15.05.2017, 18:06
Оқылды: 55

Смарт білім беру - заман талабы

Lazzat    Орал қаласындағы Оқушылар сарайында "Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында смарт техникаларды тиімді пайдалану және әлемдік тәжірибе" тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.


   Шара "Өрлеу" БАҰО-ның облыстық филиалының педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының  ұйымдастыруымен қолға алынды. Конференцияға Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі мен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеттерінде дәріс беретін Корея, Финляндия, Ұлыбритания, Колумбия, Нигерия, Австралия елдерінен келген мамандар өз тәжірибелерімен бөлісті.

  Пленарлық мәжілісте сөз алған «Өрлеу" БАҰО" АҚ филиалы "БҚО ПҚ БАИ" директоры София Ізмұханбетованың айтуынша аталмыш конференция 2013 жылдан бастап өткізіліп келе жатыр. Алғашқыда облыстық деңгейде ұйымдастырылған шара бүгінде халықаралық деңгейге дейін жеткен.

   - Ең алдымен осы атаулы шараны өткізуге қолдау көрсеткен облыстық білім басқармасы мен қалалық білім бөліміне алғысымды білдіремін. Қазіргі жаңаша қоғам, жаңа технология мүмкіндіктерінің өте жылдам дамуы ақпараттық технологиялардың барлық салаларда кеңінен қолданылуымен ерекшеленеді. Заманауи педагог қайда жұмыс жасайтынына және қандай пәнді жүргізетініне қарамастан интерактивті технологияларды пайдалану саласында жан-жақты болуы қажет. Интерактивті технологиялар, ақпаратты ұсыну мұғалімнің жұмысын жеңілдедетін құрал ғана емес, сондай-ақ кәсіби міндеттерді  шешуге мүмкіндік беретін бүкіл білім беру үдерісін өзгерту құралы. Педагогтардың біліктілігін арттырудың педагогикалық және технологиялық негіздерін зерттеуде смарт білім беруді енгізу үдерісі соңғы жылдары «Өрлеу" БАҰО" АҚ филиалы "БҚО ПҚ БАИ" қызметінің ғылыми-әдістемелік негізіне айналып үлгерді. Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру процесінде білім мазмұнын жаңарту, оқытуда интерактивті технологияларды қолдану бүгінгі таңда өте маңызды. Өйткені  Елбасымыз өзінің соңғы Жолдауында цифрлық Қазақстан бағдарламасын  жүзеге асыруды тапсырған болатын. Олай болса біздің қолға алған жұмыстарымыз бүгінде жүйеленіп, жылдан-жылға жаңа форматта дамып келеміз деп толық сеніммен айта аламын, - деді София Салахаддинқызы.

   Конференция жұмысы түстен кейін секциялық отырыстармен жалғасын тапты. Мұнда «Цифрлық білім беру контентін жасақтау және пайдаланудағы халықаралық тәжірибе мен отандық практика», «Смарт техниканы белсенді қолдануға бағытталған білім беру мен оқыту әдістемесі», «Инклюзивті білім беруде ақпараттық технологияларды қолдану» секілді тақырыптар талқыға салынды.  Сонымен қатар қашықтық курстары арқылы шеберлік сыныптары ұйымдастырылып, «Электронды үкімет және электронды қызметтер», «Транзакциялық қызмет және мобильді әмиян», «Group Play» қосымшасы мен Prezi веб-сервисі жөнінде әлемдік тәжірибелер сарапқа салынды. Мұнда Ұлыбритания, Колумбия, Нигерия, Австралия елдерінің биолгия, химия, физика, математика пәндерінің мұғалімдері қашықтық курстары арқылы дәрістерін оқыды.

Ләззат ҒИНИЯТҚЫЗЫ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале