Өткенде Орал қаласына В.Разумовский атындағы Саратов мемлекеттік медицина университетінен делегация келіп, «Мақсат» Орал жоғары медициналық колледжінде тарихи оқиға орын алды. Атағы алысқа кеткен ресейлік жоғары оқу орны «Мақсат» колледжі негізінде өзінің ресурстық орталығын ашты.

Ал аталмыш орталықтың ашылған күні бұдан 112 жыл бұрын, яғни 1909 жылы 6 желтоқсанда Саратовта осы университеттің тұсауы кесілген күнмен тура келген еді. Ол жылы университет бір медициналық факультеттің құрамында ашылған екен. Бүгінде Саратов мемлекеттік медицина университеті жалпақ Ресейдің дәрігерлік білім беру мен денсаулық сақтау саласында ең алдыңғы орындарды алады. Сондай-ақ ол дүние жүзінің ең таңдаулы оқу орындарының қатарына енген. Ал мұндай дәреже бұл университетке басқа оқу орындарымен қарым-қатынасты күшейтіп, өзінің тәжірибесін бөлісуіне, медициналық білім алмасуда халықаралық аренада өзінің әріптестерімен қоян-қолтық араласуына жан-жақты мүмкіндік береді.
Саратов пен Батыс Қазақстан облыстары ежелден қоңсы қонған, барыс-келістері үзілмеген, байланыстары жыл өткен сайын күшейіп, нығайып келе жатқан көршілер. Экономикалық қарым-қатынастармен қатар білім беру, медицина саласында да ауыз толтырып айтар жетістіктер жетерлік. Ресурстық орталықты ашу жөніндегі шешім әу баста БҚО әкімі Ғали Есқалиев пен Саратов облысының губернаторы Валерий Радаевтың кездесуінде арнайы әңгіме болып, қабылданған еді.
Саратовтан келген делегацияның құрамында Саратов мемлекеттік медицина университетінің ректоры Андрей Еремин, университет президенті Владимир Попков, оқу жөніндегі проректор Ирина Бугаева, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор Александр Федонников, мейірбике жоғары мектебінің директоры Ольга Алешкина болды.
Қазақстан жағынан осынау тарихи салтанатқа БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Әбдірахманова, «Мақсат» Орал жоғары медициналық колледжінің бірінші басшысы Мақсот Берген және колледж директоры Марина Трушкова қатысты.
Ресурстық орталықтың ашылуына орай Саратов мемлекеттік медицина университетінің ректоры Андрей Еремин сөз сөйлеп былай деді: «Саратов мемлекеттік медицина университетінің Ресурстық орталығы «Мақсат» колледжінің базасында ашылуын екі оқу орнының тарихындағы, облыс тарихындағы, тіпті екі мемлекеттің өміріндегі маңызды оқиға деуге әбден болады. Біздің мүмкіндіктерімізді интеграциялау – денсаулық сақтау саласына инновациялық жаңалықтарды енгізуге, жұмыстарымыздың жүйелі және тұрақты дами түсуіне даңғыл жол ашады».
Ресейдің осынау атақты оқу орнының президенті Владимир Попков өз сөзінде: «Біздің осынау әріптестік қарым-қатынасымыз әрі қарай табысты жалғасатындығына сеніміміз мол. Колледж болып, университет болып, тығыз байланыста жұмыс істеп, оқу мен білім беру сапасын арттырып, екі өңірде де медицина кадрларының жетіспеушілігін жоюға күресетін боламыз», – деп екі жақты байланысқа зор сенім білдірді.
Саратов мемлекеттік медицина университетінің ресурстық орталығы, сондай-ақ білім беру саласында халықаралық қарым-қатынасты дамытуға бағытталған бірқатар маңызды міндеттерді шешуді қамтамасыз етеді.
Өз кезегінде сөз алған «Мақсат» Орал жоғары медициналық колледжінің бірінші басшысы Мақсот Берген қонақтарға қош келдіңіз айта отырып: «Қазақстанның денсаулық сақтау саласы медицинаның сан саласын қамтитын біліктілігі жоғары мамандарға әлі де болса зәру. Мынау бүгінгі ашылып жатқан ресурстық орталық Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға біздің де белсенді қатысуымызға мол мүмкіндік беретіні сөзсіз», – деді.
В. Разумовский атындағы Саратов мемлекеттік медицина университеті мен «Мақсат» Орал жоғары медициналық колледжінің халықаралық қарым-қатынас аясында денсаулық сақтау, білім беру, жастар саясаты бағытында өзара тығыз байланыс орнатуы – Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасына зор пайдасын тигізетіндігінде сөз жоқ.
Өз тілшіміз