Орал қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы бойынша «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанынан құрылған мониторинг топтардың жұмысы бойынша партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті. «AMANAT» партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Кенесары Нұршинов комиссия отырысының басты мақсат-міндетін таныстырды.
Оның айтуынша, жуырда Нұр-Сұлтан қаласында өткен «AMANAT» партиясы жанындағы экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес отырысына қатысқан партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Мұқаев салалық министрлік өкілдеріне бірнеше ұсыныс жасаған. Соның ішінде ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен ҚР Сауда және интеграция министрлігіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатумен айналысатын кәсіпкерлік субъектілеріне байланысты мораторийдің күшін жою керектігін жеткізген. Көпшілік ұсақ және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің тауар бағасын қымбаттатып отырғанына наразы. Аталған кәсіпкерлік субъектілерінің 80%-ы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын бөлшек сатумен айналысады. Одан бөлек көтерме жеткізуші үшін баға үстемесін 15%-дан асырмауды заңнама шеңберінде бекіту және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті баға қою қажет. Қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының көтерме жеткізушілеріне заң бойынша тосқауыл қарастырылмаған. Бұл жағдай бөлшек сауда иелеріне қарағанда көтерме жеткізушілерге өздеріне тиімді бағаны қоюға мүмкіндік беріп отыр. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу және сату желісінде делдалдардың санын заңды түрде бекіту керек. Әйтпесе, өндірушіден тұтынушыға жеткенше сансыз делдал кесірінен тауар бағасы шарықтап кетіп жатыр. Әлеуметтік қолдауға мұқтаж адамдардың тізімін жасап, оларға әлеуметтік азық-түлік картасы арқылы көмек көрсетудің маңызы зор. Партияның облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының инспекторы Афиза Семғалиева кейбір кәсіпкерлік субъектілері мониторинг топтарының жұмысына кедергі жасайтынын атап өтті.
– Сауда орталықтары мен базарлардағы бөлшек және көтерме сауда иелері үстеме баға қағазын көрсетуге құлықты емес. Аудандардағы мониторинг топтары тауардың қай бағамен жеткізілетінін нақтылай алмайды. Өйткені көтерме бағамен сататын «Алтын алма», «Ел ырысы» базарларында «накладной» қағазы берілмейді. Облыс бойынша осы құжатпен жұмыстану неге жүйелі қолға алынбай келеді? Кейбір сауда орнында әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы көрсетілмейді. Мысалы, Сарайшық көшесінің бойында орналасқан «Шағала» дүкеніне бардық. Бірақ күріш, қарақұмық, қант бағасы жапсырмаға жазылмаған. Бір аптадан кейін қайта барғанымызда, сөредегі тауарлар бағасына қатысты ескертуімізді дүкен иесі құлаққа да ілмегенін білдік. Қант келісі Орал қаласындағы барлық сауда орнында үш апта бойы 640-680 теңге аралығында болса, «Аяжан» сауда орталығында 750 теңгеге дейін көтерілді. Аталған сауда үйінде неге қант бағасы түспей отыр? Кәсіпкерлік субъектісінің мониторинг тобының жұмысына кедергі келтірген кезі де болды. Өткен аптада «Мирлан» орталық базарының әкімшілігі мониторинг топты бір сағаттан артық ұстап, базарды аралап шығуға рұқсат етпеді. Оған қоса, бізбен бірге барған БАҚ өкілдерінің түсірілім тобына кедергі жасады. Біз азық-түлік бағаларын жазып алатынымызды айттық. Базар әкімшілігі уәжімізге құлақ аспады. Қазіргі кезде аудандардағы мониторинг топтар да белсенді жұмыс істеуде. Жәнібек ауданының мониторинг тобы «Адай» сауда орталығында азық-түліктің бір түрінің бағасын 340 теңгеден сатылады деп көрсетіп, ал түбіртекке 360 теңге деп жазғаны анықтады. Бір апта ішінде барлық тауар бағасы түзетіліп, кәсіпкер олқылықты жойды. Дәл осындай жағдай Бәйтерек ауданына қарасты «Дина» сауда үйінде орын алған, – деді Афиза Семғалиева азық-түлік бағасына реттеуге жауапты басқарма басшысын партиялық жауапкершілікке тартуды ұсынды. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының міндетін атқарушы Бауыржан Сатқалиев мораторий аясында кәсіпкерлік субъектілерін тексере алмайтындарын, нарықтағы ахуалды реттеу үшін заң талаптары негізінде ғана шара алатынын айтты. «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанынан құрылған мониторинг топтардың жұмысы бойынша партиялық бақылау комиссиясының аталған басқармаға жұмысын ширату керектігін ескертіп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Нұртай Алтайұлы,
zhaikpress.kz