Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында балаларға арналған этнолагерь ашылды. Жазғы демалыс кезінде 7-14 жас аралығындағы оқушылар қазақ халқының салт-дәстүрлері мен тұрмысын жетік меңгеретін болады. Бұл жөнінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі жазды.
Суреттер: Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Мәдени демалыс бес күнге созылады. Бағдарламада ұлттық спорт ойындары, атқа міну, садақ ату, еркін күрес сабақтары бар.
Лагерьде балаларға ата-дәстүрді үйретіп, тұрмысқа бейімдейді. Мысалы, ұлдарға «бата беру» үйретіледі. Ал соңғы күні мал сою, оны мүшелеу бойынша мастер-класс өткізіледі. Қыз балалар ұлттық тағамдар дайындауды үйренеді.
Жобаның мақсаты – өскелең ұрпақ бойына қазақтың төл мәдениетін, ұлттық құндылықтарын сіңіру, олардың денсаулығын нығайту, сондай-ақ топтасып бірге жұмыс істеу секілді адами қасиеттерді дамыту.