П.Атоян атындағы стадионда Спорт күніне байланысты мерекелік шара өтті. Спортшылар қауымын облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов құттықтады.
– Екі жылға жуық карантиндік шаралар аясында өмір сүрсек те, спортшыларымыз жаттығуын тоқтатқан жоқ. Індетке қарсы күрестің бірі – денсаулықты күтіп ұстау, саламатты өмір салтына берік болу, спортпен шұғылдану. Соның жарқын үлгісін қоғамға көрсетіп келесіздер. Облысымыздағы спортшылардың жағдайы – басты назарда. Әр ауданда спорт кешені салынуда. Қазақстанның көк байрағын желбірететін спортшылар екені анық. Сондықтар сіздердің беделдеріңіз – біз үшін зор абырой, мақтаныш, – деді Бақытжан Нарымбетов.
Спорт саласында жарқын жетістікке жеткен мамандарға, жаттықтырушыларға, спорт ардагерлеріне, халықаралық және республикалық жарыс жүлдегерлеріне, облыс әкімдігі, Орал қаласының әкімдігі, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі атынан алғысхаттар мен құрмет грамоталары салтанатты түрде табысталды. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияровтың айтуынша, өңірдегі спортшылар спорттың 84 түрімен жаттығады.
– Карантиндік шектеулерге байланысты оқу-жаттығу жоспардағы межеден кешігіп жатыр. Соған қарамастан, спорттағы жетістіктеріміз аз емес. Биыл боксшы Даниял Сабитов Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. ҚР волейбол чемпионатында батысқазақстандық қыздар құрамасының жеңімпаз болуы, үстел теннисінен өткен ел біріншілігінде облыс командасының «алтын» алуы – жергілікті спортшылар үшін тұңғыш жетістік. Бұқаралық спортты дамытуға зор көңіл бөлудеміз. Облыс бойынша таңғы және кешкі уақытта ашық алаңдарға тұрғындарды шақырып, тыныс алу жаттығуларын ұйымдастырудамыз. Барлық спорттық іс-шара карантин талаптарына сай өтуде. Вакницация жөнінен спортшыларымыз көпшіліктен көш ілгері, – деді басқарма басшысы.
Нұртай Текебай,
zhaikpress.kz