9.01.2026, 17:45
Оқылды: 17

Спорт деген  бір  сиқыр...

Ауыл баласы  мен  қала  баласының  спортпен  шұғылдану  мүмкіндіктері  тең  бе?Салауатты  өмір  салты  жыл  өткен  сайын  адам  өмірінің  ажырамас  бір  бөлігіне  айналып  келеді. Спорт – соның  тірегі.  Елдегі  балалардың  шынығып,  шымыр  болуын  қалайтынымызды  жасыра  алмаймыз.  Бірақ  сол  арманға жетер мүмкіндік  әр  балаға  бірдей  бұйыруда  ма?..

qPae3A7t

Жасыратыны жоқ, қай бала болсын, спортқа келгенде алдымен шемпион болуды ойлайды. Біреулер жеңіске еңбекпен жетеді, екіншісіне мүмкіндік керек. Ал мүмкін-дік дегеніміз – күрмеуі көп дүние. Кей адамдар мүмкіндік – спорт залдарының қолжетімділігі десе, енді біреулер үшін мықты жаттықтырушы болғаны дұрыс. Ел ішінде «Шемпиондар ауылдан шығады» деген сөз жиі айтылады. Дұрыс-ақ, Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ибраимов, Елдос Сметов – бәрі ауылда туып,
қазақ спортының көкжиегін кеңейткен азаматтар. Бірақ сол алыптар ауылда жүріп-ақ, Олимп шыңын бағындырды ма? Жоқ, олардың спорттық жолы қалада жалғасты. Осы жерде «Ауыл мен қала баласының спортпен айналысу мүмкіндігі тең бе?» деген заңды сұрақ туады. Жауабы да әрқилы. Мәселен, қалада спортқа құштар балаға есік ашық. Зал да бар, стадион да бар, бассейн де, бапкер де табылады. Қаланың баласы гимнастикаға барам десе де, семсерлесем десе де, жанын ұға алған ата-анасы «Жарайсың!» дейді. Ал турнир мен жарыс қалада аптасына бір өтеді. Ол жерде жеткіншек мол тәжірибе жинайды. Ал ауыл ше? Ауылдағы спорт дегеніміз доп тепкен, асық атқан, темірден штанга құрастырып, арықтың жағасында жүгірген баланың еншісінде. Зал болса жақсы, жоқ болса, амал да жоқ. Бапкер табу бөлек әңгіме. Қаладағы спорт мектеп интернатына түсуге мүмкіндік туып жатса, ештеңеге қарамай көшеді. Бала қалаға қоныс аударған соң да ата-анаға оңай емес. Жолақысы бар, жатақ жайы бар, үйренісу бар. Шыңғырлаудың Алмазынан облыс орталығындағы спорт интернатына түскен жеткіншек қала өміріне үйренісе алмай, амалсыз ауылға қайтқанын көз көрді. Сондай ыңғайсыздық кесірінен жарқырай алмай, тасада қалған талант қаншама? Бұл бір ғана мысал. Одан басқа да біз білмейтін қаншама мысал бар. Облыс аумағында балалар мен жасөспірімдерге арналған 22 спорт мектебі жұмыс істейді. Соның 13-і – аудан-ауылда. 9-ы – қалада. Ауыл мектебінде 5 303 бала жаттығып жүр. Қалада – 8 967. Бұған Оралдағы жеке меншік футбол мектептері мен спорт үйірмелерін қоссақ, айырмашылық тіпті айқындала  түседі.

scale_1200

Әрине, ауылда спорт жоқ деу шындыққа қиянат. Баланың қолы допқа, табаны боз кілемге тимей жүрген заман емес. Ауылдағы ағайын баласын күреске де, боксқа да, волейболға да жетелеп апарады. Облыстық спорт басқармасының берген мәліметіне қарасақ, аудан мен ауылдағы спорт мектептері тәп-тәуір жұмыс істеп тұр. Бокс, баскетбол, еркін күрес, грек-рим күресі, волейбол, дзюдо, футбол, үстел теннисі, ауыр және жеңіл атлетика, шаңғы жарысы бәрі бар. Ұлттық рух ше? Оған да орын бар. Қазақ күресі мен тоғызқұмалақ, асық ату мен көкпар, теңге ілу мен бәйге,жамбы ату мен аударыспақ бәрі ауыл топырағында тамырын тереңге жіберіп келеді. Ұлттық жекпе-жек пен дәстүрлі садақ ату да ескерусіз емес. Жаттықтырушылар жайы ше? Аудан мектептерінде 381 бапкер еңбек етіп жүр. Бұл аз емес. Әрқайсысы баланың жүгірісінен үміт іздеп, жұдырығынан жарқыл күтіп жүрген азаматтар. Әрқайсысы шәкіртінің техникасын түзеп, жарыс болса, жанына серік болып, бірге шапқылап жүреді.

Көргеніміздей, олимпиадалық, ұлттық спорт түріне ынтыққан бала ауылда жүріп-ақ жаттығу жасай алады. Ол көңілге демеу. Бірақ қысқы спорт түрлеріне қызыққан бала қайтпек? Қала баласы қаласа, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, хоккей, биатлон, допты хоккеймен айналыса алады. Ал ауыл баласы үшін қыс деген – қора тазалау, отын жару, су тасу. Әрине, бұл да еңбек, бұл да шынығу. Бірақ біз әңгіме етіп отырған спорт, үлкен аренаға бастайтын жол. Бір сәт облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұсынған сандарға үңілейік. Жуырда ғана өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында сөз сөйлеген басқарма басшысы Бақдәулет Сәбитов облыста қысқы спорт түрлері қарқын алып келе жатқанын айтты. Қуантатын дерек. Өңірдің бас спортшысы шорт-трекпен – 115, мәнерлеп сырғанаумен – 53, шайбалы хоккеймен – 96, допты хоккеймен – 131, шаңғы спортымен 73 бала айналысатынын айтты. Ал осыдан бірер жыл бұрын ашылған Бөрлідегі биатлон спортымен жаттығатын балалардың нақты саны көрсетілмеді. Қысқы спортта да жетістігіміз жетерлік. Ол да көңілге медеу. Бірақ көрсетілген алты спорт түрінің тек біреуі аудандарда бар. Ол – шаңғы жарысы. Қалғанының бәрі облыс орталығындағы балаларға ғана бұйырған.

Ауылдағы ағайынның ұлы да, қызы да спорттан алшақ деп айта алмаймыз. Бірақ, мәселе «бар» мен «таңдау бар» дегеннің аражігінде болып тұр. Ауылда спорт бар. Бар болғанда, ең қарапайым түрлері. Шаңғы жарысы, футбол, күрес бар. Онымен шұғылданушылар да жетеді. Ал қыз бала қызығатын көркем гимнастика қайда? Спорттық бидің залы қайда? Секіріп-төңкеріліп жүретін акробатика қайда?

2b9439dc-b0b0-513f-a63d-6ac8a63adda3

Қалаға іргелес ауылдағы кейбір ата-аналар көркем гимнастикамен шұғылданам деген қызын көлікке салып, облыс орталығына алып келіп жүр. Бұл да бір амал. Бірақ алыстағы ауылдың қызын кім тасиды? Өңірдегі кей аудандардан Оралға жету үшін бір күніңді сарп етесің.

Аптаның 4 күнінде қызын облыс орталығындағы гимнастика мектебіне таситын переметныйлық Альбина Суханова.

– Екі жылдан бері қызым көркем гимнастикамен айналысады. Алғашында сенбі, жексенбі күндері келіп жүрдік. Бір жылдан бері ортаншы топқа ауысқан қызымды аптаның 4 күнінде 40 шақырым жердегі Орал қаласындағы залға тасимыз. Көбіне Оралда жұмыс істейтін әкесі алып барады. Каникул кезінде оңайырақ болған. Қызым екеуміз қалада болдық. Ал мектеп басталған шақта әкесі таңмен жұмысқа кетеді. Түс қайта ауылға келіп, қызын жаттығуға алып барды. Жаздыгүні жақсы. Ал қыста үйге қараңғы түскенде бір келіп жатады. Бірақ қызымыздың қалауы спорт болған соң көнеміз, – дейді Альбина.

Былай қарасаң, спортпен айналысу мүмкіндігі бәрінде бірдей. Бірақ таңдау мүмкіндігі жоқтың қасы. Таңдау болса, неге қыз бала тек шаңғы теуіп, доп қуалап, боз кілемде алысып жүруі керек? Неге ол да залға кіріп, әдемі қимыл мен нәзік иілу шеберлігін шыңдамайды? Ауыл баласының да арманы асқақ. Бірақ сол арманына апарар жол кейде тапшы, кейде шоқалақ.  Ауылдарда дамып жатқан жоғарыдағы спорт түрлеріне қызықпаған ұл-қыздар қай спортты таңдай алады? Міне, мәселе осында болып тұр.

Сондықтан, ауылдағы спорт дегенде тек доп пен шаңғы емес, таңдау еркіндігін де ойлау керек.

Шешу жолы бар ма? Әрине, бар. Бірақ ол көп қаражат пен ұзақ уақытты талап етеді. Жақында ғана облыстық басылымдардың біріне берген сұхбатында дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов былтыр өңірде 15 спорт нысаны пайдалануға берілетінін айтты. Қуанасың. Бірақ олар жеткілікті ме?

– Ақжайық ауданына қарасты Есенсай ауылында салынған спорт кешені ғана мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылды. Қалған нысандар демеушілердің арқасында салынуда. «ҚПО б. в.»
компаниясы, «Самұрық-Қазына Траст» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және «Freedom Finance» АҚ демеушілік жасап отыр, – деді Бақдәулет Маратұлы.

Одан бөлек, «Қазақстан халқына» және «Батыр боламын» қорлары тізе қосып, Ақжайық ауданында екі ангар салып, 10 ауылдағы спорт нысандарын жаңғыртпақ. Бұл сол ауылдардың баласы енді сыныптан шығып, алаңсыз жаттыға алатындай мүмкіндікке ие болады деген сөз. Әрине, мұның бәрі үлкен жұмыс. Бірақ ол жеткілікті ме? Облыста 147 ауылдық округ, 413 елді мекен бар. Мектеп жасындағы бала саны – 126 000. Соның 14 мыңға жуығы ғана спортпен шұғылданады. Бұл төрт баланың біреуі ғана. Иә, бәрі спортшы болуы шарт емес. Бірақ спортпен шұғылданамын дегенге есік ашық, мүмкіндік бірдей болғаны жақсы. Ал кей ауылдарда доп тебетін тегіс алаң мен белдесетін кілем, жаттығатын спорт зал да жоқ. Бүгінгінің шындығы сол. Мұны жасыруға болмайды. Облыстағы он екі ауданның шамамен алпыс ауылында спорт нысаны жоқ. Жоқтың қасы деуге де келмейді. Ал бар дегеніміз, әйтеуір, бар. Бірақ заман талабына сай келе ме? Келмейді. Тұрғындардың қажетін өтей ме? Өтемейді.

– Кез келген елді мекенге спорт нысанын беталды салып тастау ойда жоқ. Әуелі ауылдың спорттағы белсенділігіне, халқының санына, сұранысына қараймыз. Содан кейін барып нақты шешім қабылдаймыз, – деді басылымдарға берген сұхбатында Бақдәулет Сәбитов.

Міне, осының айғағы – Қазталов ауданына қарасты Көктерек ауылы. Бұл ауылда арқан тартудан алдына жан салмайтын жастар бар. Қарапайым арқанға жармасқан жігіттерге арнап көлемі 12/50 болатын спорт ангарын салу жоспары жасалып отыр. Қажетті қаражат есептелді, құжат әзір. Егер жоспар жүзеге асса, арқанмен аты шыққан Көктерек жастары алаңда күресіп, татамиде тайталасып, залда жаттығатын күнге жетеді. Бөкей ордасы ауданы да бұл бастамадан шет қалған жоқ. Бисен ауылы – шекара түбінде жатқан жайбарақат ел. Бірақ сол жайбарақаттықтың ішінде күре тамырдай бүлкілдеген жас күш, жас үміт бар. Жергілікті билік бұл ауылға спорт нысанын салуға жер телімін белгілеп қойыпты. Енді ойдағыны қолға түсірсе, ауылдағы баланың алаңсыз жаттығуына мүмкіндік туады.

Бәрі бір күнде бола қоймас. Бірақ жұмыс біртіндеп істеліп жатыр. Қажеттілік толық өтеле де қоймайды. Бірақ мұны да ілгерілеу деп ұғайық. 147 округ пен 413 ауылға спорт нысанын бірден салу мемлекет бюджеті үшін де мүмкін емес. Ал кез келген демеуші ондай жомарттық жасай қоймайды.

Сонымен, ауыл мен қала баласының спортпен шұғылдану мүмкіндігі бүгінде бірдей ме? Жоғарыда көрсетілген ауылда да, қалада да дамытылып жатқан олимпиадалық, ұлттық спорт түрлерінде мүмкіндік бірдей. Бірақ қысқы спорт түрлері ауылдарда мүлде жоқ. Қыздар айналысатын көркем гимнастика ауылда атымен жоқ. Бір жылда салынған 15 спорт нысаны мен бірді-екілі ауылда бой көтеретін ангарлар мектеп жасындағы 126 мың баланың барлығына қолжетімді бола қоймасы анық. Бірақ дәл қазір осыған да қанағат етуден басқа амал жоқ.

Төрт жылда бір өтетін «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарында өңір командасы тарихи нәтиже тіркеп, үздік үштікке енді. Ауыл балаларының ІV қысқы спорт ойындарында облыс спортшылары үздік бестікке кірді. Бұл – облыс ауылдарында да қажетті жағдайын жасасаң, топ жарып шығатындай әлеуеті жоғары спортшылардың өсіп келе жатқанының көрінісі. Ендеше, алдағы үлкен додаларда, төрт жылдан соң қайта келетін ауыл ойындарында осы биігімізде қалғымыз келсе, ауыл спортына, ауылдағы жастар алаңсыз жаттығатын жағдай  жасаған  абзал.

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале