Алаш қозғалысының қатысушысы, қазақтан шыққан тұңғыш рота командирі Нұғыман Сарбөпин 1890 жылы Орал облысы Ілбішін уезінің Соналы болыстығында дүниеге келген.
Әкесі Мұхамеджан Сарғожин патша тұсында Соналыда ұзақ жылдар аға сұлтан, болыстық управитель болған қазақтан тұңғыш дворян атағын алғандардың бірі.
Бала Нұғыманды кезінде Исатай-Махамбет көтерілісін қолдаған арғы атасы Сарбөпенің атына жаздырады, содан Нұғыман Сарбөпин деген фамилиямен Санк-Петербургтегі Александр патша атындағы Кавалерия училищесіне жаздырады.
1910 жылдары шамасында училищені бітірген Нұғыман Ресей-Қытай шекарасында тұрған 553-жаяу әскер полкында әскери қызметін жалғастырады.
1914-1917 жылдары Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, 553 полк құрамындағы мұсылмандардан құрылған жеке ротаның командирі болады.
1917 жылғы Ақпан революциясы кезінде Орынборға келіп, Алаш қайраткерлрі А.Кенжин мен М.Есболатовтар құрған «Еркін дала» ұйымына кіреді. Онда Алаш өкілдері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов секілді қайраткерлермен бірге Алаш қозғалысын құруға араласады.
1918 жылы Орынборда Кеңес үкіметі орнаған тұста Ә. Жанкелдиннің Кеңес жағында қызмет ету ұсынысын қабылдамай, Оралдағы Алаш қозғалысына қосылу ниетінде жолға шыққан Н. Сарбөпинді Орынбор маңындағы Бөрте болысының үшінші ауылында Орынбордан шыққан казак отряды ұстап алып қорлап өлтіреді. Денесі сол ауыл маңында жерленген деседі.
Зулхожа Шарафутдинов,
zhaikpress.kz