттық ойынымыз – тоғызқұмалақтан да, шахмат, «Былғары доп» футбол ойындары мен дзюдо күресінен, Орал қаласы әкімінің жүлдесі, қол күресіне арналған «Батыл бол!» ашық турнирінде аудан мен облыста жақсы нәтиже көрсетіп, командалық жарыстарда да Сырым ауданының атын шығаруда, – дейді мектеп директоры Роза Ихсанова.

Жалпы мектеп ұжымы тұрақты. Ауылға келіп еңбек етіп жүрген жас мамандар да аз емес. Негізінен ауылдың өз түлектерін мектепке мұғалім етіп қызметке алуға көп көңіл бөлінеді. Қазіргі күнде жуық арада зейнетке шығатын екі педагогтің орнын 3-4-курста оқып жүрген мектеп түлектері баспақ. Білім ошағында қызмет істейтін мұғалімдердің басым бөлігі ауылдың адамдары екен.

Бала қауіпсіздігі басты орында ма?

2023 жылдың 20 қараша күні облыс әкімі Н.Төреғалиевтің Сырым ауданына келген сапарында «Тоғанас ауылында орналасқан В. Шубин атындағы мектепке күрделі жөндеу қашан жүргізіледі?» деген сұрақ көтеріледі. Ол жерде жобалық-сметалық құжаттамалары болмауына байланысты 2027 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуі мүмкін деген жауап беріледі. Алайда мектеп басшылығы төрт жыл күту оқушылар үшін тым қауіпті екенін айтады. Мектеп оқушыларының қауіпсіздігіне алаңдаған мектеп директоры Р. Ихсанова облыстық «AMANAT» партиясына хат жолдайды. Қызық болғанда мектеп директорының хатын «AMANAT» партиясы облыстық құрылыс басқармасына, ол облыстық білім басқармасына, білім басқармасы кері Сырым аудандық білім бөліміне жолдап, ақыры хат мектеп басшысының өзіне қайтып келеді. Зор сеніммен жолдаған хатының допша домалап, өзіне қайтып келгеніне таңданған мектеп директоры құзырлы құрылымдардың бірінен мамандар келіп, мектептің жағдайын көзбен көріп, таныспағанына наразы.

тоганас мектеби (1)

Біз осы мақаланы жазу барысында «Тоғанас ауылында орналасқан В. Шубин атындағы мектепке күрделі жөндеу қашан жүргізіледі?» деген сұрақты облыстық білім басқармасына жолдадық. Үш апта күткен жауабымыздың мазмұны төменде:

«Шолақаңқаты ауылдық округіне қарасты Тоғанас ауылында орналасқан В. Шубин атындағы жалпы білім беретін мектебі 1965 жылы салынған. Ғимараттың жалпы аумағы – 5400 шаршы метр. Жобалық сыйымдылығы – 640 адам, оқушы саны – 114. Мектеп апатты деп танылмаған. Батыс Қазақстан облысының кешенді дамыту жол картасында бұл білім ошағы 2027 жылы күрделі жөндеуден өтеді деп жоспарланған. 2024 жылы дефектный акт жасау көзделген» деп жазылған.

Сонда «Бала қауіпсіздігі – басты орында» деген ұран қайда қалады? Мектеп басшылығының дабылына кім құлақ асады?..

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале