13.08.2021, 17:07
Оқылды: 383

Шынықсаң, шымыр боларсың

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен 12 тамыз күні бірнеше жерде тыныс алу жаттығуларына арналған іс-шара өтті. Кешкі сағат 20.00-де басталған бұл жаттығуларға қала тұрғындары белсене қатысты.

????????????????????????????????????

Облыстық мамандандырылған олимпиада резервінің балалар-жасөспірімдер спорт мектебі орналасқан алаңда әртүрлі жас шамасындағы адамдардың асқан ынта-ықыласпен білікті бапкерлердің ұсынған жаттығуларын қайталап тұрғанын көрдік. Жаттығудың бірнеше түрі жасалды. Бұл ауқымды іс-шара қала орталығын, «6» шағын ауданды, «Омега» аумағын, Деркөл және Зашаған кенттерін, Асан ауылын қамтыды. Барлық спорт мектебі мен стадиондардың ауласында, аула клубтарында, қаланың әр ауданынан жалпы саны 35 шақты жерде бір мезгілде тыныс алу жаттығулары ұйымдастырылды. Оған шамамен 1500 адам қатысты.

Облыстық мамандандырылған олимпиада резервінің балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлшат Ерсайынованың айтуынша, осынау жаттығулар бұл жолы Спорт күніне арналыпты. Игі іс-шара әрі қарай жалғасын табады. Яғни әр апта сайын өткізу жоспарланып отыр. Қала тұрғындары мен қонақтарын салауатты өмір салтын ұстануға шақыру, спортпен айналысудың адам денсаулығына пайдалы екенін түсіндіру – басты міндет. Әсіресе тыныс алу жаттығуларынан кейін адам ағзасында әртүрлі өзгерістер болып, қан айналу жүйесі жақсарады.

????????????????????????????????????

Карантинде шектеулер көбейді. Қозғалыс та азайды. Ал осындай іс-шаралар халыққа серпіліс сыйлайды. Жұмыс та, жаттығу да жасалады. Өтетін уақыты да қолайлы. Музыканы алыстан естіп, жаттығу жасап жатқан топқа қосыла кеткендерге тәнті болдық.

– Біз тұратын «Үш батыр қыз» ескерткіші маңындағы спорт мектебінде егде адамдарға арналған клуб ашылды. Онда сағат 21:00-ге дейін спортпен шұғылдануға болады. Оған да келушілердің саны күн санап артуда. Ал бүгін музыканы естіп келдім. Теледидардан көптеген аулаларда жаттығу жасап жатқандарды көретін едім. Сырттай қызығатынмын. Бүгін, міне, елмен бірге мен де жаттығу жасадым.

Бұл маңда халық көп жүреді. Осындай іс-шараны өткізуді әдетке айналдырса, біз секілді қартайған адамдар бір серпіліп қалар еді. Бұйырса, көршілеріме, туыстарыма хабарлаймын. Бұрын спортпен айналысқан жоқпын. Өзімді жеңіл әрі жақсы сезініп тұрмын. Көңілім көтеріліп қалды, – дейді қаламыздың 84 жастағы тұрғыны Лида Иванова.

Марлен Ғилымхан,

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале