15.04.2026, 11:30
Оқылды: 5

Шыңғырлау ауданына «Қаладан ауылға» жобасы аясында көшіп келген отбасы қайтарымсыз грант алған

WhatsApp Image 2026-04-08 at 17.35.46 (5)

Іскер  азамат  қайда  жүрсе  де,  қандай  жұмысты  болсын  дөңгелетіп  әкетеді.  Солардың  бірі  Ащысай  ауылына  «Қаладан  ауылға»  жобасы  аясында  көшіп  барған  Бексұлтан  Қарағаев  болса  керек. 

2024 жылы облыста болған су тасқыны Қарағаевтар отбасын да әбігерге салған. Олардың Оралдағы саяжай алқабында 2009 жылдан бері тұрып жатқан үйін су басып, баспанасыз  қалыпты.

– Біз де өзіміз секілді су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен бірге эвакуациялық орталыққа орналастық. Сол кезде аудан әкімдері келіп, кездесулер өткізді. «Қаладан ауылға» жобасын жан-жақты түсіндіріп, ауылға барған отбасыларға қандай көмек-қолдау болатынын айтты. Ата-анам жаңадан берілген үйде тұрып жатыр. Мен отбасыммен Шыңғырлау ауданына қоныс аудардым. Алдымен Ақшат ауылында тұрдық. Бірақ ондағы үй қолайсыз болды да, аудан орталығына көшіп келдік. Кейін Ащысай ауылына келдік.  Мұнда басымызға баспана берді. Осы ретте аудан әкімі мен орынбасарларына алғыс білдіргім келеді. Олар біздің көшіп-қонуымызға жағдай жасап, қолдау көрсетті. Ауыл әкімі Жасқайрат Айсиев те қамқорлығын аямады, – дейді Бексұлтан Серікұлы.

Ол 2024 жылы ауылға келген соң 1 млн 500 мың теңгеге жуық мемлекеттік қайтарымсыз грантқа қол жеткізген. Бұл қаражатқа 25 қой мен жем-шөп сатып алған. Биыл оның қорасындағы Шопан ата түлігі екінші жыл төлдеп тұр. Қозыларын қосқанда қой саны 80-ге  жеткен. Ірі қара мал да өсіріп отыр.

Бексұлтанның зайыбы Аяжан Сержанқызы  – биология пәнінің мұғалімі. Мектепте декреттік демалыстағы қызметкердің орнында сабақ беріп жүр. Ал қазір балабақшаға барып жүрген қос ұлының біреуі биыл күзде мектеп-алды даярлық тобына қадам баспақ.

– Зайыбымның мектепке тұрақты жұмысқа орналасқанын қалаймын. Егер ол алаңсыз қызметке кіріссе, мал шаруашылығына бет бұрғым келеді.  Қой, ірі қара өсірсем деймін. Ал жұмыссыз қалса, тек малмен күнелту қиын. Оралда суға кеткен үйімнің материалдарын әкеліп, шама-шарқымша қора салып алдым. Бұрыннан тұрған ескі қора да бар. Ауылда бәрі жақсы. Көрші-көлем қамқорлық  жасап, қолдан келгенше көмектеседі. «Жақсы болсаң, жақын көп» дегендей, ауылдағы ағайынға ризамын. Қалаға барсам, ауылға кеткім келіп тұрады, – деп ағынан жарылды Бексұлтан Серікұлы. Ауыл әкімі Жасқайрат Айсиев те жас жігітті қолынан іс келетін азамат деп бағалап отыр. Айта кету керек, 2023 жылдан бері Ащысай ауылдық округіне «Қаладан ауылға» жобасы аясында 13 отбасы көшіп келген.

Ясипа  Рабаева,

«Жайық Пресс»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале