Алғашқы ұстаз – әр адамның жадында сақталар ұмытылмас бейне. Әр адам, ең алдымен, өмір сыйлаған анасына, содан соң алғаш қолына қалам ұстатып, әріп танытқан алғашқы ұстазына алғыс айтады. Оңаша қалған кездерімде жарқын мінезді, жаны жайсаң, мейірімді апайымның жарқын бейнесі көз алдыма келеді.
1967 жылы ең алғаш Жымпиты орта мектебінің табалдырығын аттағанымда мені жылы шыраймен қарсы алып, қолымнан жетектеп, партаға отырғызған алғашқы ұстазым – Қойсын Дауылбайқызы Әжіғұлова еді. Ұстазымыздың мейірімді жанары, жарқын дауысы әлі күнге санамызда жаңғырып тұр. Апайымыз мектепке келе жатқанда алдынан шығып, біріміз сөмкесін алып, біріміз қолынан ұстап мәз болатынбыз. Өзі жаны жайсаң, шәкірттерге деген жылулық ұшқыны шашылып тұратын аяулы жан еді.
1972 жылдан бастап сол кездегі Орал қаласындағы жалғыз қазақ мектебі – №11 С.Сейфуллин атындағы мектепте оқыдым. Осында өзім сияқты жан-жақтан келген оқушылар білім-тәрбие алдық. Бір қызығы, осы жерде мен өзімнің алғашқы ұстазым – Қойсын апайыммен қайта қауыштым. Сол сәтте қуанышымда шек болмады. Апайым мектеп-интернатта тәрбиеші-ұстаз екен. Қойсын апайым әр ауылдан келген балаларды қамқорлап, анасындай бола білді. Әр балаға өз перзентіндей қарап, анамыздан жырақта жүрген бізге бар мейірімін төге білді.
1977 жылы мектепті ойдағыдай бітіріп, өмір ағысымен жан-жаққа кеттік. Ұстаз шәкірттері Алматы, Ақтөбе, Ақсай, Шымкент қалаларында, облыстың алыс-жақын елді мекендерінде бір-бір маман иесі болып еңбек етті. Бір қатары зейнеткер ата-әже атанды.
Біз сыныптастарымызбен бес жыл сайын кездесіп тұрамыз. Әр кездесуге Қойсын апайды жұбайы Мұхтар Әжіғұловпен бірге шақыратынбыз. 2012 жылы сондай кездесулердің бірінде апай ағай екеуі басқосуымыздың ажарын кіргізіп еді. Жастарының ұлғайғанына қарамастан, олар бізбен бірге шүйіркелесіп әңгіме айтып, ұзақ отырып еді. Бұл ұстазымызды соңғы рет көруіміз екен...
Күлімдеп қарсы алатын бәрімізді,
Ұстаз еді ақжарқын жаны ізгі.
Үлгі болып жарымен қол ұстасып,
Тыңдайтын шырқап салған әнімізді.
Шаңырағына қазық болып байланған,
Шәкірттердің ұстазы боп сайланған.
Сағынышпен еске аламыз біз бүгін,
Бейнеңізді естелікке айналған...
Бүгіндері Қойсын апайымыз да, Мұхтар ағамыз да арамызда жоқ. Уақыт қандай жүйрік еді... Ұстаз-анамыздың өмірден өткеніне де 10 жыл болыпты. Сөйте тұра шәкірттері үшін ол мәңгі тірі... Өйткені алғашқы ұстазымыздың асыл бейнесі жүрегімізде сақтаулы.
С.Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған №11 мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 1977 жылғы түлектері атынан Нұрзия Төлеуішова