Орал қаласы әкіміне құлаққағыс!
«Орал өңірі» газетінің 2021 жылғы 9 шілдедегі санында «Қауіпті қос қиылысқа бағдаршам керек!» («Оө», №55. 09. 07. 2021) атты проблемалық шағын мақала жарық көрді. Бұл материалда Орал қаласының аумағына кіретін Селекционный ауылының Жанқожа батыр – Жағалау көшелерінің және Жанқожа батыр – Белая казарма көшелерінің қиылысына бағдаршам орнатудың өте қажеттігі жөнінде мәселе көтерілген болатын. Үшбу мақала Орал қаласы әкімінің назарына! айдары аясында жарық көрсе де, Орал қаласы әкімдігі тарапынан редакцияға ресми жауап келген жоқ. Бірақ бір шүкірлігі, араға бірер ай салып Жанқожа батыр – Жағалау көшелерінің қиылысына бағдаршам орнатылды, ал бір әттеген-айы, Жанқожа батыр – Белая казарма көшелерінің қиылысы әлі күнге дейін бағдаршамсыз.

Негізі, аталмыш мәселені жергілікті жұртшылық ең бері дегенде 2020 жылдан бастап жиі көтеріп келеді. Тура осы шаруаны бұрнағы жылы, яғни 2020 жылы өзім ол кезде Орал қалалық мәслихатының, ал қазір Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Тұрарбек Тілемісовтың ФБ-дағы парақшасынан оқыған едім. Ол мәтінде қала әкімдігі осы проблеманың көп кешікпей оңтайлы шешілетіндігіне уағда бергендігі жазылған-ды. Алайда үшінші жылға кетті, шаруа шешілер емес.
Қалың оқырманға түсінікті болу үшін сәл тарқатыңқырап айтар болсақ, мәселенің мәнісі былай: облыстық кардиологиялық аурухананың маңында «Еуразия» туристік орталығы, «Дарын» мектептен тыс жұмыстар мекемесі және «Светлячок» демалыс орталығына қоса, «Зеленый дубок», «Садовод любитель», «Белая казарма», «Дружба» сықылды бірнеше бағбандар қауымдастығы бар. Осынау бағбандар қауымдастықтарында 500-ден аса адам тұрақты тұратын көрінеді. Оның үстіне кардиологиялық аурухана мен жаңағы «Еуразия», «Дарын», «Светлячок» туристік-демалыс мекемелеріне жыл-он екі ай бойы қатынайтын үлкен-кішінің қарасы көп. Айтпақшы, бұрынғы түрік лицейі, бүгінгі облыстық білім-инновация лицейі де сол маңда. Ал енді осы қарайған халықтың Селекционный ауылының аумағындағы «Белая казарма» аялдамасы тұсынан Орал – РФ шекарасы (Саратов бағыты) күрежолынан жаяу да, көлікпен де әрлі-берлі өтуі қиямет-қайым. Халықаралық трасса болғандықтан, қарама-қарсы бағытта ерсілі-қарсылы жеңілі бар, жүк көлігі бар ағылған мәшинеде есеп жоқ. Сол себепті де бұл төңіректе жол-көлік оқиғасы жиі болады. Осыған орай қияметтің қыл көпіріндей жол қиылысына жергілікті жұрт барынша тездетіп бағдаршам орнатылғанын қалайды. Нақтырақ айтар болсақ, Жанқожа батыр – Белая казарма көшелерінің қиылыстарына бағдаршам орнату керек-ақ. Сондай-ақ мұндай игілік Айналма тасжол – Белинский көшелерінің қиылысына да артықтық етпейді.
Қала тұрғындары соңғы екі-үш жылда жиі көтеріп жүрген мәселе түбегейлі шешілмегендіктен біз облыс әкімі Ғ.Есқалиевке былтырғы қараша айында арнайы хат жолдап, осы мәселенің оңтайлы шешілуіне ықпал етуін сұрағанбыз. Жыл соңында осы мәселеге орай Орал қаласы әкімдігіне қарасты Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және аутожолдар бөлімі басшысының орынбасары Е.Арыстанғалиев қол қойған хат келді.
Хатқа қала әкімінің өзін айтпағанда, сөзге өзек, тілге тиек болған саланы қадағалайтын орынбасары да, тіпті, ең болмаса бөлім басшысы да қол қоймағандықтан біздің көңілімізде «Ай, бұл шаруа тағы да сиырқұйымшақтанып кетеді-ау...» деген күдік қою, күмән қалың...
Бауыржан Ғұбайдуллин,
zhaikpress.kz