Оның киелі сахнада өнер көрсеткеніне 50 жылға жуықтады. Ол негізінен классикалық, фольклорлық жанрда ән айтады. Әлемге әйгілі романстарды шырқағанда көрермен арасынан «Браво, Маэстро» деген дауыстарды естисіз. Дәл осы сөз әнді шырқау шегіне жеткізіп, жанын жеп айтатын кәсіби әншілерге ғана айтылатын секілді. Белгілі әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әртісі Қанатқали Қожақовты Жайық өңіріндегі әнсүйер қауым жақсы таниды.
Жақында ғана жетпістің жотасына шыққан кейіпкеріміз Тасқала ауданының ту-масы. Бала кезінен әнге құштар болып өседі. Әкесі Кәмок те табиғатынан әжептәуір дауысы бар, өнерге жақын адам болыпты. Ол кісі мектепте жұмыс істеп, кейіннен колхозда басшылық қызметтерді атқарып қоймай, ауылдың
жиын тойлары мен концерттеріне де уақыт табатын. Өнерді ерекше қадірлеген әке тәрбиесі кішкентай Қанатқалиға да әсер етсе керек.
Мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, өз бетінше ән салып, ізденіп өседі. Бірде ол облыстық өнер олимпиадасы байқауына жолдама алады. Оның әншілік жолы да осы олимпиададан басталды. Ауылдан келген талдырмаш, сүйкімді баланың өз жасына лайық емес «Абай» операсынан Абайдың ариясын орындауы байқаудың әділқазылар төрайымы, сол кездегі музыка училищесінің вокал бөлімінің меңгерушісі Савельева Валентина Тимофееваны таңғалдырады. Ол мектеп бітіргелі тұрған 10-сынып оқушысына ақыл-кеңесін айтып, білім ошағын тәмамдағаннан кейін, музыка училищесінің ән-вокал бөліміне оқуға түсуге ұсыныс жасайды. Кейіпкеріміз 1970 жылы қазіргі Құрманғазы атындағы саз колледжінің ән-вокал бөліміндегі Валентина Савельеваның класына қабылданды. 1971-1973 жылы әскери борышын өтеп келген соң оқуды жалғастырып, музыка училищесін 1976 жылы ойдағыдай аяқтап, әнші мамандығын алды. 1975 жылдан бастап студент бола жүріп, Орал облыстық филармониясының музыкалық лекториясына, кейін оқу бітірген соң жолдама бойынша әнші-вокалист болып қызметке қабылданды. Содан бері облыстағы өнердің қара шаңырағында қызмет атқарып келеді.
– Облыстық филармония 1966 жылы құрылды. Мен 1976 жылы өнер шаңырағының он жылдығында жұмысқа келдім. Басымыздан түрлі кезеңдер өтті. Ол кезде қысы-жазы гастрольде жүреміз. Үй көрмейміз. Ескі автобуспен еліміздің барлық қаласын дерлік аралап шықтық. Тек облыс орталығына емес, шалғайдағы ауылдарына да барып, концерт береміз. Қыстың кезінде автобусымыз сынып қалып, діттеген жерімізге бірнеше шақырым жаяу жүріп барған кездеріміз көп болды. Талай рет автобусымыз жолда сынып, оны оңдап, әупірімдеп ауылдан ауылға барып жүрдік. Жол азабын көп көрдік. Талай мықты әншілер қиындыққа шыдамай кетіп қалды. Қазір саралап қарасам, өз кәсібін жанындай жақсы көргендер ғана қиындыққа төзіп, өнерді жалғастырған екен. Гастрольде түрлі қызық жағдайлар көп болады. Бір ауылдан, бір ауылға қонып жүресің. Жағдай бірде бар, бірде жоқ. Көбіне қонақүйлер салқын болады. Ауылдағы әр үйге бөлініп барамыз. Бірде баратын үйдің ретін таппай, төрт бес әнші автобуста отырмыз. Шамамен 3-4 оқитын бала қасымызға келіп «Неғып отырсыңдар?» дейді. Өзі үлкен кісі сияқты. Біз жағдайымызды айттық. «Үйге жүріңдер» деп үйіне алып келді. Анасы «Қайдағы әртістер» деп бізді қабылдағысы келмей жатыр. Кішкентай бала «Мен бұл кісілерге уәде бердім, қабылдамасаң кетемін» деп шу шығарып, қызық болды. Бірақ сол үй қонақ қылып, күтті бізді. Сол кішкентай, қайсар баланың үлкен кісіше әрекет еткені жадымда қалып қойыпты. Тағы бірде Индерге бардық. Ол кезде көпір салынбаған, Индердің арғы бетіндегі ауылдарға пароммен өтіп барамыз. Көктем кезі. Әлі мұз түсе қойған жоқ. Біз Индерде арғы беттегі ауылдарға концертімізді қойып, енді мұздың үстімен бергі бетке өтіп, Атырауға жетуіміз керек болды. Бәріміз автобустан түсіп кеттік. Автобусымыз өзеннің ортасына келгенде мұз ойылып, ортасына түсіп-кетті. Автобустың ішінде музыкалық аппарат бар еді. Бәріміз шулап, әлгі аппаратты алып шықтық. Бірақ музыкалық аппаратымыз сынып қалыпты, гастроліміз тоқтап кері қайттық. Егемендік алған жылдары өте қиын болды. Елде дағдарыс, ақша жоқ. Көбіне бартерге жұмыс істейміз. Концертке барамыз, еңбегімізге қой береді. Оны сойып, филармонияның бүкіл ұжымы бөліп аламыз. Осылай да жан баққан күндер өтті. Сол кезде де жұмыстан көбі кетіп, нағыз өнерсүйерлер қалды. Кейіннен жағдаймыз біртіндеп жақсара бастады ғой, – деп өткен шақты еске алды әнші аға.
Кәсіби сахнаға 50 жылға жуық ғұмырын арнаған әнші осы жылдар ішінде одақ, республика, облыс көлемінде өткен халықаралық, республикалық байқауларға қатысып, үлкен сахналардан қазақтың және орыстың халық әндерін, қазақ композиторларының әндерін, классикалық ариялар мен романстарды нақышына келтіре орындап, көрермендерінің қошеметіне бөленді.
Ол 1976 жылы Рига қаласында өткен Бүкілодақтық әншілер байқауына қатысып, үлкен сахнадан тәжірибе жинақтады. 1977 жылы сол кездегі астанамыз Алматыда өткен патриоттық әндерді орындаушылардың республикалық телевизиялық байқауының лауреаты, 1982 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивалінің лауреаты атанды.
1982 жылы Орда ауданы мәдениет үйі жанындағы халық аспаптары оркестрінің құрамында гастрольдік сапармен Германия Демократиялық Республикасына барып өнер көрсетті.
Қанатқали Қожақов филармонияның «Ән қанатында», «Жайық толқыны», «Ұшқын» ансамбльдерімен республиканың көптеген облысында гастрольдік сапарлармен болды.
Ол өзінің кәсіби сахнада шыңдалуына мол үлес қосқан сол кездегі сахна тарландары Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген әртісі Бекболат Машқанов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мақсот Омарғалиев, әншілер Мақсат Мұхитдинов, Нұрғали Бужумов, музыкалық жетекшілер Әмір Телеуов, Нариман Дүйсенов және Николай Гореловтарды құрметпен еске алады.
Тыңдаушысын өзіне бірден елітіп алатын әнші шығармашылық ән өнері жолында тынбай іздене жүріп, қазақ халқының әндерін Башқұртстанда, Астрахан, Волгоград, Орынбор, Самара, Саратов, Мәскеу қалалары сияқты Ресей Федерациясының үлкен сахналарында шырқады. 1997 және 2007 жылдары Түркияның Стамбул қаласында өткен Халықаралық фестивальге «Орал сазы» ансамблінің әншісі ретінде қатысты. Кейіпкеріміз әншілігімен қоса, бірнеше жылдан бері М. Өтемісов атындағы университеттің музыкалық білім және ән өнері деген кафедрасында сабақ береді. Өнер жолындағы бар білгенін шәкірттеріне үйретеді.
– Жалпы әншілердің музыкалық білімі болғаны дұрыс. Табиғи талантты әншілер де көп. Бірақ мектебі бар әншілер қартайғанша ән шырқай алады. Өйткені оның даусы қойылған, дағдыны қалыптастырған музыкалық білімі бар. Ал тек талантына сенген әншілер 30-40 жасқа дейін ән салады. Өйткені бәріне еңбек керек. Бір пайыз табиғи дауысты 99 пайыз еңбекпен сақтау керек. Негізі, әншілер де спортшылар секілді, күн сайын ән айтып, дауысын жаттықтырып отырады. Бір апта ән айтпасаң, өз дауысың өзіңе бағынбай кетеді. Одан кейін әншіге керек қасиет – тәртіп пен жауапкершілік, – дейді бізбен ой бөліскен Маэстро.
Жалт-жұлт еткен сахнаның жарық шамдары, зал толы көрерменнің ду қол шапалағы, құшақ толы гүл Маэстроның әдемі сәттері. Бірақ осы биіктікке жету жолында ол қиындықтарға төзді, барға қанағат етті, ізденді. Өзі жанындай жақсы көретін әнші-лік кәсібін жолда қалдырып кетпеді. Өнер жолындағы өлшеусіз еңбегі бағаланып, түрлі марапаттарға ие болды. Халқымыздың атадан балаға мұра болып келе жатқан ән-мұра өнерін насихаттауға қосқан зор үлесі үшін Қанатқали Қожақовқа 1990 жылы «Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген әртісі» құрметті атағы берілді. 2000 жыл Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Мәдениет жылы болып жарияланып, жыл қорытындысында кейіпкеріміз облыстың мәдениетінің алға басуына зор үлес қосқаны үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 2013 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша «Құрмет» орденінің иегері атанды. Ол кең тынысты әнші-вокалист, халық аспаптары, симфониялық, үрмелі аспаптар, эстрадалық оркестрлерінің сүйемелдеуімен күрделі шығармаларды орындайды.
Бар ғұмырын кәсіби сахнаға арнап, күш-қуаты мен қажыр-қайратын халқының ән өнерін әрі қарай жас ұрпаққа насихаттауға жұмсап жүрген өнер қайраткерін мерейлі жасымен құттықтап, сәттіліктер тілейміз. Шырқай бер, Маэстро!
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»