1.07.2025, 18:00
Оқылды: 124

Шыңғырлауда электр желісінің  80%-ы  тозған

Шыңғырлау ауданының тұрғындары электр жарығының жиі сөнетінін айтады.  Осы себепті аудандық  электр  торабының басшысы Нұрболат Серғалиевтен мәселенің  мән-жайын  сұрадық.   

Нұрболат

Нұрболат Исатайұлының айтуынша, ауданда кернеуі 10 кВ электр желісінің ұзындығы – 277 шақырым. Оның 80%-ы тозған. Алайда былтыр желілердің 99%-ы жарамсыз болған екен. Ал ұзындығы 185 шақырым 0,4 кВ әуе желілерінің 75,7%-ы (былтыр 92,9%)тозып тұр. Сондай-ақ 79 толық трансформаторлық қосалқы стансаның 83,5%-ы жаңартуды  қажет  етеді.

– Ауданда негізінен қыс мезгілінде мұздақ болғанда, қатты желдің салдарынан жарық сөнеді. Ал көктемде жөндеу, профилактикалық жұмыс басталады. Мұндай кезде қауіпсіздік үшін жарықты сөндіруге тура келеді. Бірақ халықтың электр жарығының жиі сөнетінін айтып ренжуі орынды. Тәуелсіздік алғалы отыз жыл өтсе де, бұл салада кемшілік көп екені рас. Кейінгі жылдары ғана ел үкіметі, облыстық және аудандық әкімдік бұл салаға жіті көңіл аударып келеді. Қаражат бөлініп жатыр. Соның нәтижесінде электр желілері, қосалқы стансалар жаңғыртылуда. Материалдық-техникалық база жаңартылуда. Аудан халқының басым бөлігі Шыңғырлау ауылында тұрады. Сондықтан алдымен облыстан бөлінетін қаражатқа орталықтағы жаңа бағаналар ауыстырылып жатыр. Биыл кәсіпорынның қаражаты есебінен Қарағаш ауылындағы бағаналар жаңартылды. Ал Алмаз ауылдық округінде электр желісі 100% тозған. Мысалы, Шоқтыбай ауылындағы бағаналарды, трансформаторды ауыстыру үшін шамамен 30 млн теңгедей қаражат керек. Ол ауылда 60 шақты абонент бар. Жобалау-сметалық құжаты дайын, қаражат күтіп отырмыз. Егер республикалық бюджеттен қаражат бөлінсе, Алмаз, Ақбұлақ ауылдық округтерінің желілерін де жөндеуге болар еді, – деді Нұрболат Исатайұлы.

ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 1 ақпандағы қаулысымен бекітілген «Батыс Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» бар. Онда облыстың электр желілерін салу, реконструкциялау және жаңғыртуға 20 млрд теңге қарастырылған. Бұл жұмыс 2051 шақырымды қамтуы тиіс делінген. «Биыл Шыңғырлау, Қаратөбе және Бөрлі аудандарына бұл салаға қаражат бөлінеді деп айтылды. Егер тиісті ақша аударылатын болса, ауданда ауқымды жұмыс атқарылар еді», – деді электр тораптарының басшысы.

Қарағаш Ащысай (3)

– Біздегі ең күрделі мәселе – жалақының төмендігі. Жұмысшылардың қолына алатын еңбекақысы – 140-150 мың теңгенің айналасы. Жастар бұл салаға келгісі келмейді. Жұмыс істейтін мамандардың тең жартысы зейнет жасына жақындап қалды. Шыңғырлау ауылының ішінде бір ғана бригада жұмыс істейді. Сәйкесінше, олардың жүктемесі де жоғары. Электр қуатының тарифы секундына 1 кВт деп алсақ, оның бағасы – 10 теңге 49 тиын. Осыдан түсетін түсімдерге жалақы мен салық төленеді, жөндеу жүр-гізіледі, бағаналар, желілер сатып алынады. Былтыр аудан орталығындағы трансформаторлардың бәрі дерлік қоршалды. Бұл қондырғылар шкаф секілді жабық, яғни қауіпсіз. Болашақта ауылдарда да осындай трансформаторлар орнатылады, – деді Нұрболат Исатайұлы.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале