12.03.2022, 11:40
Оқылды: 122

Сирияға барғандар «сауыға бастады»

Облыстық дін істері басқармасының Дін мәселелерін зерттеу орталығы ұйымдастырған семинарда дінтанушы, философия ғылымдарының PhD докторанты Қайсар Назарбек дәріс оқыды. Екі күндік семинардың басты мақсаты – мешіт имамдары мен теологтардың біліктілігін арттыру. Қайсар Назарбек «Терроризм және діни экстремизм», «Халықаралық террористік және діни-экстремистік ұйымдардан төнетін қауіп-қатер», «Интернет кеңістігіндегі діни үгіт-насихат» тақырыбында мол мағлұмат берді.

5E48F0BA-9B79-4040-8E8A-146D14E27D25

– Мешіт имамдары діни мә-селелердің ара-жігін ашып, исламдық бағытта мазмұнын түсіндіреді, бірақ теориялық және ғылыми тұрғыда негізгі мән-мағынасын ашып бере алмайды. Яғни дін мамандарының біліктілігі жете бермейді. Экстремизм, терроризм, радикализм, діни фундаментализм секілді ұғымдарды жіліктеп түсіндіру керек. Зайырлы мемлекет болғасын, заңдық нормаларды қолдану тәртібі туралы айттым. Мәселен, терроризм актісін жасау бір қылмыс, оған шақыру - бөлек бір қылмыс болып есептеледі. Сондықтан құқықтық, ғылыми және теориялық тұрғыда теологтар мен имамдардың біліктілігін жетілдіру маңызды, – деді дінтанушы БАҚ өкіліне берген сұхбатында.

Семинардан бөлек философия ғылымдарының PhD докторанты Қайсар Назарбек Сириядан «Жусан» операциясы аясында келген әйел қауыммен кездесіп, олардың санасын оңалту бағытында тренинг өткізді. Тәжірибелі теолог олардың қазіргі қоғамға бейімделе бастағанын байқағанын айтты. «Жанжал ошағында өрт тұтанғалы бірнеше жыл өтті. Содан бері теологтар мен психологтардың олармен  жақсы жұмыстанғаны, дұрыс бағытта дәріс берілгені аңғарылады. Әрине, радикалды топтың ықпалында болғандар бірден оңалып кетті, барлығы дәстүрлі бағытты таңдады деуге болмайды. Дәл қазіргі уақытта Сирияға барғандардың мәселесі аса өзекті бола қоймас. Бірақ қауіп қайдан туындайтынын алдын ала болжау қажет. Ертең олар ана ретінде ұрпақ тәрбиелей бастайды. Соған байланысты осы бастан қам жасап, ағартушылық жұмысты жүргізе беруіміз керек», – деді Назарбек Қайсар.

Нұртай Текебай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале