Теректі ауданының Ақжайық ауылдық округінде сот залы ашылды. Сот залының ашылу салтанатына ҚР Сот әкімшілігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Мәлік Кенжалиев, белгілі ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева, аудан әкімінің орынбасары Аманкелді Тоғызбаев, аудандық сот төрағасы Алтынбек Құспанов және ауыл тұрғындары қатысты.
ҚР Сот әкімшілігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Мәлік Кенжалиев жергілікті тұрғындар даулы мәселелерді шешу кезінде сабылып жүрмес үшін жасалып жатқан игі бастама екендігін атап өтті.
– ҚР Президентінің 2022 жылғы 2 маусымдағы Жарлығымен Ақжайық ауылындағы Теректі аудандық №2 соты таратылған болатын. Сондықтан да қарапайым халық күз, қыс кездерінде аудан орталығына барып жүрмес үшін ҚР Сот әкімшілігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департамент бастамасымен Ақжайық ауылындағы ауылдық әкімдік ғимаратында сот залын ашып отырмыз. Ауыл әкімдерімен бірлесіп, осы бөлмені ретке келтірдік. Сот елдегі тыныштықты сақтауға мүдделі болуы керек. Сот залы аудан орталығынан шалғайдағы ауылдардың тұрғындары үшін сот отырыстарын өткізуге арналған. Аңқаты, Ақсоғым, Шағатай, Шалқар сияқты шалғай ауылдық округтердің тұрғындары өз құқықтарын қорғау үшін сот залына жүгіне алады. Сонымен қатар кіріс және шығыс хат-хабарларды тіркеу, халықпен жұмыс істеу, сот отырысының қызметін жүзеге асыру жүктелген бас маман бекітілді. Зал сот отырыстарын жазуға арналған аудио-бейнежазба жүйесімен жабдықталған, – дейді кабинет ішін тұрғындарға таныстырған Мәлік Сәбитұлы.
ҚР Сот әкімшілігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Мәлік Кенжалиев пен ақын Ақұштап Бақтыгереева салтанатты түрде сот залының лентасын қиды.
Туған жерінің тұрғындарымен жүздескен ақын Ақұштап Бақтыгереева ауылды өркендету, тұрғындар арасындағы татулық, достық, береке-бірлік туралы әңгімелеп, өзі өсіп-өнген елдің тек қуанышын көргісі келетінін жасырмады.
– Сот залы болғаны жақсы, бірақ оған соттасып келетін жандар аз болсын. Ауылдың әрбір тұрғыны – менің бауырым. Сол бауырларым бір-бірімен қырық пышақ боп жүрмесе екен, - деген ақжарма тілегін білдірді.
Айта кетейік, дәл осындай сот залы республикада пилоттық жоба бойынша Казталов ауданы, Жалпақтал ауылы мен Теректі ауданындағы Ақжайық ауылында ғана ашылған.
Гүлжамал Жолдығали,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz