Соңғы қоңырау облыс аудандарында да сыңғыр қақты. Бұл күнгі ұйымдастырылған мазмұнды шаралар мереке шырайын аша түсті. Бұл туралы аудандардағы филалдарымыздың тілшілері хабарлады.
Республика көлемінде өзіндік орны бар Теректі аудандық «Үміт» линвистикалық гимназиясы соңғы қоңырау мерекесін салтанатты түрде атап өтті. Айта кететін жайт, былтыр гимназияны 36 оқушы тәмамдап, оның 14-і «Алтын белгі», 15-і «Үздік аттестат» иегері атанған болатын. Ал ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балл 114,6 құраған. Биылғы түлектердің саны – 30. Олардың ішінде 23 оқушы «Алтын белгіге» үміткер болса, 5-еуі «Үздік аттестат» иегері атануға талпынуда.
Ал Шағатай ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебі бойынша 206 оқушы оқу жылын аяқтап отыр. Шағатайлық шәкірттерді құттықтауға БҚО әкімінің орынбасары М.Тоқжанов, БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының басшысы Қ.Қадешов, округ әкімі Р.Мүтиев пен ардагер ұстаздар қатысты.
Жәнібек ауданындағы Тайыр Жароков атындағы білім ордасын биыл 52 түлек бітірді. Салтанатты шараға облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, аудан әкімі аппаратының басшысы Жақсылық Абдолов, облыстық мәслихат депутаты Ескендір Елемесов, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Миранбек Ибатов, ардагер ұстаздар мен мәртебелі қонақтар, ата-аналар қатысты. Соңғы қоңырауға арналған салтанатты жиындар ауданның барлық мектептерінде өтті.
Ал Бөрлі ауданына қарасты Березов негізгі мектеп-балабақша кешені 1969 жылдан бері 48 рет түлектерін ұшырған екен. Білім ошағын бітірген түлектер бүгінде алыс-жақын шет елдерде қызмет етуде. Биылғы оқу жылында 13 оқушы мектепті тәмамдап, болашақ өмірге қадам басты. Бұл оқу жылы түлектер үшін емес, аталмыш мектеп үшін де соңғы оқу жылы болмақ. Себебі ауыл тұрғындары биыл толықтай Ақсай қаласы мен Аралтал ауылына қоныс аударатын болады.
Зеленов ауданы орталығындағы Переметный мектебінде 27 түлек үшін соңғы рет мектеп қоңырауы сыңғыр қақты. Жиын барысында бірінші сынып оқушылары түлектерге балалық тілектерін айтса, алтын ұя мектебімен қоштасқан түлектер білім нәрімен сусындатқан ұстаздарына алғыстарын жеткізді. Ал Дариян қазақ мектебінің бір топ түлектерін құттықтауға аудан әкімі Кәрім Жақыпов пен аудандық білім бөлімінің басшысы Серік Сафиуллин барды. Жиын барысында үлкен өмірге қанат басқалы тұрған аға-апаларын мектеп табалдырығын аттаған бірінші сынып оқушылары құттықтап, өлең шумақтарын арнады.
Сырым ауданы Алғабас ауылдық округінің орталығындағы М.Қаналиев атындағы жалпы білім беретін орта мектебі осы оқу жылын 237 оқушымен аяқтады. Мектеп оқушылары жыл ішінде білім, мәдениет, өнер, спорт, тіпті робототехника салалары бойынша да жақсы нәтижелерге қол жеткізген. Салтанатты шарада үздік табысы бар бірқатар оқушылар марапатталды.
Қаратөбе мектеп-гимназиясында өткен шарада 2016-2017 оқу жылында білім бәсекесінде үздік нәтиже көрсетіп, аудандық, облыстық,республикалық білім бәсекелерінде мектеп мерейін асқақтатқан жеңімпаз оқушылар дәстүрлі «Жұлдыздар аллеясында» сап түзеп, мереке ажарын ашты.
Ал Жаңақала ауданы №3 қазақ мектебі соңғы қоңырау салтанатын лайықты атап өтті. Биыл мектеп бітіргелі отырған 21 түлектің бірі Айкөркем Теміржанова «Үздік аттестатқа» үміткер. Мереке аясында мектеп бітіруші түлектер дайындаған сазды сәлемдерін жолдап, ақ тілек арқалаған шарлар ұшырды. Айта кету керек, Жаңақала ауданында биылғы оқу жылын 22 мектепте 3821 оқушы аяқтады.
Мектеп бітіруші 150 бөкейлік ұл-қыз үшін күміс қоңырау соңғы рет сыңғыр қақты. Ауданда 2016-2017 оқу жылында барлығы 2449 шәкірт білім алса, олардың 561-і оқу озаты, 836-сы оқу екпіндісі атанды. Жылдағы дәстүр бойынша биыл да барлық білім ошақтарына арнайы өкілдер жіберіліп, мектеп ұжымдары мен шәкірттерге, ата-аналарға ең ізгі тілектер жеткізілді.
Еске сала кетсек, биыл Батыс Қазақстан облысы бойынша 4206 мектеп бітіруші болса, олардың 3229-ы ҰБТ-ға қатысады.
zhaikpress.kz